Алматыдағы өртті сөндіру барысында бірнеше жарылыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тілсіз жауды ауыздықтауға 2 тікұшақ жұмылдырылды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК Алматы қаласының  ТЖД бастығы, өртке қарсы қызмет генерал-майоры Серік Әубәкіров айтты, деп хабарлады Zakon.kz.


«Лак-бояу материалдарының қоймасы өртеніп жатыр. Кеше ғана қоймаға 3 теміржол вагоны толған краска өнімдері әкелінген. Қоймада бұрын болған өнімдермен қоса есептегенде, ол жерде 200 тоннаға жуық лак-бояу өнімдері бар. Сол қиындық туғызып отыр. Өртті сөндіру кезінде өрт бірнеше рет қатты лаулап, жарылыстар да болды. Авиацияны іске қостық. Өртті әуеден де, жерден де сөндіріп жатырмыз. Екі тікұшақ жұмылдырылды: бірі Алматы қаласының құтқару қызметінікі, екіншісі – ҚР ІІМ ТЖК-ның ұшағы. Әзірге өрттің не себепті шыққанын айта алмаймыз. Бұл жерде температурасы өте жоғары, өрттің қай жерден басталғанын түсінбей жатырмыз. Қоймаға жеке сектор тиіп тұр. Өртті ауыздықтап, жеке тұрғын үйлерге таралып кетпеуін қадағалап отырмыз. Сонымен қатар, оң жағымызда да қойма бар. Өрт сол қойманы да шарпуы мүмкін. Қойманың аумағы шамамен 400 шаршы метрдей. Өртті ауыздықтаймыз» , - деді өртке қарсы қызмет генерал-майоры Серік Әубәкіров.


Өртті сөндіруге Алматы қаласы өрт сөндіру қызметінің 27 бірлік техникасы мен 67 қызметкері жұмылдырылды, сондай-ақ су бүркитін құрылғылармен жабдықталған 2 тікұшақ өртті әуеден сөндіруге атсалысып жатыр. Қазіргі уақытта өрт ошағына 14 рет су бүркілген.


Айта кетейік, бүгін таңертең Алматыда лак-бояу өнімдерін сақтайтын қоймадан өрт шыққанын хабарлағанбыз.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы