«100 жаңа есім»: АҚШ хоккей клубындағы қазақстандық бапкер жеңімпаз атанды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұлбұл Қартанбай 13 жасынан бастап хоккеймен айналыса бастады. Ол бүгінгі күні АҚШ хоккей клубының жаттықтырушысы. Бүгінгі күні спортшы жобаның жеңімпазы атанды.
Осыған дейін «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының мәдениет және спорт номинациясына суретші Оспан Әли қазақстандық жас спортшы, хоккей жаттықтырушысы Бұлбұл Қартанбайды ұсынғаны туралы жазған болатынбыз.
Айта кетейік, Бұлбұл Қартанбаева әйелдер арасындағы Ұлттық хоккей лигасында (NWHL) ойнаған тұңғыш қазақстандық хоккейші.
Қазақстандық хоккей шабуылшысы, қазіргі уақытта кәсіби әйелдер хоккейшілері қауымдастығының мүшесі және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.
Одан бөлек, жас спортшы Қазақстанның жастар құрама командасында, ҚР құрама командасында өнер көрсеткен. Сондай-ақ мектептің «Жұлдыз» командасында, Еуропада өнер көрсететін «Айсұлу» клубында ойнап, Канадада және Америкада Metropolitan Riveters командаларында ойын көрсеткен.
Бұлбұл Жамбыл облысы, Луговой ауданы Көгершін ауылында дүниеге келген.
Baq.kz-ке берген сұхбатында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына өзін ұсынып, сенім білдіргендерге алғысын айтып, Қазақстанның атын әлемге танысу өзі үшін мәртебе екенін айтты.
Айта кетейік, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жоба 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Осылайша жоба жыл сайын жалғасын тауып келеді.
Жобаға елде және елден тыс жерлерде тұратын қазақстандықтар қатыса алады. Қатысушылардың өтінімдері келесі 7 номинация бойынша іріктеледі: медицина, білім беру, ғылым және инновация, экология, мәдениет және спорт, бизнес, қоғам.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарымен кездесті. Президент жобаның жеңімпаздарын құттықтап, олардың өз дарынымен көпшілікті мойындата білгенін, мемлекетімізді өркендетуге айырықша үлес қосып келе жатқанын айтты.