Демократияның теоретигі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Моңғолия кәсіподағы орталық комитетінің хатшысы, Моңғолия үкіметі басшысының орынбасары және Моңғолия Парламенті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған, Моңғолияның жаңа Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі Зардыхан Қинаятұлының туғанына 80 жыл толып отыр.

Ол 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударып, 2016 жылы Алматыда дүиеден өткен болатын. Назарларыңызға Зардыхан Қинаятұлының үзенгілесі, Моңғолияның жаңа Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі Б.Батхишигтің ғалым жайлы естелігін ұсынып отырмыз. Моңғол тілінде жарық көрген еңбекті сол елде тұратын қандасымыз Хабсатар Омарұлы қазақ тіліне аударған.

Доктор Зардыхан Қинаятұлын еске алғанда

1989 жылдың күзінде еліміздің билігін ұстаған партияның (МХРП) басшылығы жанындағы Қоғамдық ғылымдар институтының докторы Қ.Зардыхан басшылық ететін бөліміне арнаулы тексеру емтиханынан өтіп, жұмысқа орналастым.

Демократияның лебізі білініп, желемігі есе бастаған жаңа кезеңде сонау 1987 жылдардан бастап демократияны, жаңашылдықты ұсынып, көлемді мақала жазып, сұхбат беріп жүрген Қ.Зардыханның басшылығында жұмыс істеу мен үшін қызықты еді. Жаңа жұмысқа орналасқан соң, көп кешікпей Қ.Зардыхан бастық мені шақырып елдің жағдайы, партия, өкімет билігі, әрі қарайғы бағыт-бағдарламасы туралы кеңінен отырып әңгімелесті. Соңында ғалымдардың басын қосып, партия мен қоғамды жақсартуға байланысты түбегейлі жаңа бастама, пікірлер ұсынып, дайындайтын топ құратынын, сол құрамға мені шақырып отырғанын айтты. Мен де елеп-ескергеніне рақметімді айтып, келісімімді беріп, Зақаңның басшылығымен жұмысқа кірісіп кеттік.

Сол жылдың соңын ала Зақаң тарих, философия, экономика, әлеумет, халықаралық қатынас қатарлы бағыттарда танылған 15 адамнан құралған ғалымдар тобын жасақтап, Ленин музейінің бір бөлмесіне орналасты. Ғалымдарды тағы 4-5 кіші топқа бөліп жұмыстатты. Күн-түн демей, өте шұғыл жұмыс істедік. Отырған жерімізге үйі ең жақын Зақаң түнделетіп үйінен сүтті шай, қазы-қарта астыртып әкеліп береді. Жұмыс өте көңілді. Жалқаулап босаңсу деген жоқ. Ой-пікірлерді ортаға еркін тастап, сұрақ-жауап пен өткір пікірталас болып, содан қорытынды шығарып, түсінік, пікірлерімізді біріктіреміз. Соңында Зардыхан доктор түйіндеп, қорытынды жасайды. Содан кейін қайтадан ой елегінен өткізіп, қағаз бетіне түсіреміз. Әр саланың маман-ғалымдары жан-жақты талқылағандықтан, нәтижесін беріп, ойымыздан шығатын нәрсе істеп жатқанымызға барлығымыз сенімді, ықыласты едік.

Осылайша 15 ғалым бір жарым ай жұмыс істеп, партияның бағдарламасы мен жаңа ереженің (уставтың) жобасын дайын болдырдық. Енді оны қалай іске асыру туралы ойымызды біріктіріп, партияның төтенше құрылтайын шақырып, сонда осы құжаттарды бекіту жөн деп көріп, бұл туралы партияның Орталық комитетіне ашық хат жолдадық. Ол «Жан-жақты, кешенді өзгеріс қажет» деген атпен орталық баспаға шыққаны көпшіліктің назарына дереу ілініп, қолдау тапты. Онда біз үш пікірді ерекше атап, ұсындық:

1. Партияның төтенше құрылтайын тез арада шақырып, қазіргі жағдайға қорытынды жасап, партияға түбегейлі өзгеріс жүргізіп, басшылығын жаңартып, кезекті съезге дайындау;

2. Елдің Халық Ұлы құрылтайының кезекті сайлауының уақытын жақындату, жаңа Негізгі заңды дайындау, соған сәйкестіріп, жаңашылдыққа сай келетін Заң ереже бекітіп шығару;

3. «Партияның бүгінгі бағдарламасы, ереже-уставы өмір талабынан қалып қойғандықтан, жаңа бағдарлама, ереженің жобасын әзірлеп, жуық арада береміз», - деп мәлімдеме жасадық.

Осылардың барлығын Зақаңның басшылығымен жасадық және партия мен Үкіметтің орталық баспасы – «Үнэн» (Шын) газетіне бастыруды да ол кісі, жаңашылдықты қолдаушы бас редактор, Моңғолияның атақты жазушысы Л.Түдэвпен сөйлесіп, келісімін алғанының арқасында толық іске асырдық. Барлық билік, бақылау әлі де партияда болғанына қарамастан, оны түбірімен өзгертіп, жаңалаймыз дегеніміз біз үшін үлкен тәуекелге барумен қатар, үрейлі де қауіпті іс еді. Бірақ біз алған бетімізден қайтпадық.

Біздің дайындаған бағдарламалық құжатымыз төмендегідей бөлімнен тұратұғын:

- Кіріспесінде: МХРП өзіне түбірлі өзгеріс жасап, жаңалап, бұдан былай «Моңғол Халық Партиясы» (МХП) деп атауын өзгерту; (Бұл партияның алғашқы атауы еді.) 1925 жылдан Коминтерннің ұсынысымен, болшевиктердің ықпалымен қосылған «революциялық» деген атауды алып тастап, алғашқы атын қалпына келтіру;

Сондай-ақ, сол бағдарламалық үндеуді «Қайырымды, мейірбан қоғамның асыл мұраты» деген атпен бастап, «еліміздің әр азаматы еңбек ету, демалу, оқып-үйрену, маман игеру, дәрігери көмек алу, шығармашылықпен айналысу, ой-пікірін еркін білдіру, ар-ұжданын қорғау, дін ұстану, қайда өмір сүріп, қайда тұруын өзі таңдау құқығын, әлеуметтік және заңдық құқығына кепілдік алу үшін күреседі» - деп жариялағанымыз кейін 1992 жылғы елдің Негізгі заңына толық енген еді.

Мәдениет, оқу-ағарту, ғылым, денсаулық сақтау саласын халықшылдықтың негізінде дамытып, оның қаржыландырылуын мемлекетпен бірге жекелер мүлігінен де шығарып, дәулеттің әр түріне еркіндік беруді де ұсындық.

Осы бағдарламалық үндеуде экономика саласы бойынша ұсынысымыз мынадай болды:

Мемлекеттің үлестіруіндегі еркін нарыққа көшіп, дәулет иелігінің көп түріне, оның ішінде жеке шаруашылықты дамыту ұсынылды. Экономикалық барлық іс-шараны экологиялық тепе-теңдікті бұзбай жүргізуді ұсынғанымыз нарықтық кезеңдегі табиғат қорғау мәселесін алғаш рет жаңадан көтеру еді.

Қоғамдық санада адамның еркін дамуына мүмкіндік беру, БАҚ-тың тәуелсіздігін қанымдау еркіндігін кепілдендіру, адамдарға нақтылы, шын мәлімет беру қатарлы қалтарыссыз еркін қағиданы ұстану керек деген мақсат қойылды.

Бағдарламалық үндеуде еліміздің сыртқы қатынасында тәуелсіз, егеменді, икемді халықаралық саясат жүргізу көрсетілді.

«Мемлекеттілік құрылымда халықтың толық құқығына кепілдік бола алатын заңнамалы мемлекет орнату» - деп жаздық. «Ол үшін жалпы халықтық, демократиялық сайлау жүргізіп, тұрақты парламентті, президенттік құрылымы бар ел болуымыз керек», - деп, Қ.Зардыхан бастап жазғызған сол бір идеямыз 1992 жылы бекітілген жаңа Негізгі заңға кіріп, бүгінгі күні еліміздің саяси жүйесінде кепілденіп, нақтылы өмірде қолданылып келеді. Сонда Зақаңның басшылығымен жазған «Заң барлығынан жоғары тұрып, оған мемлекеттің өзі бағынуға тиісті» - деген қағида бүгін шынайы болмысқа айналғанын еске алғанда, қандай іс атқарылғаны анық көрінеді.

Сол бір саяси жазба бұрынғы социалистік қоғамның іргесі сөгілмей, партия тек өзі ғана билеп-төстеп тұрған сонау 1989-1990 жылдарда жазылса да, бүгінгі өмірде шындық болып іске асқанына қарағанда, бүгінгі қоғамды алдын ала бейнелеген бағдарлама болғаны айдан анық.

Сондай-ақ, Зақаң бастаған 15 ғалым партияның жаңа ережесінің жобасын да жасап, «онда партияға мүше ілестіруді бастауыш партия ұйымы өзі дербес шешуі; партияның жоғарғы басшылығын «басқарма» деп атап, «саяси бюро» деген құрылымды жоқ етуі; партия өз іс-қызметін өзі қаржыландырып, мемлекет қаражатынан ақша алудан бас тартуы жөн» деген пікір-ұсыныс жазылды. Партия уставына «Бұрын бюрократиялықпен басқарып, барлығын жоғарыдан бұйыратын жүйені өзгертіп, енді партияның іс-қызметін демократиялық жолмен, бірлікпен жүргізу қағидасына өтсін» - деген түбірлі өзгеріс енгізілді.

Доктор Зардыхан Қинаятұлы теориялық кең білімді, өткір ойламды, терең логикалы тарихшы, философ болғандықтан, бірнеше ғалым – бізді, шынымен, тас-түйін бастап, нәтижелі жұмыстайтындай мүмкіндік туғызып беріп отырды. Ол социализм заманында оқып-үйреніп, тәрбиеленіп, жұмыс істеп, өмір сүргеніне қарамастан, демократия, жаңарту теориясы мен қағидасын, іс-тәсілін, заңын, категориясын қайдан, қалай ұғып, біліп туғанына біз таңғалушы едік. Тек бізге ғана ұқтырып, үйретіп қоймай, жаңашыл-демократ жастарға да кеңес беріп, көмектесіп, үйретіп отыратын. «Партияны жаңартуды жеделдетпесек, кеш қаламыз» – деп, барлығымызды асықтырушы еді.

Осылайша, Қ.Зардыхан бастаған 15 ғалым дайындаған партия бағдарламасы мен ережесі газетке басылып шыққан соң, адамдардың жаппай саяси белсенділігі оянып, бізбен кездесіп, әңгімелесулері көбейді. Аталмыш құжаттарды насихаттау шарасы да үздіксіз жүріліп жатты.

Кешікпей биліктегі партияның Төтенше құрылтайы шақырылып, біздің дайындаған үндеу-жобамызға «Партияның бағдарлама-манифесі», «Партияның ережесі» деген ресми атау беріп, бекітті. Бірақ партияның атауын өзгертпегеніне көңіліміз толмады.

Осылайша, Қ.Зардыхан доктордың басшылығында 15 ғалым биліктегі партияны ғана емес, ескі социалистік қоғамды түбірімен өзгертіп, жаңа демократиялық қоғам орнату, нарықтық экономикаға өту, саяси жаңа құрылым құру, адам құқығы мен еркіндігін нақты іс жүзінде іске асыру, зайырлы, ашық, тәуелсіз сыртқы саясат жүргізудің теориялық және заңнамалық, іс-тәсілдік негізін кешенді түрде дайындап, оны биліктегі партияның құрылтайында бекіттіре алдық. Осылайша радикалдық жаңарту реалды үрдіс болған еді.

Содан партияның Орталық комитетінің пленумы да болып, шыт-жаңа басшылық сайланып, партия мүлдем басқаша саяси күшке айналды. Көп кешікпей Халық Ұлы Құрылтайының мәжілісі болып, Мемлекет басшысы және Үкімет жаңадан құрылып, сайланды. Сол Үкіметтің орынбасарына Қ.Зардыхан тағайындалды. Бұл еліміздегі жаңару үрдісін тездетуге үлкен күш, мүмкіндік берді.

Сол жылдың (1990 жыл) шілде айының соңын ала Ұлы Құрылтайдың алғашқы демократиялық сайлауы болып, оған Зақаң атын ұсынды. Біз бірнеше ғалым ол кісінің үгітшісі, көмекшісі болып жүгірдік. Аумақтағы әр үйге кіріп, үгіт-насихат жүргіздік. Жеңіс те Зақаң жағына шығып, бірігіп атап өткен едік. Отбасында болған басқосуда Зақаңның:

«...Алтын күннің батар тұсында,

Әйгілі Алтай жерім бар...» - деп әндеткені әлі есімде.

Зақаң Қобда өңірінде туып-өскен, ұлты қазақ болса да, моңғол тілін жетік меңгерген, моңғол сөздерді дәл, орнын тауып қолдана білетін, жазу ісінің үлкен мәдениетті білгірі еді. Моңғолдың тарихы мен мәдениетін мұқият зерттеген ғалым болатұғын. «Моңғолдың тәу етіп сиынары діннен гөрі, Шыңғыс хан болуға тиісті» - деп көп айтатын.

Сол жылдың қыркүйек айында Халық Ұлы Құрылтайынан Мемлекеттік Кіші Құрылтайды орнатып, орынбасарына Қ.Зардыхан сайланды. Сондай-ақ, ел президентін сайлау – Зақаңның «елде президенттік қызметті болдыру» идеясын тағы іске асырды.

Осылайша, Моңғол елі тұрақты парламентті ел болып, Негізгі заңның жобасын өте мұқият қарап, өткір талас-тартыста талқылап, сөйлескенде, Зақаңның ой-пікірі, үлесі өте көп болды. Қанша керілдесіп, қатты кетсе де, Зақаң парламент мүшелерін үнемі «мәртебелі мүше» деп, сыйластықпен атаушы еді. Сонымен бірге өзінің идеясы мен ісіне өте сенімді, батыл, ой-пікірі үйлеспесе тіке кететін. Өзінің асыл мұраты болған – жаңашылдыққа әбден берілген, кейде сезімге ерік беретін, әсершіл адам еді. Бірде «Партияның атауын өзгертпедіңдер!» - деп, қатты ашуға мініп, «Лауазымымнан кетемін, басқа партия орнатайық!» - дегенге дейін барғанын білемін. «Сіз кетсеңіз, Негізгі заңды жаңалау – асыл мұратымыз қалып қояды!» - деп айтып жүріп, әрең дегенде орнында қалтырғанымыз әлі есімде.

1990 жылдары Зақаң ұлтының Қарашаңырағы Қазақстанға аттанып, қоныс аударғаннан кейін, жиырмадай жылдан соң, Алматы қаласында сол бір мәртебелі кісімен қайта қауышып едім. Мені әуежайда күтіп алып, қаланың тау жағына көтерілгенде, 70-тен асқан Зақаң өте ширақ екенін көріп, разы болып, қуанып: «Сіз әлі жас қалпыңызда екенсіз ғой.» - дегенімде: «Мен Қобданың биік тауларында ешкі жайып, көп жүріп едім» - деп, ой-қиялға беріле жауап бергені әлі есімнен кетпейді...

Зақаң ұлы дариядай білімді, үлкен дарынды тұлға бола тұра, өте қарапайым адам еді. Қоғамның өзгерісін алдын-ала бейнелеп, өзінің білімі мен әлеуеттілігімен ағарып шығып, мемлекеттік жоғары қызметте болып, көпке танымал тұлға бола тұра, паңданып, тәкаппарланбаған, төремінезсіз адам болды. Мен де билік басындағы партия басшыларының бірі болған соң, көмекшім Үкімет үйіндегі арнайы асханадан тамақтанып тұратынымды ескертсе де, тура олай барғаннан қысылып, бұрынғыша көпшілік асханасына барсам, Зақаң да сонда екен. Мені көріп, қуанып: «Сен осы асханадан тамақ ішіп жүр, бастықтардың арнайы тамақтанатын жеріне барма!» - деп ескерткені әлі ойымнан кетпейді.

Зақаңның дүниеқоңыздығы жоқ, нағыз «кітап» адам еді. 2012 жылы Алматыда кездескенімде: «Негізгі заңды бекітіскен адамдарға 70 миллион төгрөг беріп жатыр деген, сіз алдыңыз ба?» - деп сұрағанымда, «Иә, солай деген. Берсе алармын, бермесе солай болсын» - деп еді.

Бұл Зақаң екеуміздің соңғы кездесуіміз екен. Моңғолия демократиясының теоретигі, көрнекті Мемлекет және Қоғам қайраткері, ғалым, доктор, теңдессіз ойшыл осы бір ұлы адамды біз ұмытуға тиіс емеспіз!

Доктор Б.Батхишиг, Ұланбатыр қаласы.

Моңғолшадан аударған Хабсатар Омарұлы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы