«Қара базар бағамы» Қазақстанға да жетті ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық банк валюта айырбастау пункттерінің жұмысын не үшін шектемек?

Тәулік бойы жұмыс істейтіндерге тықыр таянды

Ұлттық банк валюта айырбастау пункттерінің қызметіне қатысты қаулы жобасын әзірледі. Құжатта көрсетілгендей, пункттердің қызметіне бірқатар өзгеріс енгізілмек. Ең басты өзгеріс – валюта айырбастау пункттері (автоматтандырылған айырбастау пунктерінің) жұмыс уақытының шектелуі. Яғни, айырбастау пункттері клиенттерге қызметті 10.00-ден 19.00 аралығында көрсетуге міндетті. Демек, тәулік бойы қызмет көрсететін орындарға тықыр таянбақ.

Сонымен қатар, валюта айырбастау пунктінде жасалған әрбір операция арнайы журналға тіркелетін болады. Еске сала кетейік, бүгінде пункттер шетел валютасын айырбастау үшін ешқандай құжат талап етпейді. Егер қаржылық реттеуші дайындаған қаулы қабылданатын болса, клиент жеке куәлігін немесе төлқұжатын ұсынбаса, оған қызмет көрсетілмейді. Осылайша, клиенттің құжатта көрсетілген аты-жөні, нөмірі, берілген күні мен жарамдылық мерзімі, жеке сәйкестендіру нөмірі, сондай-ақ заңды мекенжайы міндетті түрде журналға тіркелуі керек.

Бұдан бөлек, автоматтандырылған айырбастау пунктіндегі бір рет жүргізілген айырбастау операциясының сомасы 500 мың теңгеден аспауы керек. Автоматтандырылған айырбастау пункті дегеніміз – заңды тұлғаға тиесілі электронды-механикалық құрылғы. Онымен қызметкердің көмегінсіз-ақ валюталарды айырбастауға болады. Яғни, құрылғыға қолақшаны салып, өзіңізге қажетті валютаны ала аласыз.

Қаулы жобасында айтылғандай, айырбастау пункттерінде 100 млн теңге көлемінде жарғылық капитал болуға тиіс. Ал оның 20 пайызы, яғни 20 млн теңгесі ұйымның есепшотында жатуы шарт.  

Аталған нормалар 2020 жылдан бастап күшіне енуі мүмкін. 

Айырбастау пункттері «көлеңкелі бизнеске» көшеді

Ұлттық банк әзірлеген қаулы жобасына қатысты Қазақстанның валюта айырбастау пункттері қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев пікір білдірді. Оның айтуынша, қаулы жобасындағы өзгерістер қабылданатын болса, бұл жағдай нарықтағы ойыншыларға айтарлықтай әсер етпек.

«Валюта айырбастау ұйымдары жұмыс уақытын шектеу салдарынан жабылып қалады деп ойламаймын. Ұйымның жұмысы тоқтатпас үшін компанияда 100 млн теңге көлемінде жарғылық капитал мен есепшотында 20 млн теңге бар болса жеткілікті. Бірақ, өзгерістер қабылданса, айырбастау пункттерінің біразы «көлеңкеге» кетпек. Өйткені, Алматы, Нұр-Сұлтан секілді ірі қалаларда айырбастау пункттерінің тек 30 пайызы ғана аталған талапқа сай бола алады. Ал өңірлердегі ұйымдардың 90-95 пайызы бұл нормаға сай емес. Олар үшін есепшотта 20 млн теңге ұстаудың ешқандай мән-маңызы жоқ. Оның үстіне айырбастау пункттерінің бәрінде 100 млн теңге көлеміндегі жарғылық капитал жоқ», – дейді Аршын Ғалымбаев.

Қауымдастық президентінің сөзінше, қаулы жобасындағы өзгерістердің қабылдануы нарықтағы алып-сатарлықты одан әрі күшейте түспек.

«Өзгерістер енгізілсе, нарықта айырбастау пункттерінің балама түрлері пайда бола бастайды. Демек, заңсыз жұмыс істейтіндер көбейеді. Олар айырбастау пункттері жабық тұрған сәтте клиенттерге ешқандай құжатсыз-ақ қызмет көрсете береді. Яғни алып-сатарлардың тасы өрге домалайды. Өйткені олар валютаны айырбастау пункттеріндегі бағамен салыстырғанда қымбатқа сатады, тиісінше арзан бағаға алады. Екі ортада клиент ұтылады. Сондай-ақ мұндай жағдайда жалған купюраларды сату қаупі күшейеді. Қазір бірқатар айырбастау пункттері тәулік бойы жұмыс істейді. Демек, бұл оларға тиімді. Халық тарапынан да сұраныс бар деген сөз», – дейді Қазақстанның валюта айырбастау пункттері қауымдастығының президенті.

Оның пікірінше, қаржылық реттеушінің ұсыныстары түрлі тәуекелдерге алып келуі мүмкін.

«Біріншіден, халықтың көп бөлігі валюта айырбастау кезінде жеке деректерді ұсынуға дайын емес. Екіншіден, әрбір операцияны арнайы журналға тіркеу клиенттің де, кассирдің де уақытын алады. Орташа есеппен бұған 10-15 минут кететін болады. Үшіншіден, айырбастау пункттері жаппай жабылатын болса, оның қызметкерлері жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан Ұлттық банктің ұсыныстарына тиімсіз әрі түсініксіз деп баға беремін», – дейді Аршын Ғалымбаев.

Ұлттық банк ақша айналымын осылай бақыламақ

Ал отандық басылымдардың біріне пікір білдірген бизнес-сарапшы Диас Құмарбеков мұндай өзгерістердің астарында басқа дүние жатқанын айтады. Оның пікірінше, Ұлттық банк айырбастау пункттерінің қызметін реттеу арқылы елдегі ақша айналымын бақылауды күшейтпек.

«Мәселен, осы жылдың бірінші тоқсанында сыртқа кеткен капитал ағыны ұлғайған. Яғни, қаңтар-наурыз аралығында Қазақстаннан шамамен 4,2 млрд доллар шетелге шығарылған. Сондай-ақ қаржылық реттеуші алып-сатарлықты азайтып, теңге бағамын ұстап тұруды көздеп отыр. Алайда қабылданатын шешімдер ағымдағы мәселелерді ғана шешеді. Ал салалық мәселелер сол күйі қала бермек. Бұл шаралар қысқа мерзімде қандайда бір эффект беруі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде өзін-өзі ақтай алмайды. Осының салдарынан халықтың Ұлттық банк пен Үкіметке деген наразылығы туындауы ықтимал. Бұдан бөлек, бұл жағдай елдегі «көлеңкелі экономиканың» үлесін арттырып, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетуі мүмкін», – дейді Диас Құмарбеков. 

Қазақстанда «қара базар бағамы» пайда болады

Белгілі экономист Сапарбай Жобаев Ұлттық банк әзірлеген ұсыныстарға қарсы екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, өзгерістер қабылданатын болса, Қазақстанда «қара базар бағамы» пайда болады.

«Валюта айырбастаудың үш түрлі бағамы бар. Ресми бағам, биржа бағамы және «қара базар бағамы», яғни халық бағамы. Қазақстанда ресми және биржа бағамы кең таралған. «Қара базар бағамы» әзірше жоқ. Егер Ұлттық банктің қаулы жобасы қабылданса, біздің елде де «қара базар бағамы» пайда болады. Іргедегі Өзбекстанда «қара базар бағамы» кең таралған. Тәжікстан мен Түркіменстанда да солай. Бағамның бұл түрі алып-сатарларға тиімді болғанымен, халыққа тиімсіз. Бұл бір. Екіншіден, айырбастау пункттерінің қызметін шектеу арқылы шетелдік туристердің келуіне тосқауыл қоямыз. Шетелдіктер валюта айырбастай алмай, көшеде шұбырып жүрсе, жақсылық емес. Осы көктемде Ресейдің Омбы қаласында болдым. Бұл елде сенбі-жексенбі күндері айырбастау пункттері жұмыс істемейді екен. Шетелдік қонақтарға өте тиімсіз. Ертең біздің елде де туристерге осындай қолайсыздықтар туындауы мүмкін. Қысқасы, Ұлттық банк әзірлеген қаулы жобасына қатысты сұрақ өте көп», – дейді Сапарбай Жобаев.

Ұлттық банктің ұстанымы қандай?

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Галиеваның айтуынша, Қазақстан 10 жылдан астам уақыт заңсыз ақша айналымымен күресіп келеді.

«Қаржылық қызмет көрсететін барлық ұйымдар, оның ішінде ақша айырбастау пунктері қаржылық мониторингтен өтеді. Заң бойынша қаржылық операция жүргізетін барлық мекемелер валюта айырбастау кезінде клиенттің жеке басына қатысты мәліметтерді тіркеуі тиіс. Халықаралық қоғамдастық заңсыз ақша айналымы мен терроризмді қаржыландыруға қарсы қатаң талаптар мен стандарттарды бекітті. Осыған сәйкес, қаржылық операция жүргізетін кез келген тұлға тексерілуі керек. Клиенттердің жеке басына қатысты мәлімет қауіпсіздік үшін талап етіледі», – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Дина Галиеваның түсіндіруінше, айырбастау сомасына қойылатын шектеу қаржылық тексеруден жалтарғысы келетін азаматтардың жолын кеседі. Ал валюта айырбастау пункттерінің капитализациясы шетел валютасының тапшылығын болдырмау үшін қажет.

«Валюта айырбастау пункттері бағам бойынша айырбас жасаудан бас тартқан кезде халыққа талай рет қолайсыздық туды. Негізі валюта айырбастау пункттері валюта конвертациясына кедергі келтірмей, үздіксіз қызмет көрсетуі керек. Валюта айырбастау пункттерінің банк депозитінде жатқан 20 млн теңгесі қажет болған жағдайда шетел валютасын сатып алуға жұмсалады. Атап көрсетерлігі, бұл ақшаны 3 жұмыс күні ішінде депозитке қайта салу қажет. Өздеріңіз түсінгендей, валюта айырбастау пункттерінің қаржылық қоры шетел валютасының тапшылығынан сақтайды. Өз кезегінде бұл теңге бағамының құбылуын тоқтатады», – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Ол валюта айырбастау пункттерінің капитализациясын көбейту ісі былтыр басталғанын айтты.

«2018 жылдың қаңтарында банктік емес валюта айырбастау пункттерінің жарғылық капиталы 6 есе ұлғайтылып, 30 млн теңгеге жеткізілді. Нәтижесінде қаңтар-наурыз аралығында шетел валютасының саудасы 39 млрд теңгеге немесе 6%-ға артты. Ең бастысы валюта айырбастау пункттерінің арасында әділ бәсекелестік орнады», – дейді Дина Галиева.

Валюта айырбастау пункттерінің жұмыс істеу уақыты шет мемлекеттерде де белгілі тәртіппен ретелген екен. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары: «Бұл – халықаралық тәжірибеде бар тәсіл. Италия, БАӘ, Тайланд, Польша сияқты мемлекеттерде валюта айырбастау пунктерінің жұмыс уақыты дәл осылай белгіленген. Қауіпсіздік мәселесінде ең тиімді, ең оңтайлы әдіс осы», – дейді.

Шымкентте айырбастау пункттері жаппай жабылуы мүмкін

Шымкент тұрғындары санының миллионға жетуі айырбастау бекеттеріне «сор» боп жабысты. Өйткені заң бойынша астана мен республикалық маңыздағы қалалардағы бизнеске жоғары талап қойылады. Оның үстіне валюта ауыстыру саласында жаңа, әлдеқайда күшейтілген талаптар күшіне енгелі отыр.

Бұған дейін тек Астана мен Алматыдағы валюта айырбастау саласындағы кәсіпкерлерінен 30 млн теңге жарғылық капитал иелену талап етілетін. Ал Шымкентте «өзге қалалар» санатында 20 млн теңгесі болса, жеткілікті саналатын. Алайда өткен жылдан бастап, шымқала «миллиондықтар» қатарынан орын алды. Тиісінше, ондағы айырбастау бекеттерінің жарғылық капитал бойынша міндеттемесі Алматы мен елорда қатарлы 30 млн теңгеге дейін өсті.

Осыған орай шымкенттік кәсіпкерлер өз қаласын бас қаламен және Алматымен салыстыруға болмайтынын айтады. Өйткені Алатау бөктеріндегі шаһар ХХ ғасыр ортасынан бері ұзақ жылдар мемлекет орталығы болып келді, сондықтан бизнес пен қаржы да сонда шоғырланды. Нұр-Сұлтан қаласында болса, барлық орталық мемлекеттік органдар, мыңдаған шенеуніктер армиясы, ұлттық компаниялар мен инвесторлар бас кеңселері орналасқан. Ал жаңа «№17 өңір» негізінен маңайындағы кенттер мен ауылдардың қосылуы арқасында миллиондық қалаға айналды. Ендеше айырбастау бекеттерінің айналымын басқы екеуімен салыстыруға келмейді.

Бұған қоса, шымкенттік кәсіпкерлерге жұмыс істеу уақытын шектеп, түнде сатуға тыйым салу, жарғылық капиталдың 20 пайызын немесе кем дегенде 20 млн теңгені коммерциялық банктердегі есептік шоттарда босқа сақтауға міндеттеу де ұнамай отыр.

«Бұрындары республикалық маңызы бар қалалардан 5 млн теңге ғана талап етілетін. Кейін Ұлттық банк әрбір айырбастау пунктінің жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерін 6 есе – 30 млн теңгеге дейін арттырды. Басқа қалалар үшін шекті шама 4 есе өсіп, 20 млн теңгені құрады. Енді 100 млн теңгеге дейін күрт көтермек. Мұның арты неге соқтырады? Біз жабылып қаламыз. Нарықта тек алыптар қалады. Олардың өздері шығынды оңтайландыру үшін бекеттер санын азайтуға мәжбүр болады», – дейді шымкенттік айырбастау пунктінің өкілі Хилола Назарметова.

Олар биліктің бұл қадамын түсінбейді және оны кәсіпкерлер қатарын сиретуге, жұмыс жасап тұрғандарын тұншықтырып, жауып тынуға бағытталған деп санайды.

Айтқандай, елордадан соққы сілтеген қаржылық реттеуші сыртында кәсіпкерлер қызметіне жергілікті тосқауылдар да қойылып жатқан көрінеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, шымкенттік айырбастау бекеттері былтыр тіркелген салықтың ең жоғарғы мөлшерлемесі 1 айға 50 айлық есептік көрсеткіш (126 мың 250 теңге) көлемінде бекітілуі кесірінен де зардап шеккен. Мұндай шешімді қалалық маслихат қабылдаған екен. Қолданыстағы заңнама жергілікті билікке осы салық түрін өз бетінше белгілеуге мүмкіндік береді. Шымкент мәслихаты 10-нан 50 АЕК аралығында таңдау жасай келе, ең жоғарғысына тоқтады. Салыстыру үшін айтсақ, Нұр-Сұлтанда бұл салық мөлшері әлдеқайда аз – 30 АЕК.

«Аса ірі саналатын астана мен Алматы қалаларының жайын түсінуге болады, олардағы бизнеске жоғары талап қойылуы заңды. Өйткені беткеұстар қалалар, ірі мегаполистер, әрі өмір деңгейі де жоғарырақ. Олардағы айырбастау бекеттерінің табысын біздікімен салыстырудың өзі әбестік. Бірақ елорданың өзі небәрі 30 АЕК салық төлейді! Онда не себепті шымкенттік бизнес еліміздегі ең жоғарғы салықты төлеуі керек?», – дейді Хилола Назарметова.

Аталған жоғарғы салық енгізілгелі бері 2018 жыл ішінде шымкентте 24 айырбастау бекеті жабылып қалған.

Сарапшылардың сөзінен түйгеніміз, валюта айырбастау пункттерінің қызметін шектеу дұрыс емес. Бас банктің бұл қадамын нарық ойыншылары да құптамайтынын аңғартты. Ал Ұлттық банктің алға тартатын уәжі бөлек. Сондықтан жаңа ойын ережесінің қаншалықты тиімді боларын уақыт көрсетеді. Әйтеуір, алыптардың арасында халық қиналмаса болғаны.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы