Профессионалдар. Информатика пәні мұғалімі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Информатика мұғалімі – ХХІ ғасырдың мамандығы. Қазіргі балалар ерте жастан бастап компьютермен өскенімен, олар информатика негіздерінің не екенін түсіне бермейді. Олар компьютердің не екенін мектеп қабырғасына келгенде ғана толық түсіне бастайды.
Информатика мұғалімдері эрудициясымен, қызығушылығымен, ұтымдылығымен, аналитикалық ойлау қабілетімен ерекшеленеді. Сондай мамандардың бірі – Гүлмира Әбілдинова.
IT мамандарын дайындайтын мұғалім сұхбат барысында информатиканы оқудың маңыздығымен, сондай-ақ еліміздегі IT саласындағы проблемалар туралы сөз қозғап, өз тәжірибесімен бөлісті.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, информатика кафедрасының доценті Гүлмира Әбілдинова Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істейді.
Педагогика саласындағы жалпы еңбек өтілімім 18 жылдан асты. 2019 жылы республика деңгейіндегі «Ең үздік педагог-2019» байқауының грантын жеңіп алдым. Бұл грант мұғалім ретінде шетелдің үздік оқу орындарының зертханаларынан тағылымнамадан өтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біліктілікті арттырып, грант есебінен кітап, монография шығаруға болады, - дейді маман.
Сондай-ақ, ұстаз бұған дейін Павлодар мемлекеттік университетінде жұмыс істегенін, кейін 2013 жылы Еуразия ұлттық университетіне жұмысқа орналасқанан айтты.
Информатика пәні. Алғашқы сабақ
Еңбек жолымды мектептен бастағандықтан информатика пәні бойынша алғашқы сабағымды 11-сыныпқа бергенім есімде. Алғашқы күні әрине қобалжу болды. Өйткені бұған дейін 25 оқушымен жалғыз қалып көрмеген едім. Олар алғашқы сабақта менен қызықты дүниелер күткені сөзсіз. Кейін тәжірибе жинап, сабақ барысында оқытудың түрлі әдістерін, құралдарын қолданып, оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттыратын тәсілдерді енгізуге тырыстым, - дейді ол.
Еліміздегі IT саласында айтарлық проблема бар деп айта алмаймын
Еліміздегі информатика, IT саласында айтарлық проблема бар деп айта алмаймын. Болған күннің өзінде оның шешімін табуға болады. Дегенмен заманауи үлгіде жабдықталған кабинеттердің болғаны дұрыс. Яғни интерактивті тақталар, заманауи моноблоктар. Сондай-ақ, IT жабдықтар мен IT бағдарламаларды сабақтарымызда, дәрістерімізде қолданғымыз келеді. Себебі бұл тек қана оқытушыларға ғана емес, сондай-ақ оқушыларға да қызықты болар еді, - деп айтты Гүлмира Әбілдинова.
Сұхбат кезінде оқытушы университет қабырғасында жүргізіп жатқан жұмыстарының бірқатарымен бөлісті.
Бүгінгі күні докторанттармен жүргізіп жатқан бағытымыз – виртуалды өмір. Бұл - қазіргі күні бәріне танымал қызықты бағыт. Аталған жоба бойынша оқу процестерінде түрлі сервистерді қолдану үшін әзірлеп жатырмыз, - дейді маман.
Оның айтуынша, жаңа технологиялардың кемшілігінен гөрі артықшылығы өте көп.
Заманауи технологиялардың кемшіліктерінен бұрын, артықшылықтарын көптеп атап өтуге болады. Айта кетсем, контентті ілгерілетеді, оқу материалының мазмұнын визуалды түрде көруге мүмкіндік беріп, студенттердің назарын аудартып, ынталандырады, - деп түсіндірді Әбілдинова.
Сондай-ақ, студенттерге информатика пәнін оқыту барысындағы маңызды дүниеге тоқталды.
Студенттерді информатикаға оқыту барысында оларға не қызық, бұған дейін олар нені білмеді және практикалық өмірде пайдалана алмайтын білімді береміз. Сонымен қатар теориялық материалдарды біле тұра шеберліктерін қалай арттыруға болатынын үйретеміз. Біздің университетте білім алған студенттерге алған білімдері болашақтағы өмірлеріне көмектеседі деп үміттенемін, - деп түсіндірді информатика кафедрасының доценті.
Мұғалім студентпен бір тілде сөйлеуі керек
Қазіргі заманда қоғамда АКТ-ның барлық құралы енгізіп жатыр. Бұл – ақылды үйлер, виртуалды кітаптар, Big Data көмегімен жасалған сараптама, blockchain-дер. Яғни адамдар қаламаса да, болашақта осы сұраққа тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан әлем өзгерген сайын адам да соған сай өзгереді, - дейді мұғалім.
Оның айтуынша, күн сайын АКТ (Ақпараттық коммуникациялық технологиялар) саласы өте тез дамып келеді, жаңа технологиялар пайда болып, қоғам мен үкіметке енгізіліп жатыр. Сондықтан АКТ білмеу, әсіресе мұғалім үшін қиын. Өйткені мұғалім студентпен бір тілде сөйлеуі керек. Демек цифрлы буын тілінде.
Информатика пәні мұғалімі оқуы тиіс кітаптар
Қазір кітаптар, оқулықтар өте көп. Бүгінгі күні адамдар кітапханаға көп бара да бермейді. Өйткені қажетті кітаптардың электронды нұсқасын интернеттен оқып алуға болады. Менің ең алғаш оқыған кітабым Н.Вирттің «Алгоритмы и структуры данных». Маған ұнаған информатика бағытындағы кітап осы, - деп айтты маман.
Әбілдинованың сөзінше, бұл кітаптың құрылымы өте қызықты жазылған. Дегенмен қазір бұл кітапта жазылған ақпараттар ескірген. Алайда кітаптағы деректер ескіргенімен негізгі принциптерін бүгінгі күні де қолдана беруге болады.
Прогрессивті жас буын өсіп келеді
Өте көп магистранттарды дайындап шығардым. Олар өздерінің магистрлік диссертацияларын қорғады. Бұл түлектердің басым көпшілігі қазір жұмыс істейді. Яғни «информатика» мамандығын бітіргендердің көбі мектептерде, білім салаларында және ғылыми орталықтарда қызметке тұрды. Өз оқушыларыммен мақтан тұтамын. Өйткені әлі күнге дейін біз байланысымызды жоғалтпадық. Туындаған мәселелерді талқылап та тұрамыз. Оларды оқушыларым ретінде де, IT саласының мамандары ретінде де құрметтеймін, - деді Гүлмира Әбілдинова.
Оның пікірінше, қазір жан-жақты, прогрессивті жас буын өсіп келеді. Олардың өте көп қызықты идеялар бар және оны өздері жүзеге асырып та жүр.
Қашықтан оқытудың артықшылығы мен кемшілігі
Әңгіме барысында педагогика ғылымдарының кандидаты қашықтан оқыту мәселесіне де тоқталып, пікірін білдірді.
Онлайн оқудың арқасында көпшілік әлемнің кез келген жерінде кез келген құрылғы арқылы кез келген оқытушыдан білім ала алады. Онлайн оқитын адамға керегі ноутбук пен интернет қана. Дегенмен қазіргі күні ақпарат өте көп. Ең бастысы оны дұрыс өңдеп, қолдана білу керек, - деп айтты ол.
Сонымен қатар, Гүлмира Әбілдинова онлайн оқудың кемшілігі де бар екенін жоққа шығармады.
Дәстүрлі оқу кезінде студентті көзбен көріп, ести аласың, сондай-ақ интернетпен, байланыспен ешқандай проблема да болмайды. Бірақ интернет провайдердің жылдамдығы өте жоғары болса, онда түрлі видеоконференция жүйесі арқылы сапалы жұмыс жүргізуге болады, - дейді ол.
Ол айтқандай, пандемия әсерінен қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болғандықтан көп компания өздерінің өнімдерімен, оның ішінде видеоконференция жүйелерін тегін пайдалануға мүмкіндік берді. Атап айтсақ, Microsoft Teams, Zoom, Vabex, Google meet. Мүмкіндік өте көп. Бастысы өзіңе ыңғайлы платформаны таңдау керек.
Ақпараттық технологиялар факультеті. Университетте 50-ден астам арнайы пән оқытылады
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жастардың ұлттық-мәдени, рухани, адамгершілік тәрбиесіне үлкен көңіл бөлетін жоғары оқу орнының бірі.
Қазіргі таңда оқу орнында 13 кафедра өз жұмысын жүргізуде, сондай-ақ екі әскери-оқу мамандықтары бойынша запастағы офицерлерді даярлау бойынша әскери кафедра өз жұмысын жалғастыруда. Университеттің ғылыми бөлімдерден тұратын мықты материалдық базасы бар. Мысалы ғылыми-зерттеу институттары, көптеген зертхана мен ғылыми орталықтар. Оның негізінде Тұңғыш Президенттің бастамасы бойынша М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалы ашылды. ЕҰУ елдегі ірі ғылыми және білім беру орталықтарының бірі екені мәлім. Университеттің оқытушылар құрамы жоғары білікті мамандардан тұрады. Олардың көпшілігі ғылым докторлары мен кандидаттары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, - дейді ол.
Гүлмира Әбілдинова ақпараттық технологиялар факультетінде ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметін жүзеге асырып келеді.
Бүгінгі таңда Ақпараттық технологиялар факультеті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші және перспективалы бөлімшелерінің бірі. IT-мамандықтары бойынша қазіргі заманғы жоғары білім беруді дамытудың негізгі бағыттары - құзыреттілікке және жеке тұлғаға бағытталған тәсілдер негізінде оқу процесінің мазмұнын зияткерлендіру, оқытудың жаңа инновациялық нысандарын енгізу, студенттер үшін жағдай жасау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Нәтижесінде мұның бәрі қоғамды цифрландыру, еңбек нарығындағы бәсекелестіктің күшеюі жағдайында өзінің жұмысқа орналасу проблемасын табысты шешуге қабілетті мамандарды даярлауға әсер етуі тиіс, - деп атап өтті Әбілдинова.
Факультеттің негізгі бағыты - классикалық университеттік білім берудің әлемдік көшбасшылары, яғни ғылыми-зерттеу университеттерінің тобына кіру.
Болашақта ақпараттық технологиялар факультеті зерттеу үлгісіндегі білім беру құрылымы және IT-индустрияның нақты секторына интеграцияланған IT-білім беру саласындағы жетекші инновациялық орталық ретінде қарастырылады.
Факультетте жұмыс істейтін перспективалы кафедралардың бірі - информатика кафедрасы. Информатика кафедрасында 2 ғылым докторы, профессорлар, 14 ғылым кандидаты, доценттер және ақпараттық технологиялар саласындағы 6 магистр жұмыс істейді.
Кафедраның ПОҚ 50-ден астам жалпы білім беретін және арнайы пәндерді оқытады. Оның ішінде «Информатиканы оқыту әдістемесі», «Алгоритмдеу және бағдарламалау», «Visual С/С+ нысанға бағытталған бағдарламалау», «Python бағдарламалау негіздері», «Компьютерлік жүйенің архитектурасы», «Дербес компьютерді басқару және баптау», «Компьютер мен желілердің техникалық сипаттамалары», «Компьютерлік жүйелер мен желілер», «Информатика бойынша жобалау қызметін ұйымдастыру», «Информатика сабақтарында CLIL әдістемесін қолдану», «Информатика және АКТ мектеп курсындағы робототехника элементтері», «Lego Mindstorms EV3 негізіндегі робототехника», «Arduino платформасындағы робототехника», «Scratch Лого бағдарламалаудың ойын ортасы», «Компьютерлік ойындарды әзірлеу және жасау», «2D/3D модельдеу», «Инфографика және Flash технологиялар», «бағдарламалау бойынша олимпиадалық есептерді шешу практикумы», «Веб-бағдарламалау», «Android платформасындағы мобильді бағдарламалау», «Қауіпсіздік және интернет», «Big Data», - деп атады ол.
Университеттегі ғылыми және білім беру іс-шараларын Испания, АҚШ, Жапония, Италия, Иран, Түркия және Оңтүстік Корея сияқты елдердің шетелдік оқытушылары да жүргізеді. Бұл студенттердің ғылыми әлеуетін арттырып, білім сапасын арттырады.
Қазір халықаралық Erasmus+ жобасына жетекшілік етемін
Университетте Еуропалық комиссияның қолдауымен Erasmus+ халықаралық жобалары жүргізілуде. Жобалардың бірі - «Жаңа технологиялар (HiEdTec) арқылы Орталық Азиядағы жоғары білімді модернизациялау». Жобаның үйлестірушісі - Болгарияның Русе университеті. Сонымен қатар жобаның негізгі мақсаты - АКТ базасында Инновациялық білім беру технологиялары мен дидактикалық модельдерді оқу процесіне енгізу және тиімді іске асыру арқылы серіктес елдердің білім беру жүйесін цифрлық ұрпаққа бейімдеу, еуропалық елдер мен серіктес елдердің жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайту, сондай-ақ цифрлық педагогика және инновациялық білім беру технологиялары саласында озық тәжірибемен алмасу жолымен білім беру мен кәсіптік даярлықтың халықаралық өлшемін кеңейту. Қазіргі уақытта Қазақстанда аталған жоба қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр, - деп айтты Гүлмира Әбілдинова.
Оның айтуынша, дәрістер түрлі цифрлық құрал-жабдықтар арқылы өтеді.
Біріншіден, қазір қашықтан оқыту форматына көшкендіктен сабақтарда көрнекілеу үшін түрлі сервистерді пайдаланып жатырмыз. Екіншіден, қазір өсіп келе жатқан жас буын мүлдем басқаша – цифрлы буын деп айтсақ болады. Демек цифрлы буынды басқа жолмен, АКТ-лар арқылы оқытуымыз керек. Осы ретте Erasmus + жобасы көмектесіп жатыр. Осы жоба аясында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі оқытушыларды оқу процестеріне түрлі инновациялық технологияларды қалай енгізу керектігін үйретудеміз, - деді маман.
Сөз соңында Гүлмира Әбілдинова болашақ жоспарларымен бөлісті.
Болашаққа жоспар өте көп. Түрлі жобаларға қатысуды жоспарлап отырмын. Жобаны жүзеге асыруда университет әкімшілігінің көмегі зор. Алдағы уақытта шетелде жұмыс істеп, еуропалық білім жүйесінің бізден айырмашылығын зерттеп көргім келеді, - деп қорытындылады ол өз сөзін.