Маңғыстауда тозығы жеткен 100-ден астам көппәтерлі үй бұзылады
Қазақта «жадау атқа қамшы үйір, жыртық үйге тамшы үйір» деген сөз бар. Бүгінде өзекті мәселелердің бірі – ескі үйлер. Қазір Маңғыстау облысында 1991 жылға дейін салынған 1148 үй тіркелген. Алайда оларға техникалық тексеру жүргізілмегендіктен, «тозығы жеткен» деп танылмаған. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қарашадағы сайлауалды бағдарламасына сәйкес өңірде 113 көппәтерлі тұрғын үйді бұзуға жол картасы бекітілді. Осы орайда, биыл екі тұрғын үйді бұзу жоспарланып отыр, деп жазады өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
2021-2025 жылға арналған Ақтау қаласы бойынша реновациялық бағдарламасы бекітіліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тозығы жеткен үй деп тану үшін 64 млн теңге қаражат қарастырылып, 130 көппәтерлі үйге тексеру жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ақтау қаласында осы жылы 20 үйге, Жаңаөзен қаласы бойынша 40 үйге, Бейнеу ауданы бойынша 31 үйге, Қарағия ауданы бойынша 15 үйге жоспарлап отырмыз, – деді МО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газбен жабдықтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Раухан Бектұрғанова.
Газ жарылысы, үй кіреберісіндегі маңдайшаның құлауы тәрізді қайғылы оқиғаларға не себеп?
17 сәуірде таңғы сағат 00:50 шамасында Жаңаөзен қаласындағы 2-шағын ауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйде газ жарылысы болып, салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған еді. Бұл қайғылы оқиғаға байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 65 қызметкер, 21 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында 1 адам қаза тапқан болатын. Кейін ауыр жараланғандар көз жұмып, қайтыс болғандар саны 6 адамға жетті.
Бұл қайғылы оқиға бойынша Алматы және Ақтөбе қаласынан сарапшылар тексеру жұмыстарын жүргізді. Қорытындысы шыққан жоқ. «Қазмұнайгаз» АҚ тарапынан 7 пәтер тұрғындарға табыс етілді, – деді Жаңаөзен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Болатов.
11 мамырда Ақтауда 9 шағын аудандағы 4 үйдің кіреберісіндегі бетон маңдайша опырылып түскен болатын. Оқыс оқиға салдарынан бір ер адам оқиға орнында қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы шағын ауданға жауапты «Татьяна» ПИК заңға сәйкес әрекет еткен бе деген сауалға Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясы басшысы Нұрадин Көшербаев жауап берді.
Көппәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсетуші «Татьяна» көппәтерлі тұрғын үй кооперативі «Несібе мол» жеке кәсіпкермен жұмыс жасау кезінде 9 шағын аудандағы 4 үйдің кіреберісінде маңдайшасын бұзу кезінде қайғылы оқиға болды. Үйдің ортақ мүлкіне қызмет көрсетуші мекемелер тұрғындардан түскен шағымдарға сәйкес, олар тұратын ортақ үйде қауіпті жағдай болатын болса, оның алдын алып тұрғындарға жайлы жағдай жасау үшін қызмет көрсетеді. Арнайы комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді ол.
Маңдайшасы құлауға шақ тұрған үйлер Ақтауда шаш етектен. Мысалы, 27 шағын аудан тұрғындары үйлеріне кіріп-шыққан сайын осы маңдайшадан қауіптенетінін жеткізді. Маңдайшалардың біразы апатты жағдайда тұр. Адам өліміне әкелген маңдайшаларды ретке келтіру қалай жүзеге асырылып жатыр?
Заң жүзінде келгенде тұрғын үйді күтіп ұстауға тұрғындар қатысу керек. Оған мемлекеттен қаражат қарастырылмаған. Үй маңдайшалары тұрғындар есебінен жүргізіледі, – деді Нұрадин Көшербаев.
Тәуелсіздік алғалы Ақтауда бірде-бір үйге техникалық тексеру жүргізілмеген
Ақтау қаласында 1991 жылға дейін салынған 803 үй бар. Бұл үйлерді бұзуға және жөндеуге арнайы мамандардың сараптамасы қажет. Сол мақсатта 320 үйге қаражат бөлініп, анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы қорытынды шыққаннан кейін 320 үйдің қандай жағдайда екені белгілі болады.
Тәуелсіздік алғалы 1991 жылдан бері Ақтау қаласындағы бірде-бір үйге техникалық тексеру жұмыстары жүргізілмеген. Яғни, апаттық немесе тозығы жеткен деп танылмаған. 1991 жылы 7 тамызда Шевченко қалалық депутаттарының шешіміне сәйкес 3 шағын аудандағы 237 пәтерлі 15 тұрғын үй апаттық жағдайда деп танылған. Одан кейін жұмыстар жүргізілмеген. 2014 жылы Ақтау қаласы әкімдігімен апаттық тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы қабылданып, «Құрылыс строй сервис» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Аталған 15 үйді бұзып, жаңа үй салу бойынша жұмыстар жүргізілді.
237 пәтердің тұрғындары жаңа пәтер алды. Қазір 3 шағын ауданда тозығы жеткен 2 қабатты үйлер бойынша апттық үйлермен айналысқан серіктестік осы бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатыр. Жұмыс жасау бағдарламасы бекітілді, келісімшарт жасалды. Қазір екі тұрғын үйдің монтаждау жұмыстары аяқталып, маусым айының соңында пайдалануға беріледі. 5 үйдің тұрғындары жаңадан салынған үйге көшіріліп, тағы 5 тұрғын үйді бұзу жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Олардың орнына жаңа тұрғын үйлер салынады. Жоспар 5 жылға жасақталған. Жалпы тұрғындармен келісімшарт жасақтау, пәтерлерді табыстау жұмыстарын кәсіпкерлер өздері жүргізіп жатыр. Тұрғын қанша шаршы метрді табыстайтын болса, сондай аумақта жаңа үйден алады, – дейді Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Жанболат Жақыпов.
Тұрғындар қайтарымды несие дегеннен қорқады
Ақтау қаласында ТҮКШ жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жаңғырту бағдарламасы – қайтарымды қаражат. Мемлекет күрделі жөндеуге қаражат бөледі, содан кейін бұл қаражат тұрғындар арасында 7 жылға дейінгі мерзімге бөлінеді. Бағдарлама операторы – «Ақтау тұрғын үй» ЖШС-і.
Тұрғындар қайтарымды несие дегеннен қорқады. Несие 7 жылға дейін, 0,1 пайызбен беріледі. Үйіне кіретін кірісі төмен болып, жұмыспен қамту бөліміне құжаттар тапсырса тұрғын үй көмегі бар. Тұрғындардың 3/2 пайызы келісім берген жағдайда, жергілікті атқарушы органдар сараптамасымен жобалық сметалық құжат жасақталып, тұрғындарға сомасы ұсыналады. Тұрғындар келіскен жағдайда Ақтау тұрғын үй ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ескеретін жағдай үйдің қасбеті, инженерлік жұмыстары, шатырына бөлек жұмыстар жүргізу қарастырылған. Қайтарымды қаражаттың негізгі мақсаты - тозып тұрған үйлерді азайту. Уақытында жөнделсе, оның өміршеңдігі артады. Бұл тұрғындарға тиімді. Себебі, 0,1 пайызбен беріліп жатқан несие ешбір банкте қарастырылмаған.
2021-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының операторы болып табыламыз. Тозығы жеткен көппәтерлі үйлерге күрделі жөндеу жүргіземіз. Бірінші мәселе тұрғын үйлерге техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, үйлердің жағдайы анықталады. Бұзуға кететін үйлер, ағымдағы, күрделі жұмыс жасайтын үйлер анықталып, жобалық-сметалық құжаттама жасалады. Осы құжаттама жасақталғаннан кейін мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, жергілікті атқарушы орган біздерге құжаттарын ұсынады. Содан кейін үшжақты келісімшарт жасаймыз. Негізі тапсырыс беруші тұрғын үй пәтерлерінің иелері болып табылады. Пайдаланып отырған аумағына байланысты несиені төлейді. Күрделі жұмыстарға шатыры қасбеттері, жертөле, баспалдақ және инженерлік желілер жылу, тоқ, газ, кәріз кіреді. Біздің мақсатымыз - «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясына тұрғындарға қолайлы өмір сүруге жағдай жасау. Жөндеуден кейін 15 жылға дейін тұрғын үйдің өміршеңдігін ұзарту. 2011 жылдан бері Ақтау қаласы бойынша төменгі шағын аудандарда 24 үй жөндеуден өтті. Тұрғындар тарапынан мемлекет тегін жасап беруге міндетті деген сұрақ көп қойылады. Көпшілігі үй тозып тұрса да, төлемдерін төлеуге қиынсынады. Кондоминиум обьектісінің екі шарты бар. Үкіметтен оператор арқылы жөндеу, МИБ арқылы екінші деңгейлі банктен несие алу. Біздің тарапымыздан 0,1 пайыздық несие, мемлекеттен көрсетіліп отырған жеңілдік. Жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттің тұрғын үй көмегі қарастырылған, – дейді Ақтау тұрғын үй ЖШС директорының орынбасары Әсет Маратұлы.
Қайтарымды қаражат жаңғырту бағдарламасы биыл Жаңаөзен қаласында да іске асып жатыр. Мұнда ең проблемалы тұрғын үй кешендері қамтылады. Жаңаөзенде 262 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 52-сі күрделі жұмыстарды қажет етеді деп танылды. 42-сі ескі үйдің қатарында тұр.
«Нұрлы жер» бағдарламасы 2020 жылдан басталды. 2020 жылы 3 үйде, 2021 жылы 2 үйде, 2022 жылы 7 үйде күрделі жұмыстар жүргізілді. 2023 жылға 15 үйді күрделі жұмыс жүргізу жоспарлануда. Қазір 2 үйдің тұрғындары оператор мекемемен келісімшарт жасап жатыр, – деді Нұрсұлтан Болатов.
Ақтау қаласындағы кәріз құбырлары 80 пайыз тозған
Бұл орайда, инженерлік желілерін толық ауыстыруға тұрғындар келісім беріп отыр.
Ақтау қаласының депутаты Сұңғат Қанаев қаладан реновациялық қор ашуды ұсынған. Өңірдегі ірілі-ұсақты мұнай компаниялары, кәсіпкерлер, түрлі деңгейдегі меценаттар және қала жанашырлары қорға қаражат құйып, жиналған қаражат 1960-90 жылдары аралығында шаһарда салынған көпқабатты тұрғын үйлердің тозығы жеткен тұстарын жөндеуге жұмсалуы қажет, екінші нұсқа мемлекеттік кәсіпкерлік серіктестікпен тозығы жеткен үйлерді жөндеуден өткізсе деп ұсыныс айтқан.
Халық қалаулыларының ұсынысы өте дұрыс. Қазіргі жағдайда МИБ бар, көппәтерлі тұрғын үйді басқару формаларында екінші деңгейлерден екі шот ашып жатыр. Біріншісі ағымдағы жөндеу болса, екіншісі жинақ қоры. Егер мұнай компаниялары, меценаттар қолдап жатса, тұрғындарға пайдасы тиеді,– деді Нұрадин Көшербаев.
Қазір меншік иелері бірлестігі жұмысын бастады. Ол қарапайым тұрғындардан құрылады. Егерде МИБ-ке тапсырылатын болса, жаңа үйлер түсінікті, ескі үйдің сыртын жөндеп, күрделі жұмыстар жүргізіп, әкімшілік неге тапсырмайды? Құлайын деп тұрған үй маңдайшалары, тозған шатырларды халық мойнына алу керек пе? деген тұрғындар сауалына Нұрадин Көшербаев былай жауап берді.
Бұл жерде ПИК тұрғындардың меншігінде. Қазір бұл үйлер мемлекет меншігінде емес. Осы уақытта дейін тұрғындар өздері таңдаған ПИК, МИБ болмаса, басқарушы компаниялар қызмет көрсетіп келді. Мемлекет толық жасап бермейді. Үйлердің бәрі жекеменшік. Соған байланысты үйдің шатырынан бастап жертөлесіне дейін өздерінің үлесіне есептелген. Сондықтан бұл тұрғындардың меншігі болып есептеледі, - деді ол.
Қазақта «ойдағы үй – селдікі, өрдегі үй – желдікі, жазықтағы үй – елдікі» деген сөз бар. Пәтерлеріміз бүтін, жауаптылардан күтім болса, тұрғын үй кешенін жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай іске асады деген сенім бар.