«Қырғызстан Беларусь емес». Бішкектегі толқу жайлы саясаттанушылар не дейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жексенбіде Қырғызстандағы парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген оппозициялық партиялар 5 қазанда Бішкектің орталық Ала-Тоо алаңында наразылық митингісін өткізді.

   Қырғызстанда мұндай толқулар, нақтырақ айтқанда, бұған дейін екі рет революция болған. Ең алғаш 2005 жылдың 24 наурызында Қырғызстан оппозициясы президент Асқар Ақаевты биліктен тайдырды. Ал бес жылдан кейін - 2010 жылдың сәуіріндегі жаппай наразылық акциясы нәтижесінде елдің екінші президенті Құрманбек Бәкиев те революция арқылы биліктен қуылды. Бұл жолғы толқудың соңы немен аяқталатынын уақыт көрсетер. Әзірге саясаттанушылардың пікірін назар аударсақ. 


Елдегі белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев өзінің Telegram парақшасында Қырғызстанды Беларусьпен салыстыруға келмейтінін жазған. Өйткені екі айға жуық көшеге шығып, талаптарын орындата алмаған беларусьтармен салыстырғанда қырғыздар батыл әрекетке бірден кіріседі.

Жақында жазған постарымның бірінде Қырғызстан 2005 жылдан бері өзінің автоитарлық көршілерінің қасында «ақ қарға» екенін айтқанмын. Бұл ел саяси зертхана ретінде үнемі қандай да бір саяси эксперименттер жүргізеді, олардың нәтижелерін болжау мүмкін емес. Бірақ өте қызық. Өйткені кішентай ғана мемлекет Орталық Азияда алғаш болып осындай әрекеттер жасап жатыр. Екі революцияға куә болдық. Бірнеше президент елден қашып кетті. Аймақта алғаш болып, күшті президенттік жүйенің төңірегінде парламенттік республика құруға талпынып жатқаны тағы бар. Енді, міне, тағы бір прецедент. Парламенттік сайлаудан кейінгі жаппай наразылықтар нәтижесінде бұрынғы президент А. Атамбаевты түрмеден босатты. Осыдан-ақ Қырғызстанның Беларусь емес екенін байқауға болады. Тек қауіпсіздік күштеріне немесе олигархтарға сүйене отырып, билікте отыру қиын. Одан бөлек, бұл елдегі көп жылдық әлеуметтік-экономикалық проблемаларға, сыбайлас жемқорлық пен шаршауға коронавирустық індеттен кейінгі экономикалық дағдарыс қосылды. Халық саяси ойындардан шаршаған, - деп жазды Досым Сәтпаев.

    Ал бизнесмен, қазіргі кезде Украинада тұрып жатқан Марғұлан Сейсембайдың ойы мүлдем бөлек.

    Сонымен, ескі билік құлады. Қырғыздар өте жылдам түрде әділдікті қайтарып, сайлау нәтижелерін бұрмалағаны үшін биліктің тез арада жазасын берді. Не айтуға болады? Жақсы жағы да бар, кесірі де бар.Жақсы жағы дейтінім – билік толықтай халықтың қолында және жаңа президентің еш уақытта елге қарсы шығуға дәті бармайды. Қырғыздар диктатураға тағы да қарсы тұрды. Бұдан әрі Қырғызстанда диктатура ешқашан болмайды деген сенім бар. Екінші жағынан биліктің жиі ауысуы заң мен билікке деген құрметті әлсіретеді. Яғни, елді басқару мен кез келген оң бағыттағы экономикалық реформаларды жүргізу одан сайын қиындай түседі, ал бұл өз кезегінде, аса көлемді тиімсіздік пен экономиканың құлдырауына әкеліп соғады. Саясатта популизм үстемдік ететін болады. Саясаткерлердің қайсыбірі болашаққа ұзақмерзімді жоспар жасайды дейсіз. Дегенмен, басқа қырынан қарайтын болсақ, еркіндік пен әділдік ең ұзақмерзімді құндылықтар емес пе?, - дейді Марғұлан Сейсембай.

    Саясаттанушы Расул Жұмаұлы айыр қалпақты көршіміздің бұл әрекетін демократияға жатқыза алмаймын деп отыр. Ол Қырғыз елінде орын алған қасіретті ахуалды демократиядан гөрі охлократияға жақын деуге болады дейді. 

    Уикипедияда «Охлократия» (гр. ochlos – тобыр, қара бұқара, kratos – билік) – билік жауапсыз популистердің, демагогтардың қолында шоғырланатын, саяси экстремизм түрінде, тобырдың деструктивті әрекеттерінде, үкіметке, парламентке ультиматум қоюдан, мемлекеттік мекемелерді басып алу, өрт қою, тонау және диверсиямен байланысты санасыз акциялардан көрініс табатын демократияның шектен тыс тұрпайы түрі деп жазылған. Әр істі байыппен шешу керек, шаш ал десе бас алмай. 2005, 2010 жылы Қырғызда дәл осылай болып еді - не шықты? Аянышты, - дейді Расул Жұмаұлы.

    Жас саясаттанушы Бауыржан Серікбаев президентті жиі ауыстыра беру де қиын жағдай. Онсыз да мемлекет басшысы бір реттік мерзімге ғана сайланатын жүйе бар. Екінші рет сайлауға түсе алмайды деп отыр.

    Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы билікке келгенде бәрі мақтады. Арада 3 жыл өтті. Бәрі даттап жатыр. 3 жыл! Осы уақытқа дейінгі бүкіл өмірлік карьерасы, қанша жүйке құртқан күреске толы өмірі 3 жылда тас-талқан болды. Кешегі мақтағандар бүгін даттады.Былай қарасаң экономикасы кері кеткен елде, бірін-бірі тыңдамай, айтысып-тартысқан жерде 3 жылда екінші Сингапур жасай алар ма еді? Әрине жоқ! Енді бір 3 жыл шыдаса өзі де кетер еді. Конституция бойынша екінші рет сайлауға түсе алмайды. Бірақ тез кеткенін қалады халық. Не дейміз енді. демократия! Мүмкін президенттерді 3 жылға сайлау керек?.. Тез-тез ауысса төңкеріс болмайды, - дейді саясаттанушы Бауыржан Серікбаев.
Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали Facebook парақшасында былай деп пікір білдірген:
Шынымды айтсам маған бұл өзгерістер демократияға қарағанда анархияны елестетеді. Шығып, ойды, пікірді білдіру маңызды. Әр адамның құқығы. Бірақ мемлекеттік органдарды өртеп жіберу неге керек? Оның үстіне мен қателесетін сияқтымын, бірақ Қырғыз елінде солтүстік пен оңтүстік бөлінісі қатты сияқты. Бакиев кезінде де солай бөлініп еді, кешегі сайлауда да солтүстік аймақтардың партиялары аз дауыс алған дегенді естідім. Яғни аймақтық қақтығыс бар сияқты көрінеді. Рулық бөлінушілік те айтарлықтай жоғары дегенді жиі естиміз. Егер рас солай болса, онда ол жаман. Қандай басшы келсе де, талас-тартыс аймақтық, рулық негізде бола бермек. Өкінішке қарай, қырғыз бауырларымызда да жемқорлық, парақорлық үлкен. 2020 жылы жемқорлық бойынша рейтингте Қазақстан 113 орынды, Қырғызстан 126 орынды алған. Ал ТМД елдерінде Грузия 44 орынды алып, лидер болған. Яғни оларда революциядан кейін нақты қадамдар болғанын көруге болады, - дейді Асхат Қасенғали.

Оның айтуынша, басқа басшы келсе де миллиондаған қырғыздың жағдайы жақсарып кетуі мүмкін емес.

 Атамбаевты «елден кетпеді, түрмеде отырды» деп қайта таққа жайғастырса да, оған тарих бір мәрте президенттікті берді. Ол өзінің қабілетін көрсетті. Қырғызстанға шынайы реформатор керек сияқты. Елді өзгертетін. Әйтпесе бітпейтін революциядан кейін шынайы реформа болмаса, аймақтық қайшылықтарды жоймаса бәрі бос. Кландардың саяси тартысы бола береді. Бір клан екіншісін таптайды, ал қарапайым халық жұмыссыз қиналып, Ресейге баруға мәжбүр бола бермек. Әр нақты қадамы жоқ революциядан кейін Қырғызстан экономикасы 10-15 жылға артқа кетіп жатқан секілді, - дейді саясаттанушы.

Айта кетейік, кеше түнде көшеге шыққан адамдар Бішкектегі президенттің резиденциясы «Ақ үйге» кіріп алды. Ішін қиратып, ресми қағаздың бәрін далаға лақтырды. Компьютерлік техника ұрлау фактілері де болды. Ал түнде біреулер төртінші қабаттағы кабинетке өрт қойды. Тілсіз жау басқа кабинеттерге тез тарап кеткен.


Сонымен қатар Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) ғимаратының тергеу абақтысында қамауда отырған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты қамаудан босатты. Бостандыққа шыққан жалғыз Атамбаев емес, бұрынғы премьер-министр Сапар Исақов та бар.

Бүгін таңертең Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева  президент  Сооронбай Жээнбековтің Бішкекте екенін айтты. Кейін Жээнбековтің өзі мәлімдеме жасады. Ол туралы мында толығырақ жазылған.

    Ал Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыста 590 адам зардап шеккен. Оның 150-і ауруханаға жатқызылса, 13-і жансақтау бөліміне жатқызылды.Бір адам қайтыс болған.

 Бұл ретте Қазақстан билігі Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыру елдің конституциясы мен заңдарына сәйкес жүзеге асырылады деп үміттенеді. Президент Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мәлімдемесінен осыны ұқтық.

    Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар – сол елдің ішкі мәселесі. Қазақстанда бауырлас Қырғызстанмен өзара дәстүрлі достық қатынастарды және стратегиялық серіктестікті нығайту аса маңызды деп санайды. Сонымен қатар көршілес елдегі ахуалды тұрақтандыру ісі Қырғызстанның конституциясы мен заңдарына сәйкес жүзеге асырылады деп үміттенеді. Қырғыз халқы өз мемлекетінің ұзақ мерзімді мүддесі үшін күрделі жағдайдан шығудың тиімді жолын табады деп пайымдайды, - делінген желідегі Берік Уәли жарияланған жазбада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы