«Қапланбек» кеден бекетінде кептеліске не себеп болғаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысындағы «Қапланбек» кеден бекеті арқылы күніне 210 автокөлік өтеді, ал посттың өткізу қабілеті бар-жоғы 100 автокөлік құралын құрайды.Басты мәселе осы, деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Бірінші кезекте тірі жануарлармен, тез бұзылатын тауарлармен, ағашпен және т.б. жүктелген көліктер қозғалады.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев және мемлекеттік жергілікті басқару органдарының басшыларымен Өзбекстанға негізінен ағаш экспортымен айналысатын тасымалдаушылармен жұмыс кездесуі Түркістан облысының «Қапланбек» кеден бекетінің аумағында өтті.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тасымалдаушылардың наразылығына қатысты көлік тұрақтарында ұзақ уақыт тұруына, кеден органдарының іс-әрекеттеріне, көліктердің үлкен кептелісіне байланысты мәселелер қарастырылып, талқыланды.

«Қапланбек» кеден бекетінің қызметі аумағында жұмыс істейтін жеке автотұрақты тексеру кезінде қажетті инфрақұрылым, тамақтану пункттері, тұру және автокөліктерге қызмет көрсету станциялары жоқ екендігі анықталды. Тасымалдаушылармен әңгімелесу кезінде автокөліктердің тоқтап қалуының нақты себебі – тасымалдау құжаттарының болмауы, сондай-ақ, автокөліктердің автотұрақтан кетуінің ұйымдастырылмаған тәртібі екені анықталды»,- делінген хабарламада.

«Жібек жолы», «Атамекен», «Б.Қонысбаев», «Қазығұрт» өткізу бекеттерінде бұл мәселелер ұқсас сипатқа ие.

Кездесудің қорытындылары бойынша, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне өткізу пункттеріндегі өткізу қабілетін арттыру, соның ішінде кедендік рәсімдерді тездету бойынша жедел шараларды қабылдау тапсырылды. Заңсыз кәсіпкерлік қызмет үшін автотұрақтарға қатысты тексеру жұмыстары жүргізілетін болады.

Өз кезегінде, Түркістан облысының әкімдігіне көлік тұрақтарын ұйымдастыру, керекті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жасау бойынша ұсыныстар берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы