Биыл 100 адамды қызметке тағайындауды жоспарлап отырмыз – президент
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кірген 100 адам қызметке тағайындалады. Бұл туралы Ақордада өткен жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Биыл резервтегі 100 адамды қызметке тағайындауды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылдарда кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдаланамыз. Әрине, араларыңыздан бизнес саласында зор жетістікке жеткендер шығып жатса, құба-құп болар еді. Осы ретте, ел дамуына пайдасы тиетін бастамаларды қолға алған жөн. Бірақ біздің мақсатымыз сіздерді лауазымды қызметке тағайындау ғана деп ойламаңыздар, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл – елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба деп отыр.
Басты міндет – талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру. Ең бастысы – туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек, - дейді президент.Еске салсақ, бүгін Қазақстанның мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада президенттік жастар кадрлық резервіне өткендермен кездесті. Президент қоғам өкілдері биліктің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болатынын айтты. Ол жиында қазақтың тұңғыш премьер-министрі саналатын, "Алашорда" үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның қанатты тіркеске айналып кеткен сөзін мысалға келтірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың "кемел адам" тұжырымы мемлекеттің барлық саласында негізгі тұғырға айналуы тиіс екенін айтты.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіндегі "командамен ауысу" проблемасы туралы да сөз етті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы