Баймағамбетовтер әулеті Ұлытауға келген туристерді үйінде қонақ етеді
Туризм – қазіргі заманның ең маңызды бағыттарының бірі. Себебі жыл сайын жер-жерді аралайтын туристер саны артып келеді. Қазақстанда да туристік жерлер жетерлік. Сондай өңірлердің бірі – Ұлытау аймағы. Өңірдегі туризмді дамытуға тек жергілікті әкімдік не болмаса жауапты органдар ғана емес, сонымен бірге Ұлытаудың қарапайым тұрғындары да өз үлесін қосып жатыр. Солардың бірі - Баймағамбетовтер әулеті. BAQ.KZ тілшісі Баймағамбетовтердің шаңырағында болып, үй иелерімен әңгімелесіп қайтты.
1971 жылы туған Аманбек Баймағамбетов пен Гүлфира Мамырова – Ұлытаудың тумасы. Осы жерде туып-өсіп, білім алған. Аманбек аға мен Гүлфира апай бір мектепте оқып, бір сыныпты бітірген. Кейін шаңырақ құрған.
“Қалада тұрған ұнамайды”
Аманбек Баймағамбетов ауылдың шаңын аспанға көтеріп, шалғынына аунап өскен қазақ баласы үшін туып-өскен жердің орны ерекше екенін айтады.
Өзім Ұлытаудың тумасымын. Қазір туған-туысқанымның көбі қалалы жерде тұрып жатыр. Ал өзім отбасыммен Ұлытауда тұрып жатырмын. Ұлытаудан Алматыға көшіп келуді ұсынған туыстарым болды. Бірақ өз туған жеріңнен көшіп кету қиын ғой. Қимайсың. Қалада тұрған ұнамайды. Барған күннің өзінде тойға барамын да, қайта ауылыма кетіп қаламын. Жолдасым екеуіміз бір мектепте оқығанбыз. Сыныптаспыз. 10 сыныпты аяқтағанбыз. Ол кезде 10 сыныпқа дейін ғана оқытатын. Сөйтіп мектепті бітіргеннен кейін әскерге барып келдім. Кейін 28 жасымда отбасын құрдым. Қазір мектепте күзетші болып жұмыс істеймін. Ал жолдасым мұғалім. Психолог-педагог, - деп бастады ағамыз әңгімесін.
Үй иесі Аманбек кішкентайынан спортпен айналысып келеді. Үйіне кіргенде көзіңіз бірден қабырғада ілініп тұрған медальдарға түседі.
Мектеп қабырғасынан бері спортпен айналысып келемін. Қазір де жастарға үлгі болып, ынта-жігерлерін арттыру үшін спортты тастамай, шынығып келемін. Біраз жарыстарда жүлделі орындардан да көріндім. Мысалы, таяуда ғана Алматы қаласына барып, ардагерлер арасындағы Қазақстан чемпионатын ұтып келдім. Марафондарға да қатысып тұрамын. Жақында ғана Жезқазған қаласының құрылғанына 70 жыл толуына орай марафон өтті. Оған да қатысып, жүлделі орын алдым. Бұйырғанын алып жүрмін. Ол үшін мені спортқа дайындаған ағаларыма алғыс айтамын. Жалпы спорт болған жерде тәртіп болады деп есептеймін, - деп айтты ол.
Аманбек Баймағамбетов спортпен чемпион болу үшін емес, өзің үшін айналыссаң, денсаулығыңа пайдалы, бір жағынан шымыр боласың деп есептейді.
Аманбек Баймағамбетов мен Гүлфира Мамырова бір ұл және бір қызды тәрбиелеп өсірген. Ұлы Ұлытауда, ал қызы Жезқазғанда облыстың полиция департаментінде қызмет етеді.
Баймағамбетовтер үйінде туристерді күтеді
Олар сөз арасында туристерді өз үйінде күтуді қашан және қалай бастағанын, жалпы мұндай идея қайдан келгенін түсіндіріп берді.
Мұндай кәсіпті бастау бұрыннан ойымда болатын. Өзіміз ауылды жерде тұратындықтан Ұлытауға келушілер, қонақтар көп. Кейде үйіңе де қонақ келіп қалса, апаратын, түнететін жер таба алмай, қысыласың ғой?.. Қонақүйлер болса да, жағдайы көңілге қона бермейді. Содан ойлана келе, осы кішігірім кәсіпті қолға алдым. Бірақ айналып келгенде бәрібір көп мәселе қаражатқа келіп тіреледі екен. Қолымнан келгенше біртіндеп істеп жатырмын. Үйді де өз қолыммен тұрғыздым. Оған шамамен 5 жылдай болып қалды, - деп айтты Аманбек Баймағамбетов.
Баймағамбетовтер әулеті былтырдан бері қонақ күтуді бастаған. Кейде ауылға келген қонақтарды да ауылдастарды «сіздің үйіңіз ыңғайлы, қонақжайсыздар» деп алып келетін көрінеді. Ал Аманбек ағамыз бен Гүлфариза апайымыз өз кезегінде әр қонақты жылы қарсы алудан шаршамайды.
Қонақ күту – құрметті іс
Қонақ күтуден қиналмаймыз. Өйткені тәтті тоқаштың кез келген түрін өзім пісіре беремін. Бастысы мұздатқышта үнемі ет тұрады. Мал өзіміздікі. Ет сатып алмаймыз. Құрт, сүт – бәрі бар. Ауылда тұрғаннан кейін қорамызда сиыр, қой, жылқы, ешкі ұстап отырмыз, - дейді Гүлфира Мамырова.
Баймағамбетовтер әр келген туриске барынша ыңғайлы жағдай жасау үшін ойда түрлі идеялар барын және оны алдағы уақытта қалта көтерсе, іске асырғысы келетінін айтты.
Бірақ қаражат жетіспегендіктен кейбір ойымыз әлі іске аспай тұр. Мысалы, мына жерде моншамыз бар. Соны аяқтау керек. Оған қоса су кіргізіп, болашақта киіз үй тігіп қойсақ деп те ойлаймыз. Кәсіпті осылай кеңейтсек дейміз. Бірақ несие рәсімдеуге құжат өткіздік. Бірақ оның қағаздары өте көп екен. Ананы істеу керек, мынаны істеу керек. Оны істеген күннің өзінде үйіміз жекеменшік болғандықтан, оны бизнеске ауыстыру үшін қайта құжат жасауға тиіс екенбіз. Оның бәрі қаражатты қажет етеді. Әйтсе де, қазір осылай қонақ күтіп отырмыз, - дейді олар.
Сөздерінше, қызмет көрсету саласы өзін ақтайтын кәсіп.
Жаз келсе, үйімізден кісі артылмайды. Өзіміздің қонақтарымыз, туыстарымыз келеді, кейде таныстарымыздың қонақтары келеді. Ал алдын ала ескертіп айтса, кез келген кісінің қонағын күтіп береміз. Оның белгіленген өз бағасы бар. Қызмет сапасы жақсы болса, клиент те болады. Жалпы бұл өз-өзін ақтайтын кәсіп. Қазір елдің көзі ашық, қай жерде қалай күтіп алады, бәріне мән береді. Кәсіптің алға жылжуы осыған да тікелей байланысты, - деп санайды ұлытаулықтар.
“Еңбек етсең, барлығы болады”
Ұлытауға әлі газ келмеген, сондықтан тұрғындар тек газ балон қолданады, ал қыста көмір жағады. Тұрғындардың сөзінше, Ұлытауға болашақта газ жеткізіледі.
Бізде қыс қатты болады. Мысалы, 12 айдың 9 айында от жағамыз. 3 ай ғана от жақпаймыз. Қазір енді суымызды ішке кіргізіп алсақ деп отырмыз. Негізі қазір Ұлытаудың суын жаңартып жатыр. Оның құрылысы әлі бітпеді. Бірақ өңірімізде проблема бар деп, қол қусырып отыра бермейміз. Мысалы, үйімізге су тартылмаса да, проблема жоқ, суды өзіміз әкеліп іше береміз. Үкіметке қол жайып отыра бермей, әрқайсысымыз өзіміз әрекет ете білуіміз керек. Еңбек етсең, барлығы болады деп ойлаймын, - деді Гүлфиза апай.
Ұлытауда шамамен 3000-ға жуық тұрғын бар. Мұнда бір мектеп жұмыс істейді. Білім ордасында 511 бала оқиды.
Оның сөзінше, мектептің жағдайы жақсы, интернетке қосылған, кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұғалімдер айлығын уақытылы алып отырады.
Гүлфиза апай ауылдағы мектепте ғана емес, емханада да психолог болып жұмыс істейді. Оған қоса қолы бос кезінде тәтті тоқаштарға тапсырыс қабылдайды. Шайдың дастарханына тәттілерді пісіріп береді.
Қазір істеп отырған кәсібіміз, жеткен жетістігіміздің барлығы еңбектің арқасы. Бүгін міне өздеріңіз біз күтіп жатқан жан-жақтан келген алғашқы туристерсіздер. Басында мен мектептен босай алмаймын, үлгермеймін деп ойлағанмын. Бірақ демалыс күндері болғандықтан қонақ күту біз үшін қиындық тудырмайды. Әр турист келген сайын бізде жаңа идея, жаңа жоспарлар пайда болады. Мысалы, жатын орынды түгендеу, монша салу, - дейді Ұлытау тұрғыны.
Баймағамбетовтер «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдерінің туризмді дамытуға, кәсіп ашуға арналған тренингтеріне қатысқан. Осы тренингтерге қатысқан ұлытаулықтар туристерді күтудің қыр-сырын үйренген.
“Бәсеке болған жерде кәсіп дамиды”
Баймағамбетовтер әулеті сырттан келген туристерді күтіп қана қоймай, өздері де еліміздің түкпір-түкпіріне саяхат жасап тұрады.
Мысалы, Аманбек ағамыз еліміздің біраз өңірін спорттық жарыстардың арқасында аралап үлгерген. Ал жолдасы екеуі көбіне Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарында болып, Балқашта және Сарыағашта демалған.
Баймағамбетовтер өздері аралаған аймақтардың туризмін салыстырып, айырмашылықтары да бар екенін айтты.
Туризмді дамыту үшін ең алдымен қызмет көрсету деңгейі жоғары болу керек. Мысалы, мен наурызда жарысқа барғанда Түркістанның өзгеріп кеткеніне куә болдым. Дәмханаларға, мейрамханаларға кіргенде асты-үстіңе түсіп күтеді. Қанша адам болса да, барлығына қызмет көрсетіп үлгеріп жатыр. Осылай кішіпейілдігін, қонақжайлығын көріп тұрып, басқа дәмханаға кетіп қала алмайсың. Мұндай көңіл әрине кез келген адамды тартары сөзсіз, - деп санайды олар.
Баймағамбетовтер Ұлытауда бәсеке жоқ екенін айтып, бәсеке болған жерде кәсіп те алға басатынын атап өтті.
Ал қажетті азық-түлікті Жезқазғаннан барып аламыз. Екі ортада автобус жүріп тұр. Таңертең шықсақ, керек-жарағымызды алып, кешке үйімізге қайтамыз. Газельдер де жүріп тұр. Бағасы бір адамға 500 теңгеден. Екі ортадағы жолды жөндеп жатыр. Алдағы уақытта жол жағдайы жақсарады деп ойлаймын. Өңірімізге облыс мәртебесі берілгелі жағдай бірден жақсарып кетпесе де, біртіндеп жұмыс істеліп жатыр. Жоққа шығара алмаймыз, - дейді ауыл тұрғыны.
Жалпы ұлытаулықтар кәсіппен, мал шаруашылығымен, егінмен айналысады. Тұрғындардың сөзінше, ауылда жұмыссыз адам жоқ. Ұлытауда өрт сөндіру бөлімі, балабақша, емхана, мектеп және басқа да мекемелер бар.
Сондай-ақ Ұлытауға оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы аясында көшіп келгендер де бар. Барлығы бір ауылда тату тұрып жатыр.
Бұған дейін журналистер Ұлытау өңірінде баспасөз турымен барған болатын. Ақпараттық тур Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті (ОШЖДК) мен БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) «Тұран жолбарысын реинтродукциялау және Ұлытау тау жотасының табиғи және тарихи-мәдени нысандарын қорғауға көмектесу» жобасы аясында өтті.