Хоббиін кәсіпке айналдырған бухгалтер

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң шымкенттік Сырлан Тəшімбетовті "құс өсіруші" деп таниды. 36 жастағы кəсіпкер бала күнінен құс асырайды. Ет, жұмыртқа, мамық беретін құстар емес, əнші құстар, əсем құстар өсіреді. Тауық, қаз-үйрек өсіретін кəсіпкерлерден ерекшелігі де осы.



Вольер

2019 жылға дейін құс өсіруді хоббиіне балап келген ол былтырдан бастап əуес ісін тұрақты кəсіпке айналдырды. Дəлірегі, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының жобаларына қатысты. Осы бағдарламаның "Бастау Бизнес" жобасы аясында кəсіп бастаудың қыр-сырына қанығып, 505 мың теңге грант жеңіп алды. Грант қаржысына əнші-əсем құстар санын көбейтіп, қажет жабдығын сатып алып, үйдегі кəсібінің негізін қалады.

Үйінде тотықұс, амадин, канарейканың түр-түрін өсіретін Сырлан құсшымен кездесіп, əнші-əсем құстар өсірудің қиындығы мен қызығын, қаншалықты табыс əкелетінін, алдағы жоспары қандай екенін білдік.

Алты жасымда базардан тотықұс алдық

Сырлан Тəшімбетов Шымкенттің жеке секторында тұрады. Отбасылы. Үш баланың əкесі. Мамандығы – бухгалтер. Кəсібі – əрі əнші əрі əсем құстар өсіріп, сату. Жер үйі, сотық жері, құс ұшыратын вольері бар. Вольердің маңызы неде екеніне кейінірек тоқталамыз. Əзірге Сырлан бұл кəсіпке қалай келді? Соны баяндайық. 

Хоббиімді бизнеске айналдырып жатырмын. Бастамама көңілім толады. Десе де, əр хоббидің, бизнестің бастауы болады. "Құс өсіру қалайша хоббиіңізге айналды" десек, соның жайын айта кетейін, - деген Сырлан Тəшімбетовтің алғаш рет құс сатып алуы сонау 90-жылдары басталыпты.


Тордағы құстар

Кішкентайымнан табиғатты жақсы көремін. Өсімдік, жан-жануар, əсіресе құстарға қатты қызығамын. 5-6 жасар кезім болуы керек. Əкеммен бірге Қырғы базарға бардық. Жаз мезгілі. Сол кезде базарда үш адам ғана тотықұс сататын. Бір орыс апаның құстарына қатты қызығып, тамсанып қарағаным бар. Тотықұсты алғаш көрдім. Оған дейін тек теледидардан көргенбіз. Баламын ғой. Əкеме жабысып, жылап жүріп, "тотықұс алып бер" деп қоймаған соң, əкем сатып алып берді. Тотықұсты сатып алып үйге əкелген соң қызық басталды. О кезде не интернет, не əлеуметтік желі, не ұялы телефон жоқ. Тотықұсты қалай өсіреміз, не жейді, жемін қайдан табамыз, қалай асыраймыз? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Қазір зоодүкендер көп қой, о кезде зоодүкендер де жоқ. Əке-шешемді ертіп, қайта базарға барамыз. Базардан жем əкеліп, береміз. Таусылып қалады. Жемін үйде қалай дайындайтынын білмейміз. Базардағы құс сатушылардан кеңес сұраймыз. Естігенімді үйге келіп жасаймын. Бидайды суға салып, көк шыққан соң, соны беру керек екен. Мен еккен бидай көгеріп кетеді. Көгеріп кеткен бидайды жесе, құс өліп қалады. Тағы сатып аламын. Ұшып кетеді, не өліп қалады. Сосын "обал қылмайын" деп құс өсіруді тоқтаттым. Солай-солай құс өсірудің талай қызығы мен шыжығын бала күнімнен бастан өткердім. Кейін тоқырау жылдары аяқталып, заман түзеліп, интернет пайда болды. Зоодүкендер көп ашылды. Кеңес алу, білмегенді сұрау оңай болды. Содан 10 жыл бұрын қайта бастадым. Əлі күнге жалғастырып келемін. Бертінге дейін тек хоббиім ретінде айналысып келдім. Соңғы 3-4 жылда тек қызығушылық емес, сату үшін өсіре бастадым. Қазір енді мемлекеттен қолдау алып, бизнеске айналдыру жолындамын, - дейді Сырлан.

Хобби кəсіпке айналса, қиындық аз туындайды

Сырланнан əсем-əнші құстар өсіру қиындығы мен қызығынан бұрын, 505 мың теңге грант қалай алғанын сұрадық.

"Құс бизнесін бастасам" деген арманым бар еді. Бір досым хабарласып, "Атамекен" ұлттық кəсіпкерлер палатасы "кəсіп ашам" дегендерге жақсы мүмкіндік беріп жатыр. Барып, құс өсіру жобаңды қорғап көрсейші" деді. Содан кейін палатаның үйлестірушілеріне хабарласып, 2019 жылдың күзінде "Бастау Бизнес" жобасына қабылдандым. Алмас деген жігіт оқытты. Түрлі-түрлі саланы: ешкі сүті, ешкі түбіті, мал шаруашылығы, сұлулық салоны, шлакоблок құю, тігін кəсібі жəне тағы басқа көптеген кəсіп түрлерін таныстырды. Психологтар менің қолымнан не келетінін, қандай жұмыстан шаршамайтынымды сұрады. Құс өсіруден шаршамайтынымды айттым. Содан ойлана келе, өзім жақсы көретін құс өсіру кəсібін таңдадым. Мамандар маған құс бизнесі жағынан тамаша кеңес берді. Менің таңдауым – ең ерекше кəсіп болды. Бизнес жоспар жазып шықтым. Тренерлер қарап, түзетіп, күзетіп, бағыт беріп отырды. Бизнес жоспарды екі рет: біріншісінде сертификат алу үшін, екіншісінде 505 мың теңге көлемінде грант алу үшін қорғадым. Бүге-шігесіне дейін білетін кəсіптің еш қиындығы жоқ. Құс өсіруді жан-жақты білемін. Бизнес жоспар жазу да, қорғау да қиын болмады. Өйткені жан-жақты білетін салам. Білімім жетеді. Қиындық тумады. Грант жеңіп алдым, - дейді Сырлан.


Канарейка

Грант қаржысына вольер жабдықтарын, құстар сатып алдым

Оның айтуынша, 505 мың теңге көп қаржы емес. Бірақ бизнес бастау үшін өте үлкен демеу екен.

Жобамды сəтті қорғап шыққан соң, мен құс өсіру бизнесімен айналысуды бастадым. Басында тек хобби ретінде қарасам, грант жеңіп алған соң жете көңіл бөліп, тереңірек айналыстым. Сол кездері негізгі жұмысымда да мəселлер туындап, үйде отырған едім. Маған өте жақсы мүмкіндік болды. Бел шеше кірістім. 2019 жылдың желтоқсан айында есепшотқа 505 мың теңге грант қаржысы түсті. Грант қаржысына 4х4 метрлік вольерге қажет жабдықтарды алдым. Құстарды сол вольер ішінде ұшырамын. Құстарды əрі-бері алып жүретін торды да сатып алдым. Құстарды сататын кезде не күн суытқанда үйге кіргізгенде соған саламын. Одан бөлек құстар сатып алдым. Тотықұс, амадин, канарейка құстарын зоодүкеннен сатып алдым. Құстарды қолдан алғанымда арзан шығатын еді. Мəселен, нимфа тотықұсы, яғни корелланы зоодүкеннен 10 мың теңгеге алдым. Келісімшарт бойынша грант қаржысына бизнес-жоспарда көрсетілген заттарды сатып алып, чегін көрсету керек. Шот-фактура өткізу үшін зоодүкеннен алып, барлық есебін тапсырдым, - дейді кəсіпкер.


Канарейка балапаны

Тотықұс ұшып кетсе, оралмайды

Құс өсіруші кəсіпкердің грантты қалай жеңіп алғанын білгеннен кейін, көп толғандырған сауал бірі – ондаған құсты торда өсірудің қиындығы мен қызығын сұрадық.

Адам қолынан келетін нəрсемен айналысу керек. Құс өсіру – менің қолымнан келетін іс. Ең бастысы, қорегін уақытылы беріп, суын ауыстырып тұру қажет. Ең бастысы – керек кезінде ұшырып тұру қажет. Құстарды ең алдымен желдетіп алмау керек. Жылы жерде ұстау қажет. Қорегін де нормамен беру керек. Күніне екі мезгіл тамақтандырамыз. Тым көп мөлшерде қоректендіруге болмайды. Көп адамдар құстарын торда ұстағандықтан ұшырмайды. Ал ұшпай тамақ жей берген құс семіріп кетеді. Сосын ол құстың жұмыртқалауы да қиын болады. Сондықтан аптасына 1-2 рет ұшырып тұру керек. Вольер осындайда керек. Құстарды далада ұшыруға болмайды. Мысалы тотықұстар далада ұшатын болса, қайтып келмейді. Ұшып кетсе, оралмайды. Қайта келуі қиын. Өліп қалады. Олар табиғатта жасырына алмайды, жыртқыш құстар бірден байқап, жеп қояды. Өйткені, түрлі-түсті ғой. Бұлардың табиғи мекеніндегі ормандар əралуан түсті. Оңай жасырынады. Бізде қоңыр түс басым. Содан жасырына алмайды. Біздің табиғатта қорегін таба алмайды. Өйткені, қолда өсіп үйреніп қалған. Жазда 1-2 ай өмір сүре алуы мүмкін. Қыста өмір сүре алмайды. Ал канарейкалар қайтып келеді. Мен вольерде ұшырамын. Енді бұл құстардың шамалы иісі болады. Əр кəсіптің өзіндік бір қиыншылықтары бар ғой. Бірақ мұрын қанайтындай қиындығы жоқ. Күнде тамағын берген соң бір рет тазалық жұмысын жүргізуі керек. Содан кейін кешке қорегін берген соң тағы бір рет тазалығын жүргізіп қойса иіс те шықпайды, - дейді Сырлан Тəшімбетов.


Канарейка мен амадин

Жылына 4 рет жұмыртқа басса, əлсіреп, өліп қалады

Əнші-əсем құстар жылына 3-4 рет жұмыртқа басып, балапан шығара алады. Алайда дұрысы – жылына екі рет жұмыртқа бастыру екен. Əйтпесе, өзі де əлсірейді, балапаны да əлжуаз болады. Тағы бір ерекшелік, бір-біріне қандас құстардан балапан шығаруға болмайды. Сондай жағдайда да балапандары əлжуаз, аурушаң болып, өліп қалады.

Құстар жылына 3-4 рет балапан баса алады. Бірақ о кезде əлсіреп қалады. Соңында балапандары əлжуаз болып қалады. Сондықтан да 2-3 рет басқаны дұрыс. Жұмыртқаны 13-14 күн басып, балапан шығарады. Алдымен жұмыртқа туады. Күнде бір жұмыртқадан, 3-4 күнде туған соң, барып жұмыртқа басуға отырады. Ұясынан сыртқа шықпайды. Канарейканың еркегі тамақтандырады, ұрғашысы отырады. Корелланың түнде ұрғашысы, күндіз еркегі отырады. Бұйра тотының (волнистый попугайчик) тек ұрғашысы ұяда отырады. Амадиндер де алмасады. 4-5-6 жұмыртқа басады. Жақсы қоректендірсең, витамин берсең, көбірек басады. Жұмырқаны жылытуға энергиясы кетеді. Тотықұстар 6-7 жыл өмір сүреді. Оған бірақ көбінесе бизнеске алған соң, 2-3 жыл өмір сүреді. Өйткені, жылына 4 рет балапан бастырады. Содан құс əлсіреп, өледі. Торына ұя қойсаңыз, туа береді. Бірақ, жұмыртқа бастыра бермеу керек. Үйде тамағы, күтімі болған соң жұмыртқа туа береді. Бірақ, тудыра беруге болмайды. Ұя болмаса, жұмыртқа тумайды. Тотықұс, канарейканың балапандары 40 күн ішінде жетіледі. Тотықұстар да солай. Жұмыртқалары өте кішкентай болады. Үлкен құмырсқалар домалатып əкете алады. Мұндай құстардың табиғи ортасында жауы көп. Жұмыртқаларын басқа жəндіктер жеп қояды. Содан зардап шегеді. Құс балапанының үстіне дернəсілдерін тастап кетеді. Балапанын жеп қояды. Сосын еркегі мен ұрғашысы қандас болып қалса, балапан ашпауы мүмкін. Бір қандастарды бір-бірімен қосуға болмайды. Бір ұядан шыққанды бір біріне қосуға болмайды. Басқасын алуым керек. Содан іздейсің. Мысалы, бір ұядан алты балапан шықса, үшеуі ұрғашы, үшеуі еркек болса, онда басқасын іздейсің. Сол кезде үш ұрғашысын зоодүкенге өткізіп, басқа үш ұрғашысын əкелеміз. Канарейканы əр жақтан аламын. Бір бірімен қандасы түсіп қалса, балапан ашпауы мүмкін немесе балапаны əлжуаз болып қалады, - дейді құсшы.


Корелла мен бұйра тоты

Тастанды балапанды 40 минут сайын шприцпен тамақтандырам

Сырланның сөзінше, ең қиыны - құстың өз балапандарын тастап кетуі, қарамай қоюы екен. Канарейка құсы балапанын жиі тастап кетеді екен.

Құстар жұмыртқа басып жатқанда жұмыртқасына тиіссең, балапанын тастап кетеді. Көңіл-күйі болмаса да тастап кетеді. Мысалы, канарейка – көңіл-күйдің құсы. Ауа райы нашарлап, суыса, балапанын тастап кетеді. Бірдеңе ұнамады ма, тастап кетеді. Балапанына назарың көп ауа ма, тастап кетеді. Канарейка балапанын тастап кеткенде шприцпен жем беремін. Үш апта бойы əр 40 минут сайын балапанға тамақ беріп отырасың. 40 минуттан асып кетсе, болмайды. Балапандар қарны ашқанын жылап білдіре алмайды, сондықтан оятқыш қоямын. Əр 40 минут сайын қорегін беремін. Түнде балапандары ұйықтайды. Түнде тоңып қалмасын деп, мақтаға орап, қымтап, ұясын жауып, шам жағып, жылытасың. Сөйтіп, өсіресің. Бұл да бір қызық. Осылайша, алғашында 3 апта бойы əр 40 минут сайын өзім қоректендіремін. Шприцпен жеміс пастасын береміз. Сүт не сүті бар нəрсе беруге мүлдем болмайды. Ал егер балапанын тастамаса, енелері өзі тамақтандырады. Ұяға тұз, миниралды тастар, бор қою керек. Соны жейді, асқазанында сол қорытуына көмектеседі. Тамағы қымбат болады. Көп асырайтындар қорегін қап-қап етіп алады. Бір жеміс пастасы 10-20 балапанға 1-2 апта бойына жетеді. Көп бермейміз. Шприцтің де түр-түрі бар. Аз-аздан беру керек. Көп берсең, шашалып, өліп қалады. Бір канарейка 4 балапан ашса, соның біреуі ғана тірі қалады. Балапанын тастап кетуден бөлек, жұмыртқасын баспай қою кездеседі. Осындайда жапон амадині деген бар. Табиғатта жоқ. Будандастырған. Оны "күтуші" деп атайды. Мəселен, амадинге канарейка, не канарейкаға амадин жұмыртқасын қойса, баспайды. Ал жапон амадині баса береді. Будандастырып, сол үшін шығарған. Сосын балапандарға сақина кигізу керек. Өйткені, өскенде əке-шешесінен айыра алмай қаласыз. Оны балапанға 6-7 күн толғанда аяғына кигізіп үлгеру керек. Кейін сыймай қалады. Сақиналар да түрлі болады, - дейді кəсіпкер.

Құстарды торда ұстаудың да ерекшелігі бар екен. Мəселен, тотықұстарға канарейка мен амадинді қоспайды, өйткені тотықұс олардың аяқтарын шағып, жеп тастайды.

Тотықұстың тұмсығы ілмек. Шаға алады. Ал канарейка мен амадинді бір торда ұстауға болады. Ал корелла үлкен болғанымен өте мейірімді. Канарейкамен бірге ұстауға болады. Ал кейбір тотықұстар айналасындағы басқа құстарға тиісе береді. Бұзық болады. Жалпы "алғаш үйде ұстап үйренем" дегенге жолақ амадин мен бұйра тоты дұрыс. Күтімі оңай. Торға су құйып қойсаңыз, соған шомылады.


Жолақ амадин

Көктемде құс сатып алушылар көбейеді

Сонымен əнші-əсем құстарды не үшін асырайды, не үшін сатып алады. Көпті қызықтыратыны осы болса керек. Сырланның айтуынша, əнші-əсем құстардың адамға жағымды əсері болады. Дауысы керемет. Көңілді тыныштандырады екен.

Құс сатып алушылар көбіне көктемде құс іздейді. "Есік алдына сайрап тұрса" деп сатып алады. Құстардың еркегі сайрайды. Ұрғашылары сайрамайды. Сайрайтын құстар адамға жағымды əсер етеді. Аутизммен ауыратын адамдарға өте жақсы əсер береді. Үйде отырып, сыртқа шыға алмайтын үлкен кісілерге де өте жақсы əсері бар. Адамның сырласына айналады. Адамдардың ішкі мұңын сыртқа шығарып, жеңілдеуіне мүмкіндік береді. Тек ауыратын адамдар ғана емес, сайрайтын құстар дауысы кез келген адам бойындағы күйзелісті жойып, көңіл күйінің жоғарылауына пайдасын тигізеді. Құстар жаман энергияны өзіне алады. Менің балаларым ауырса, бір құсым өледі. Келіншегім ауырса, мен ауырсам, бір құсым өледі. Қатты жақсы көретін құсым өледі. Сосын адам энергиясын сезеді. Энергетикасы нашар адам болса, канарейкалар қатты шықылықтайды. Осылайша үйден жаман энергияны сыртқа шығарады. Бұл серік қосу емес, бұл – назар алу. Келіп жатқан 10 адамның арасында көзі өткір адамдар болады. Сол өткір көзден қалған энергияны сыртқа шығарады. Жайлы ортаға кірсе, сайрайды. Қайта-қайта сайрайды. Мен келсем, тор ішін айналып ұшады. Құстардың адаммен қарым-қатынасы бірден байқалады. Жақтырмаса, шиқылдап, шулап кетеді. Адам өзі жаман адам емес шығар. Бірақ, құстарға энергиясы жаман болуы мүмкін. Жалпы құстарды адамнан бөлек ұстаған дұрыс. Жүкті əйелге иісі жақпайды. Туған-туыстарым "неге айналысасың, басқа нəрсемен айналыссайшы, қоректендіресің, шаршайсың, уайымдайсың" деп айтады. Басқа кəсіппен айналысуды ұсынады. Ал мен дауыстарынан лəззат аламын. Бірақ дауыстары үйдегі əке-шешеме ұнамайды. Тотықұс дауысы ащы, ал канарейка, амадин дауысы өте жағымды шығады. Адамды тыныштандырады. Канарейканың дауысы сайрап шығады, - дейді Сырлан.


Гульда амадині, құны 20-25 мың теңге

Құс өсіру – жауапкершілікті арттырады

Оның сөзінше, үйде құс өсіру – баланың жауапкершілігін де арттырады.

Ең бастысы – құстар кішкентай балаға мейірім қасиетін сіңіреді. Баланың бойында жауапкершілікті сезіну қасиетін үйретеді. Өйткені құсты тамақтандырып, оның тазалыған мəн берген балада жауапкершілік қалыптасады. Мен ересек болсам да басқа жақта жүрсем немесе сапарға шығар кездерде құстарымды қатты уайымдаймын. Міндетті түрде қарап отыратын сенімді адамға тапсырамын. Үлкен балам 5 жаста. Құсты жақсы көреді. 1 жасқа толған балам құстармен сəлемдеседі. Қолын көтереді. Амандасады. Балаларым бəрі құстармен амандасады, сəлемдеседі. Жақсы көреді. Үш балам біреуі жолымды қуатын шығар, - деген Сырлан көшеде, саябақта кетіп бара жатқанда сондағы құстарды дауысынан айыратынын айтады. Мен көшеде кетіп бара жатқанда саябақтармен жүрген кезде құстардың дауысын айырамын. Саябақтарда олардың сайрағанын тыңдай жүріп, дауысы арқылы қай құс екенін біліп тұрамын. Осылайша құстармен жақын араласқан адам олардың дауысынан-ақ қай құс екенін көрмей біле алады. Адамдарға барлық құстардың сайрағаны бірдей болып сезіледі. Ал құс өсірушілер оларды дауысындағы ерекшеліктерін айырамыз, - дейді Сырлан құсшы.

Тотықұс топ болса, сөйлемейді

Тотықұсты сөйлету үшін сатып алатындар болады. Мұнда бір нəрсені ескеру керек екен. Тотықұстарды сөйлету үшін жалғыз өсіреді.

Менің тотықұсым сөйлемейді. Негізі тотықұсты сөйлету үшін оның тек бір өзін өсіру керек. Тотықұстың балапына 40 күн толғанда бөлек алады. Осылайша оларды адамнан қорықпайтын кішкентай кезінде алса, үш айдың ішінде адамға бауыр басып, сөз қайталауды үйренеді. Адаммен ғана араласуы керек. Басқа құстармен бірге қойсаңыз, ешқашан сөйлемейді. Себебі адамнан бөлініп тұрады. Менен сатып алып, тотықұсын сөйлеуге үйреткен клиенттерім бар. Олар маған видеосын, фотосын жіберіп тұрады, - дейді Сырлан Тəшімбетов.


Жапон амадині

Гульда амадиннің біреуі 20-25 мың теңге тұрады

Сонымен əнші-əсем құстар өсіру қаншалық табысты кəсіп? Бір құсты қанша теңгеге сатып, неше теңгеге алуға болады? Мұның жайын кəсіпкерден сұрағанымызда былай деді.

Соңғы 10 жылда құс өсіріп келе жатырмын. Бизнеске айналдырғаныма 3-4 жыл болды. Бұрын менде күмəн болды. "Қайда сатамын" деп ойладым. Интернет-дүкенер жақсы болды. Сонда қойып сатамын. Зоодүкендерге қоямын. Зоодүкенде 2500 теңгеден сатса, оларға 1500 теңгеден көтерме бағасына сатамын. Қазір 20 шақты құсым бар. Одан да көп болуы мүмкін. Бұлар тез көбейеді. Оның бəрін не істейсің? Жемі бар, орны бар. Жемі арзан емес. Сол кезде сату керек. Сатып, жем аламын. Сататын құс аз болса, пайда көрмейсің. Тек өзін-өзі айналдырып, өзін-өзін қамтамасыз етеді. Менің құс өсіруім шығынға айналмайды. Жемін көп-көптен алып қоямын. Құс өсіру де оңай шаруа емес. Жұмысы көп. Хоббиім болған соң, қызығамын, талмай, шаршамай айналысамын, - деген Сырлан құстардың бағасы қалай белгіленетінін, неге байланысты екенін айтып берді.

Құстардың бағасы сайрағанына байланысты өзгеріп тұрады. Егер тоқтамай сайраса, бағасы өседі. Бір құстар күні-түні сайрайды. Олардың бағасы өте қымбат болады. Мысалы байқауға қатысатын канарейка құстар болады. Оларды балапан кезінен сайрауға үйретеді. Бізде құстың сондай түрі өте сирек. Тек коллекционерлерде ғана болады. Менің де құстарым сайрайды. Қазір қыстан шығып жатыр. Сондықтан əлжуаз. Негізі таңнан кешке дейін сайрап тұра береді. Дауысы қатты шыққан сайын, бағасы өседі. Ұзақ сайрайды. Дауысы анық шыққан сайын қымбаттайды. Тоқтамай сайрайды. Құстардың бағасына келсек, амадиндерді 1500 теңгеден көтерме бағасына сатамын. Канарейканы əлі сатпадым. Тұрақты бағасы 5 мың теңгеден сатуға болады. Канарейканың ұрғашы-еркегін балапанына 3 ай толғанда анықтаймыз. 3 айдан кейін еркегі аз-аз сайрай бастайды, ұрғашысы сайрамайды. Сонда ұрғашыларын 5-6 мың теңгеден, ал еркек ересектерін 12 мың теңгеден сатуға болады. Канарейканың балапанын тастамайтын, өзі асырап өтетіндерін қымбатқа сатуға болады. Сондай канарейкалар таптырмайды. Оны сатпайды. Бұйра тотыны көтерме бағасына 1500 теңгеден сатамын. Корелланы көтерме бағасына 5-6 мың теңгеден сатамын. 7-8 мың теңгеден де саттым. Жекелей 7-8 мың теңгеден сатамын. Амадин бағасы 1000-1200 теңге шамасында болады. Мен көбінесе көтерме бағада сатқандықтан сондай бағада сатамын. Үйде гульда амадин құсы бар. Ташкенттен алдырттым. Біреуі 20-25 мыңнан сатуға болады. Өте сирек құс. Шымкентте жоқ құс, - дейді Сырлан.

Құс сатып, айына 150-200 мың теңге табатындар бар

Құс сатып алғанда, сатқанда ескерер жəне бір жайт – балапаны 3 айлық болғанда алған дұрыс екен.

Сол кезде сатып алып жатқан адамда да күмəн болмайды. Мен де ыңғайсыз жағдайда қалмаймын. Ыңғайсыз жағдайдан бұрын құстарыма уайымдамаймын. Құстың жағдайын түсініп, оған үйреніп кеткенше ол адам менен 1-2 ай кеңес алып тұрса да қарсы емеспін. Құсты сатып алмас бұрын маған келіп құстарды көріп кете алады. Əзірге құс өсіру арқылы отбасымды толық қамтамасыз етуге жете қоймадым. Бірақ тек құс өсіріп, айына 150-200 мың теңге көлемінде табыс табатын достарым, таныстарым бар. Мен де сол дəрежеге жетуге талпынып келемін. Əзірге құс сатудан айына 40-50 мың теңге кіріс түседі, - дейді кəсіпкер.

Сырлан қазір құс өсіру кəсібінен бөлек бухгалтер боп қызмет етеді.

2017-18 жылдары жұмыстан шығып қалдым. Мамандығым – бухгалтер. Жұмыстан айырылған соң, құстармен айналысып, соны сатып, 2-3 ай отбасымды асырадық. Құс сатып, балалар киімін, азық-түлікті алып, соның ақшасына асырадық. Бухгалтермін. Кейін онлайн бухгалтерия қызметімен айналыса бастадым. Қаржы есебін тапсырамын. Қазір бəрін онлайн жасауға болады. Үйде болған соң құстарды да көбірек өсіруге уақыт табылады. Жемін беремін. Балапандарын тамақтандырамын. Құстарыма көбірек көңіл бөлемін, - дейді құсшы-бухгалтер.


Корелла тотықұсы

Құстарым Шымкент табиғатына бейімделген, иммунитеті күшті

Сырманның сөзінше, əсем-əнші құстарды өсіру кəсібі Өзбекстанда бизнес ретінде жолға қойылған.

Өзбекстанда өте көп өсіреді. Бізде кездесе бермейтін көп құстар бар. Өзбекстан адамдарымен араласамын. Олар құс өсіріп, Ресей Қазақстанға жібереді. Бір сатқанда 100-200 данасын жөнелтеді. Ташкенттен əкелген құсты бізге бейімдейді. Дəрі-дəрмек береді. Іштегі құрт-құмырсқаларын өлтіреді. Құстардың да ауруы бар. Туберкулез, тұмау, құрт ауруы бар. Соған қарсы ем жасау керек. Адамға да жұғуы мүмкін. Ташкенттен құс əкелсем, оқшаулап ұстап, 3 күн дəрі берем, тексерем. Менің құстарым бір мықты тұсы –Шымкент табиғатына бейімделген, иммунитеті күшті. Сондықтан өлмейді. Тез бейімделеді, - дейді құсшы.

Бизнесімді дамыту үшін жер керек

Сырлан кəсіпкердің ендігі жоспары – осы құс өсіру кəсібінің ауқымын кеңейту, ірі кəсіпке айналдыру. Жоспарын жүзеге асыру үшін ең алдымен жер керек.

Мен де үлкен бизнес ретінде дамытқым келеді. Ресейде сондай бір бизнеспен таныстым. Құс өсіретін үлкен вольер бар. Жанында қонақүйі бар. Құс өсіруге қызығатындар, құс сатып алғысы келетіндер сонда келіп, вольерді аралап, құстарды көреді. Орнитологтар бар. Солар қарайды. Мəселен, ара деген тотықұс бар. Сондай керек десеңіз, орнитологтар адамға бейімдеп өсіріп береді. Мен солай ашқым келеді. Оған көп қаражат қажет. Келушілер құстарды көреді, 2-3 күн қонады. Танысады. Сосын ұнатқан құсын алады. Бізде орнитологтар тапшы. Сондай үлкен бизнес болмаса да көлемді жер алып, қысы-жазы жұмыс істеп, адам келуіне жайлы етіп жасағым келеді. Əзірге қалай жету керек екенін білмеймін. Мен істеймін ба, бала-шағам істей ма? Бəрі қаражатқа тіреліп тұр. Қаржы болса, бір айда істеуге болады. Балалар, оқушылар, ата-аналары келіп, құстарды көріп, бірнеше күн жанында болып, жүруіне жағдай жасағым келеді. Келешекте инвесторлар, демеушілер табылып, көмек беремін, десе, бірігіп дамытатын едік. Қазақстанда əсем-əнші құстарға қызығушылар аз. Сондықтан да ол əлеуметтік желілерде шетелдік құс өсірушілермен байланысып, қарым-қатынас жасаймын. Тəжірибе алмасамын, - дейді Сырлан.

Сырлан сөз соңында адам өзі жан дүниесі қаламаса, мұндай кəсіпке келмейді. "Үйде менен басқасы құстарды қоректендірмейді, өйткені, қызықпайды деген Сырлан құс өсіруді жаны қалағаны үшін хоббиін кəсіпке айналдырды. Ауқымын кеңейтсе, өте табысты бизнес болатынын да біледі.

3 мыңға жуық адам грант алған

Айтпақшы, Шымкент қаласы "Атамекен" кəсіпкерлер палатасының маманы Болат Етекбаевтың мəлімдеуінше, 2019 жылдың 24 шілдесінен 27 қыркүйегі аралығында өткізілген "Жас кəсіпкер" жобасы шеңберінде 18-29 жас аралығында 1400 қала тұрғыны оқыған. 2019 жылдың 9 қыркүйегінен бастап жас ерекшеліктерден тыс 2955 адам "Бастау Бизнес" жобасында оқыпты.

Оқу барысында тыңдаушылар бизнес-ойлау психологиясы, стартап, шағын, орта бизнес жəне агробизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес идеяны таңдау, маркетинг негіздері (нарықты зерттеу жəне таңдау), бизнес-жоспарлау жəне қаржылық жоспарлау модульдері бойынша білім алды. Оқу аяқталған сəтте тыңдаушыларға екі түрлі сертификаттың бірі табысталады. Бірінші сертикат оқуға қатысқанын растайды. Бұл сертификатпен отандық қаржы институттарынан төмен пайызды несие алуға мүмкіндік беріледі. Екінші сертификат, оқуды аяқтағанын растайды. Отандық қаржы институттарынан төмен пайызды несие жəне қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға мүмкіндік береді, - дейді Болат Етекбаев.
2019 жылы "Жас кəсіпкер" жобасының 952 жəне "Бастау Бизнес" жобасының 1863 бітірушісі 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алған.

Тиісті шешім шығаратын комиссия бизнес-қауымдастық, мемлекеттік органдар, Шымкент қаласының Кəсіпкерлер палатасы жəне БАҚ өкілдерінен құралған. Жалпы, грант қаражатына бизнеске қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алуға жұмсалады. Бұдан бөлек, Кəсіпкерлер палатасы "Жас кəсіпкер" жəне "Бастау Бизнес" қатысушылары үшін сервистік қызмет көрсетті, атап айтқанда, бухгалтерлік, салықтық жəне статистикалық есеп жүргізу мəселелері бойынша консультациялық қызмет, заңнамалық, маркетинг бойынша қызмет көрсетеді. Жеке кәсіп, ЖШС ашып, бизнес-жоспар əзірлейді екен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы