10 мың доллар талап етеді: «Алтын үшбұрыш» аталып кеткен еңбек құлдығы туралы не белгілі?

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Тайланд пен Мьянма елдеріндегі «алтын үшбұрыш» аталып кеткен еңбек құлдығы туралы мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2022 жылғы маусым айының соңынан бері «алтын үшбұрыш» деп аталатын Оңтүстік Шығыс Азия аумағында (Мьянма, Лаос және Тайланд) қазақстандықтардың еңбек құлдығында болу жағдайларының жиіленуі туралы атап өткен жөн. Алдын-ала сөз байласқан халықаралық қылмыстық топтар, көбінесе үшінші тарап арқылы және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер (Telegram, Instagram, Facebook, WhatsApp және т.б.) арқылы Қазақстан азаматтарын Таиланд аумағында орналасқан компанияларға жұмысқа шақырады. Таиландқа келгеннен соң түрлі желеу айтылып, азаматтар алаяқтық жолмен Мьянма аумағына жеткізіледі (өздерін «криптовалюта компаниялары» деп таныстырады). Оны кейін түсінген отандастарымыз қайта елге оралуға ниет білдірген жағдайда, компания олардан 5-10 мың доллар төлеуді талап етеді (жол ақысы, шекарадан өткізу шығындары және т.б.). Осыған байланысты, мұндай соманың болмауына орай, қазақстандықтар қытайлық компанияларда жұмыс істеуге мәжбүр болады, - деп атап өтті Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі. 

Мәлім болғандай, жәбірленушілер Еуропа мен Америка азаматтарынан алаяқтық жолымен ақша шығаруға машықтанған қылмыстық компанияларға көбінесе аудармашы немесе клиенттермен жұмыс істеуге жұмыс орнына қабылданады.

Жұмыстан бас тартқан жағдайда, азаматтарды басқа ұқсас қылмыстық компанияларға 5-7 мың долларға сатып жібереді. Бұған қоса, зорлық-зомбылықпен, психикалық қысым, тамақ бермеу сынды әдістермен қорқытады. Қазақстанның Тайланд және Вьетнамдағы елшіліктері осы мәселені толық шешу мақсатында Тайландтың, Лаостың және Мьянманың құқық қорғау органдарымен және сыртқы саяси ведомстволарымен тұрақты байланыста. Сондай-ақ бұл процеске Тайландтағы халықаралық үкіметтік емес ұйым да жұмылдырылған, - деді Айбек Смадияров. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы