ІІМ ескертті: Шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру аяқталды

2023 жылғы 1 шілдеде елімізге шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру бойынша науқан аяқталды. Былтыр осы көліктерге қатысты мәселенің ушығып кеткені соншалық бұл іске, тіпті, мемлекет басшысы араласты. Ол өз Жолдауында мемлекеттік органдарға тапсырма беріп, мәселенің шешу жолдарын қарастыруды талап етті. BAQ.KZ тілшісі сол тапсырмалардың қалай орындалғанына және 1 жыл ішінде атқарылған жұмыстың нәтижесіне тоқталды.

Президент араласқан мәселе...

2022 жылдың 1 қыркүйегінде елімізде автосақтандыру полисімен 300 мыңнан астам көлік жүрді. Автосақтандырулардың ең көбі Ресейден келген автокөліктерге берілген, олар шамамен 260 мың, Қырғызстан автокөліктері – 25,5 мың және Армения көліктері – 18 мың болды.

Қазақстан жолдарындағы бұл жағдайды реттеп, көліктерді заңдастыру оңайға соқпады. Сол кезде бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев баса назар аударып, Жолдау кезінде проблемены шешудің жолын ұсынды.

Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара, - деген еді сол кезде президент.

Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыру бойынша жұмысқа кірісті.

Көліктерді заңдастыру - біржолғы науқан

Нәтижесінде бірқатар істің басы қойырылып, көлік иелеріне мемлекет тарапынан қолайлы мүмкіндік берілді. Осы орайда елімізде заңдастыру науқаны қалай өткені туралы Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев жауап берді.

Бірінші кезекте қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілді. Яғни Салық кодексінде мұндай көліктің бастапқы тіркеуі үшін алым 200 000 теңге көлемінде белгіленді. Ал Экологиялық кодекс бойынша олардың иелері кәдеге жарату алымын төлеуден босатылды. Сөйтіп заңдастыруға өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 23 қаңтарынан 1 шілдесіне дейін жүргізілді, - деді ол.

Оның айтуынша, бұл мемлекет тарапынан жасалған біржолғы науқан.

Өтінімді уақтылы беріп, алайда белгіленген мерзімде көлігін заңдастырып үлгермеген Қазақстан азаматтарына оларды заңдастыру құқығы 2023 жылдың 1 шілдесінен кейін де беріледі. Осылайша елімізде барлығы 219 мың автокөлік заңдастырылды. Заңдастыру кезінде Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген нақты талаптар басшылыққа алынды. Яғни автокөліктер Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген, қылмыстық іздеуде болмаған және кедендік ресімдеуден өткен болуы керек еді, - деді комитет төрағасы.

Ішкі істер министрлігінің жұмысы

Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, заңдастыру барысында қосымша мәселелер де шешілді.

Біріншіден, қосалқы бөлшектер түрімен әкелінген, елден тыс жерлерге иеліктен шығару және әкету құқығынсыз автомобильдерді қазақстандық есепке қоюға рұқсат етілді. Осылайша елімізде 16 мың автоконструктор тіркелді.

Екіншіден, ЕАЭО елдерінде есептен шығарылмаған автомобильдер үшін, оның ішінде оларға қойылған шектеулерге байланысты (шамамен 124 мың автомобиль) заңдастыруды кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Яғни олар 5 жыл мерзімге уақытша есепке қойылады. Ол үшін олар шетелдегі бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылып, кері әкетуге не бастапқы тіркеуден өтуге міндеттеледі. Қазіргі кезде уақытша есепке осындай 2,7 мың авто қойылды.

Үшіншіден, үшінші елдерден (негізінен Грузиядан) әкелінген және кедендік тазартудан өтпеген (шамамен 15,5 мың көлік) автомобильдердің барлығы ескі деп саналып, экологиялық талаптарға сәйкес келмегендіктен, кедендік рәсімдеуден өтпеген болып саналады. Сондықтан Үкімет «экологиялық талаптарға онсыз да сәйкес емес көліктерді растаудың қажеті жоқ» деген арнайы ереже бекітті.

Осылайша 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автомобильдердің мәселесі толық көлемде (қылмыстық мәселелерден басқа) шешілді деуге болады, - дейді Қайсар Сұлтанбаев.

Заңдастыру мен цифрландыру

Ішкі істер министрлігінің өкілі көліктерді заңдастыру аясында цифрландыру мен жол апаттарын азайту мәселесіне де тоқталды.

Заңдастыру аясында министрлік қысқа мерзім ішінде азаматтарға ыңғайлы болу үшін және сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін ақпараттық жүйелер әзірледі. Бұл цифрлық жаңартулар е-гов порталында, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында көрсетілген, - дейді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша, цифрландыру аясында арнайы ХҚКО-лардағы кезек азайып, адамдар "цондарда" топырламайтын болды.

Осы орайда цифрлық шешімдерді қолдану нәтижесінде біз 2022 жылы қалалардағы жол апатында қаза тапқандар санының 4%-ға төмендеуіне қол жеткіздік. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерді қағу үлесі 11%-ға төмендеген, - деді ол.

Оның айтуынша, жол апатына қатысты барлық көрсеткіштер биыл да төмендеп жатыр.

Жол-көлік оқиғалары 14%-ға және оларда жарақат алған азаматтар саны 18%-ға азайды. Нақты санмен айтсақ, бұл біздің 2 мыңға жуық азамат аман қалды деген сөз, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Заңға бағынбағандарға не болады?

Қазіргі кезде елімізде 4,7 миллионнан астам автокөлік тіркелген. Тек 2022 жылдың 1 қыркүйегінен 2023 жылдың 1 тамызына дейін ел аумағында 142 мың жеңіл автокөліктің кәдеге жарату мен алғашқы жинау ақшасы төленіп, алғаш рет тіркелген. Оның ішінде 95 мың көлік алыс және жақын шетелдерден әкелінді. 2022 жылғы мамырда кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі 2 есе төмендетілгенін айта кетейік.

Біздің есеп бойынша 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін Қазақстанға шамамен 20-30 мыңға жуық автокөлік әкелінді. Демек азаматтар бұл көліктердің жалпы негізде тіркелетінін біледі және елге мақсатты түрде әкелді. Мемлекет басшысы заңдастыру біржолғы акция екенін айтып, ескерткен болатын. Сондықтан алдағы уақытта ел аумағына шетелдік автомобильдерді әкелу мен пайдаланудың заңсыз арналарын жабу үшін нақты шаралар қабылданады, - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.

Автосақтандыру

Ішкі істер министрлігі өз құзыреті аясында шетелдік автокөлік иелерінің міндетті автосақтандыру жөніндегі талаптарды орындауына да баса назар аударып отыр. Мәселен 1 шілдеден 31 тамызға дейін заңнамаға сәйкес келмейтін шетелдік автомобильдерді пайдалануға тыйым салу мақсатында «Автомобиль» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.

Міндетті автосақтандыру мен жол қозғалысы саласындағы қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес 2023 жылғы 12 қаңтардан бастап шетелдік автомобильдерге міндетті автосақтандыру полисін ресімдеуге жол берілмейді. Көлікті автосақтандыру полисінсіз жүргізуге болмайды. Аталған құқық бұзушылық үшін 34,5 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұдан басқа, аталған жағдайда полиция қызметкерлері автомобильдерді тоқтатып, оларды арнайы тұрақтарға жеткізуге құқылы, - деп түсіндірді Қайсар Сұлтанбаев.

БІЛУ МАҢЫЗДЫ!

2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген автомобильдер заңдастыруға жатпайды.

Олар кедендік төлемдер, кәдеге жарату және бастапқы тіркеу үшін алымдарды (автокөлік түріне, шығарылған жылына, қозғалтқыш көлеміне және т.б. байланысты) толық көлемде төлеп қана бастапқы тіркеуге алынады.

Егер мұндай автокөліктердің иелері бастапқы тіркеуден өтпесе, олар бұрынғыдай автосақтандыру негізінде Қазақстан жолдарында жүре алмайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы