Өмір мен өлімнің арасы. Еліміздегі орман шаруашылығындағы жағдай қандай?

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі еңбек адамы, оның ішінде өрт сөндіріп, ел құтқарып, ормандарымызға қорған болып жүрген абзал жандар туралы айтқан еді. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі аталған бағытта қандай жұмыс жасалып жатқанына тоқталды.

Семей өртінің сабақтары...

Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар, - деген еді Ұлттық құрылтайта Президент.

Биылғы жазда болған Семей орманындағы өрт дүйім жұрттың қабырғасын қайыстырды. Төтенше жағдайда ерекше ерлігімен көзге түсіп, жанкештілік танытқан құтқарушылардың еңбегін барша халық көрді. 

Жалпы осы оқиғадан кейін Экология және табиғи ресурстар министрі ауысып, бұл салаға жіті көңіл аударыла бастады. Мәселен жаңа министр Ерлан Нысанбаев Семейде болған өрттен кейін қандай істер атқарылғанын айтты. 

Биыл жазда Семей орманында алапат өрт орын алғанын баршаңыз білесіздер. Орман саласының 15 қызметкері тілсіз жаудың құрбаны болды. Үлкен алқапта болған өрттің бірден бір себебі табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін техникамен қамтамасыз етудің төмен деңгейі, атап айтқанда 70% деңгейінде ғана қамтамасыз етілген. Ал қолданыстағы техниканың 60%-дан астамы есептен шығаруға жатады, - деді Нысанбаев.

Қазір еліміздің табиғат қорғау мекемелерінде 17 мыңнан астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. Оның ішінде орман отырғызу мен оны қорғау саласындағы мемлекеттік орман күзетінің жұмысы ерекше.

Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Үкімет орманның өрт қаупі жоғары учаскелерінде өртті ерте анықтау жүйесін орнатуды мақұлдады.

Сондай-ақ орман және дала өрттерін ерте анықтау және алдын алу бойынша жұмыстар күшейтілуде. Осылайша азаматтық қорғау саласындағы 2023 - 2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарында орман өрттерін ерте анықтау жүйелерін орнату және 102 өрт-бақылау мұнарасын орнату көзделген. Орман қорын авиациялық және жердегі патрульдеу, оның ішінде ҰҰА қолдану арқылы жандандырылатын болады. 

Министрлікте «Ахуалдық орталық» құру жоспарлап отыр. Бұл жүйенің енгізілуінің заңсыз ағаш кесу мен браконьерлікке қарсы күресте маңызы зор. Жалақыны көтеру мәселесіне келсек, 1 шілдеден бастап мемлекеттік орман қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 100 пайызға көтерілді, - деді Ерлан Нысанбаев.

Техника мен жалақы мәселесі

Министр Семей орманында 65 өрт сөндіру машинасының 30 машинасы 1971-2003 жылдар аралығында шығарылғанын айтады. Соынмен бірге 1974 жылы шыққан ГАЗ-66, 1973 жылы шыққан Урал-375 және 1980 жылы шыққан ЗИЛ-131 экспонаттарын мысалға алды.

Осы жылы қалыптасқан жағдайды дұрыстау мақсатында техниканы жаңартуға 13,4 млрд теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін табиғат қорғау мекемелеріне 29 өрт сөндіру автомашинасы, 59 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 151 трактор, 58 патрульдік көлік жеткізілетін болады. Оның ішінде, Семей орманына 10 өрт сөндіру машинасы, 14 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 8 өрт сөндіру прицепі жеткізіледі, - деді Экология министрі.

Министрдің айтуынша, саладағы басты мәселенің бірі – орман мекемелеріндегі техниканың жетіспеуі. 

Бүгінгі таңда мекемелерге техникамен қамтамасыз ету деңгейін 70 пайыз деп отырмыз, оның 60 пайызы есептен шығаруға жататын технка. Жай ғана мысал, Есіл орманында 1973-1974 жылға автоккөліктер әлі жұмыс істейді, себебі жаңасын бермегенсоң ескісін қолданып жүрміз, - дейді министр.

Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, Семейдегі мәселеден кейін Үкімет биыл 13 млрд теңге бөлген. Қазіргі таңда техника жаңартылып, 4 млрд теңге игерілген.

Дронды қолданған тиімді. Бізде арнайы тікұщақ базасынан 16-18 ұшаққа дейін жалданады, олар өрт қаупі жоғары өңірлерді күні-түні бақылайды. Күніне ұшақ базасының категориясы белгіленген. Әрине, ол көп қаржыны талап етеді, - деді Нысанбаев.

Орман шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Мәди Нұрпейісов Ертіс пен Семей орманын дрондардың барын атап өтті.

Сондай-ақ министр штаттағы әкімшілік қызметкерлер (экономистер, бухгалтерлер және т.б.) мен штаттан тыс қызметкерлерге министрлік пен кәсіподақ арасындағы салалық келісімнің аясында 70 пайыз үстемеақы қарастырылғанын атап өтті.

Мәселені жүйелі негізде шешу үшін ведомство орман өрт сөндіру станцияларының өртке қарсы қызметінің штаттан тыс қызметкерлерін (877) штатқа қосу мақсатында үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Қаулы жобасы мемлекеттік органдармен келісу сатысында, - деді министр.

Еңбек адамы – адал азамат

Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Ал жауапсыздықтың салдары неге апарып соқтыратыны кешегі өрт кезінде айқын көрінді. Осындай келеңсіз жағдайлар тек орман шаруашылығында емес, басқа да салада бар. Әрбір адам жауапсыз қадамның арты бүкіл елге қасірет әкелуі мүмкін екенін терең түсінуге тиіс. Барлық салада, барлық деңгейде жауапкершілік болса ғана, ісіміз оңға басады. Шын мәнінде, сын сағатта кімнің кім екені анық көрінеді. Елге жаны ашитын адам қиын жағдайға тап болған жұртқа нақты іспен көмектесуге дайын болады, - деген еді Президен Ұлттық құрылтайда.

Осы орайда есімізге бірден құтқарушылар түседі. Айта кетейік, 19 қазанда «Құтқарушылар күні» тойланып, азаматтық қорғау органдарына 28 жыл толды. 

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі, кәсібилігі, жеделдігі арқасында 413 мыңға жуық адам құтқарылды.

Сондай-ақ түрлі аймақтарынан 380 мыңға жуық адам эвакуацияланып, 70 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілген.

Елімізде өртке қарсы және құтқару қызметтері жұмыс істеген кезде қызметтік міндеттерін атқару кезінде 69 қызметкер қаза тапты. Жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай, оның ішінде 15 мың өрт тіркеледі. 2023 жылдың басынан бастап құтқару бөлімшелері өртке және авариялық-құтқару жұмыстарына 65 мыңнан астам рет шықты, 9,5 мыңнан астам адам құтқарылды, төтенше жағдай аймағынан 10 мыңнан астам адам эвакуацияланып, 4 мың зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер қызмет атқарады, - дейді министр.

Айта кетейік, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин өрт сөндіру кезінде 3 адамның өмірін құтқарып, алған ауыр жарақаттан көз жұмған болатын. Ерлікпен қаза тапқан ерге Астанада ескерткіш қойылып, көшелердің біріні есімі берілді. 

Бәрі де өзімізден басталады...

Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елордамыздың өзінде азаматтарымыз қоршаған ортаға бейқам қарап, әсіресе, жаз кезінде саябақтарды қоқысқа толтырып кетіп жатады. Әрине, бұл – ұят нәрсе. Өйткені өз Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді. Сонымен бірге балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйреткен жөн, - деген еді Мемлекет басшысы экологияға қатысты.

Табиғатты аялап ұстау мен экологиялық ахуалды жақсарту жалғыз министрліктің емес, бүкіл елдің мойнына артылған аса маңызды жауапкершілік. Десе де Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев осы саладағы болашақ жоспарды бөлісті.

Қоршаған ортаға ластаушы заттардың эмиссияларын қысқарту мәселесі бойынша осы жылдың 8 айында ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%, ал шығарындылар 14,2% төмендегені атап өтілді.

Сондай-ақ министр Атырау қаласындағы булану тоғандарын тазарту, Ақмола облысында ПХД-қалдықтарды жою кешенін салу, Ақтау қаласындағы «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру сияқты жобалар туралы айтты.

Осы іс-шаралардың барлығын іске асыру Экологиялық кодекстің және өңірлік экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі Жол карталарының талаптары шеңберінде жүргізіледі.

Орман шаруашылығын дамыту бағыты бойынша Ерлан Нысанбаев орман қорына 2 млрд. көшет отырғызу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

2021 және 2022 жылғы отырғызу жоспарлары орындалды, шамамен 421 млн. көшет отырғызылды. Ағымдағы жылы 409 млн астам көшет отырғызу жоспарлануда. Ормандарды молықтырумен қатар, Арал теңізінің құрғаған түбінде сексеуіл отырғызу жалғасуда. Фитомелиоративтік жұмыстар 2021 жылы 101 мың га алаңда, 2022 жылы 250 мың га алаңда жүргізілді, - деді министр. 

Сондай-ақ орман және дала өрттерін ерте анықтау және алдын алу бойынша жұмыстар күшейтіліп жатыр. Осылайша азаматтық қорғау саласындағы 2023 - 2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарында орман өрттерін ерте анықтау жүйелерін орнату және 102 өрт-бақылау мұнарасын орнату көзделген. Орман қорын авиациялық және жердегі патрульдеу, оның ішінде ҰҰА қолдану арқылы жандандырылатын болады.

Сонымен қатар осы жылдың қаңтар айында қолданыстағы заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерге сәйкес экологиялық бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілік күшейтілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы