ҰҚК-ның экстремизге қатысты заң жобасы Мәжілістен қолдау тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында экстремизмге қатысты жаңа заң жобасы қолдау тапты.

Аталған заң жобасы "Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы" деп аталады. Отырысқа қатысқан 103 депутат та қолдап дауыс берді.
Конвенцияға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылғы маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойды. Құжаттың мақсаты – ШЫҰ-ға мүше елдердің экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында өзара әрекеттестігінің тиімділігін арттыру. Конвенция экстремизм түсінігін тұңғыш рет халықаралық деңгейде деструктивті көрініс ретінде белгілейді. Оның мазмұны мен экстремистік іс-әрекеттің негізгі түрлерін анықтайды, - деді ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.

Оның айтуынша, аталған құжат ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экстремизимге қарсы күрес саласында өзара іс-қимылын қалыптастырады.
Конвенцияны іске асыру - ШЫҰ елдерінің аумағында экстремистік ұйымдардың мүшелерін кіргізбеу үшін шекаралық ынтымақтастықты күшейтуге; экстремизмге қарсы шаралар әзірлеу мен іске асыруда халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылды арттыруға; экстремизмге қарсы іс-қимылдың насихатталуын, соның ішінде БАҚ пен интернет желісінде күшейтуге; экстремистік идеологияның таралуын уақытылы анықтау мен жолын кесу мақсатында мониторинг жүргізуді жетілдіруге мүмкіндік береді. Конвенцияның ережелерін іске асыру қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді, сондай-ақ жаңа заңдар мен өзге де нормативтік актілерді қабылдауды талап етпейді. Себебі әрбір мемлекетте күшіне енген нормативтік актілер пайдаланылатын болады, - деді ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары.

Заңды қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді екен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы