Атыраулық 11 жылдан бері жедел жәрдемде тегін қызмет етеді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық Арман Қасымов есімді азамат 11 жылдан бері жедел жәрдемде тегін қызмет етеді.  Ерікті бұл еңбегіне ақы алмайды. 

Сөйтіп жүріп ол дәрігерлік қызметтің барлық қыр-сырын меңгерген.


Ол облыстық жедел жәрдем стансасындағы тегін жұмысын 2008 жылы бастаған. Мұндай қадамға баруына өз басынан өткен жағдай себеп болған. Ауырып, жедел жәрдем шақырғанда, фельдшерлер ұзақ уақыт бойы келмеген. Оған қоса мұндай жағдай ел арасында жиі айтылатындықтан, жедел көмек көрсету стансасы мамандарының жұмысын өз көзімен көрмек болып шешіпті. Осылайша 11 жыл бойы бос уақытын фельдшерлерге көмектесумен өткізіп келеді.

Жалпы еріктілер туралы халық арасында түсінік жетіспейді. Сондықтан осыны насихаттау қажет деп ойлаймын. Бірде аяғы ауыр келіншекті перзентханаға әкеле жатқанбыз. Көлік көпірден көтеріле бергенде, әйелді жеткізе  алмайтындығымызға фельдшердің көзі жетті. Көпірден түсіп, көлікті тоқтатып, сол жерден келіншекті аман-есен босандырып алдық. Ананы бөпесімен бірге перзентханаға жеткіздік.  Кейін атыраулық бір тұрғын көпір астында тұрған жедел жәрдем көлігін фотоға түсіріп, әлеуметтік желіге "біз шақырсақ осылар келмейді, бірақ өздері көпір астында тығылып отыр" деп жазыпты. Міне, кейбір адамдар осылайша  дәрігерлерді қаралап жатыр. Ал  біз еріктілер ақ халаттылардың адал еңбегіне куәміз. Мен де осы жұмысқа келгенше олардың жұмысынан мүлде бейхабар болған едім, - дейді Арман Қасымов.


Арман алғашында дәрігерлердің қасында ұсақ-түйек жұмыстар жасаған. Көлікті тазалап, зембілді көтерісіп қана көмек берген. Жылдар өте ол медициналық көмек беруді де үйренген. Күні-түні дәрігерлердің қасында жүріп, түрлі оқиғаларды да басынан өткізген. Тіпті, кейде көшеден көріп алғыс білдіретіндер де бар екен. Ол бүгінде мұнай компаниясында вахталық негізде  жұмыс істейді. 15 күнгі бос уақытын ақ халаттыларға көмек көрсетумен өткізеді. Атырау облыстық жедел жәрдем стансасы мамандарының сөзінше еңбекақысыз жұмыс жасауға ниетті ерікті жастар көп екен. Бірақ бәрін бірдей қабылдай алмайтындарын айтады.


Біз еріктілермен міндетті түрде сұхбаттасамыз. Олардың медициналық білімнің болуы шарт емес, бірақ денсаулығының мықты болғаны абзал. Ынта-жігеріне де мән береміз. Мұндағы жұмыстар үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті қызметтік көлікке бәрін бірдей отырғызбаймыз. Жұмысты әркімнің қабілеті мен жасына қарай ұсынамыз, - дейді Атырау облыстық жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары Наргиз Баймолдаева.


Бүгінде Атыраудағы жедел жәрдем стансасында отыздан астам ерікті қызмет етеді. Олардың қатарында оқушылар, студенттер мен әртүрлі саланың қызметкерлері бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы