100 теңге төлемесе, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр: Депутат халықты қанап отырғандар жайлы айтты
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы ақылы тұрақтар мен қауіпсіздікті бақылауды білмейтін бейнебақылау камералары жайлы мәселені көтеріп, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сол ақылы тұрақтардан алынатын ақшада жекеменшік компанияның үлкен үлесі бар. Әр сағаты 100 теңге. Демалыс немесе мереке күндері тегін деген жеңілдікті де алып тастаған. Ақылы автотұрақтардың ақысын төлемесең, айыппұл салады, сомасы – 10 000 теңгеден асады. Яғни азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл дегеніміз 100 есе көп. Ең сорақысы, 2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген ақшаның 95 пайызы жеке серіктеске, тек 5 пайызы мемлекетке түсіп келген. Ресми сандарға назар салсақ, 2021 жылы Астанадағы ақылы автотұрақтарға азаматтарымыз 90 994 105 теңге төлеген, 2022 жылы 152 466 542 теңге төлеген. Мұның қаншасы мемлекетке түскенін есептеу қиынға соқпайды. Бұл халықты қанау емес пе?! – дейді мәжілісмен.
Аралбайұлының сөзіне қарағанда, 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда Астандағы ақылы автотұрақтың ақысын төлемегені үшін азаматтарымызға 5 839 114 176 теңге айыппұл салынған.
Халық төлемеймін демейді, аумағы ат шаптырым автотұрақтардың бір бұрышына ғана қойылған тақтайшаны көру мүмкін болмағандықтан төлемей кетеді. Қалай десек те, автокөлік мінген халықты ақылы автотұрақ арқылы қанау үлкен қателік. Бейнебақылау камераларына қатысты да жағдай ағайынды әбден ашындырып отыр. Бір ғана Астана қаласында 13 000 камера бар екен. Солар арқылы салынған айыппұл да айғайлап тұр. 2017 жылдан 2024 жылдың бірінші жарты жылдығын қоса алғанда бейнебақылау камералары арқылы халыққа 45,3 миллиард теңге айыппұл салынған. Соның 26,5 миллиард теңгесі жеке ЖШС-ның қалтасына кеткен. Халықтың қалтасындағы қаржыны опырып алу, оның бір бөлігін жеке компанияларға беру заңды ма? – деді Нартай Аралбайұлы.
Депутат мынадай ұсыныстар жасады:
1. Ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудардарда ғана қалдырып, қалғанын қысқарту керек. Тұрғын үйлер мен саябақтардың аумағында ақылы тұрақ болмауы қажет.
2. Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру керек. Оған дейін мемлекет пен жекеменшік сектордың серіктестігі туралы шарттардың талаптарын қайта қарап, жекеменшік компанияға тұрақ аумағын күтіп ұстау, жолын жөндеу қызметін жүктеу қажет.
3. Ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемі 30 минутқа жеткізу керек.
4. Бейнебақылау камералары арқылы салынатын айыппұлдарды кемі 2 есе азайту керек.
6. Бейнебақылау камераларын қоятын, бақылайтын мемлекеттік оператор құру керек. Оған дейін мемлекет пен жеке меншік секторының серіктестігі туралы қазіргі шартты қайта қарау керек.
Еске салсақ, бұған дейін Нартай Аралбайұлы жастарға патриоттық акциялар, концерттер мен кездесулер қызық емес екенін айтқан болатын.