Ажалына асыққандар: Жылдамдық VS жауапсыздық?
Соңғы кезде елімізде жол апатының орын алғаны туралы ақпаратты жиі еститін болдық. Әсіресе жаз басталғалы жол-көлік оқиғасы көбеймесе, азаймай тұр. BAQ.KZ тілшісі елдегі күре жолдың бойындағы ахуалға тоқталып көрген болатын.
Алты айда – 6 мыңға жуық апат
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталы таратқан мәлімет осындай.
Биыл қаңтар-маусым айларында 5411 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Дегенмен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,1%-ға аз. Былтыр 6089 апат болған.
Ал 7678 адам жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен. Оның ішінде:
жараланғандар - 6762, олардың үлесі 88,1%-ды құрады.
916 адам апаттан қаза болған.
«Қауіпті» күн – дүйсенбі
Мамандар елдегі ең «төтенше» күн ретінде дүйсенбіні атады. Статистикаға сүйенсек, аптаның бірінші күні жол апаты жиі болады. Сонымен қоса, «қауіпті күндер» ретінде сейсенбі мен сенбі күндері де қоса аталды. Ал жолдағы жазатайым оқиғалардың 68 пайызы күндіз орын алса, 19 пайызы кешқұрым, ал 12 пайызы түнде тіркелгені белгілі болды.
Сондай-ақ жаз маусымы келгелі бері де жол-көлік оқиғасы жиілеген. Мұны той-томалақтың көбеюімен, адамдардың діттеген жеріне асығуымен байланыстыруға негіз бар.
Ең көп зардап шеккендер елдің келесі аймақтарында тіркелген:
Алматы қаласы - 1369
Алматы облысы – 880
Жамбыл – 753
Түркістан – 382
Ақмола облысы – 378.
Ең көп жараланғандар келесі аймақтарда тіркелген:
Алматы қаласы – 1333
Астана қаласы – 370
Алматы облысы – 747
Жамбыл – 669
Ақмола – 335
Жетісу – 288
Ең көп қаза болғандар келесі өңірлерде тіркелді:
Алматы – 133
Түркістан – 94
Жамбыл – 84
Жетісу – 59
Маңғыстау – 59.
Күн сайын бір баланың ажалы – жолдан
Жыл басталғалы бері 300-ден астам адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмды. Әсіресе жоғары өлім-жітім деңгейі Алматы, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында көп. Оның ішінде, зардап шеккен балалар саны да аз емес. Статистикаға сәйкес, күн сайын елдегі жолдарда бір бала қайтыс болып, оннан астамы жарақат алады. ІІМ мұның себебін кәмелет жасқа толмағандарды арнайы креслосыз тасымалдаумен байланыстырады.
Биыл жарты жылда жол қозғалысы ережелерін бұзған 6 мыңдай адам жүргізуші құқығынан айырылған. 8 мың адам қамауға алынған.
Жыл басынан бері 128 мың жаяу жүргінші мен 7 мыңнан астам ішімдік ішкен жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 6 мың тұлға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 8 мың адам қамауға алынды. Бұл статистика жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу үшін қоғамның толыққанды жұмылуын талап ететіндігін көрсетіп отыр. Алдын алу шаралары отбасынан, мектеп пен ұжымнан басталуы керек, - деп атап өтті ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Үш күнде – 24 адам өлімі
Елімізде үш күнде 24 адамның ажалы жол-көлік оқиғасынан болған. Ал 200-ге жуығы түрлі дене жарақаттарын алған.
Ішкі істер министрлігіне қарайтын Әкімшілік полиция комитеті осындай деректі жария етті. Ведомство жол-көлік оқиғасының алдын алу жұмыстарына қарамастан жолдағы жағдай күрделі деп отыр.
Әсіресе жаз келгелі қала сыртындағы тасжолда үштен артық адамның өмірін қиған апаттар жиілеген.
Мәселен, Маңғыстаудағы Жаңаөзен-Кендірлі тасжолындағы жантүршігерлік жол апаты 10 адамның өмірін қыршынынан қиды. Оның бесеуі – кәмелетке толмаған балалар. 16 маусым кешқұрым уақытта орын алған апаттың негізгі себебі – көліктің қарсы бағытқа шығып кетуі.
Ал, 15 шілдеде Абай облысында жүргізуші рульді басқара алмай, көлік аударылған. Салдарынан үш адам оқиға орнында тіл тартпай кетті, екеуі жарақат алған.
16 шілдеде «Доссор-Құлсары-Бейнеу» тасжолында жеті адамның ажалына себеп болған апат орын алды. Оған себеп – көліктің қарсы бетке шығып кетіп, басқа көлікке соғылуы.
17 шілдеде Түркістан облысындағы Шаян ауылында да ірі жол-көлік оқиғасы болды. «Екпінді-Созақ» тасжолында үш көлік бірден соғылған. Апат салдарынан көліктер өртенгені белгілі болды. Оқиға орнында 10 адам қайтыс болып, 12 адам ауруханаға жеткізілді.
Апат бір автокөліктің қарсы бетке шығып кетуі салдарынан орын алғандығы айтылды.
Бұл - назарға іліккен апаттардың бер жағы ғана. Ал күн сайын қаншама тағдыр жол үстінде үзіледі...
Асығыстық. Жауапсыздық. Жол қателікті кешірмейді
Әкімшілік полиция комитеті бұл жағдайларға жүргізушілер мен кейде жаяу жүргіншілердің тәртібінің төмендігі және менмендігі алып келеді деп отыр. Талдау жұмыстары көрсеткендей, барлық жол-көлік оқиғалары кезінде жүргізушілер асығып қарсы бетке шығып кетеді. Соңында жылдамдық үдегендіктен көлікті басқара алмай қалады.
Сонымен қатар министрлік апаттардың 95 пайызы жүргізушілердің бейқамдығы мен салғырттығынан болатынын алға тартты.
Оның үстіне, жол – қателікті кешірмейді. Сондықтан ведомство жүргізушілерді асықпауға шақырады.
Жол қозғалысының қатысушыларына мына жайтты ескерткіміз келеді. Бүгінгі таңда 1 мыңнан астам адам жолда қаза тауып, 7370 адам жарақат алған. Олардың өмірі жол-көлік оқиғасына «дейін» және «кейін» болып бөлінді. Аман қалған күннің өзінде аяққа тұрып кетсе, игі. Қанша мүгедек болып қалуы мүмкін. Әрбір жүргізушіге, жаяу жүргіншіге, жолаушыға қайғылы статистиканың қатарын толтырмауды өтінеміз. Асықпаңыздар! Үнемдеген секундтар мен минуттар өміріңізге тұрмайды. Сақтықта қорлық жоқ, - дейді Әкімшілік полиция комитеті.
Үштен артық адамның өліміне әкелетін көлік апаттары жиіледі
Ішкі істер министрлігі кейінгі кезде бірнеше адамның өлімімен аяқталатын көлік апаттары жиілеп кеткенін хабарлады.
Жол-көлік оқиғалараның алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, ел жолдарындағы ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Әсіресе 3-тен аса адамның қазасына әкеп соғып жатқан апаттардың жиілеп кеткендігі алаңдатады. Ондай апаттардың бәрі қала сыртындағы тасжолдарда болған. Бұл жайттар жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі төмен екенін және жүргізушілердің өзіне тым сеніммен қарауынан орын алғанын көрсетеді, - деді министрлік өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Министрлік апаттарға талдау да жасап көрген.
Талдау көрсеткендей, мұндай апаттардың бәрінде жүргізушілер алдындағы көлікті басып озу үшін асығыстыққа барып, қарсы жолаққа шығады және жылдамдықты қатты арттырады. Салдарынан көлік тізгініне ие бола алмай қалады. Жол-көлік оқиғаларының 95 пайызы жүргізушінің қамсыздығы мен салғырттығынан болады. Жол қателікті кешірмейтіні бәріне белгілі. Сондықтан ІІМ жол қозғалысына қатысушылардың бәріне асықпай жүріп, қозғалыс жылдамдығы мен арақашықтықты сақтау керектігін ескертеді, - дейді Шұғыла Тұрлыбек.
Ұлттық статистика бюросы таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылдың І тоқсанында 423 762 адам жүргізушілерді дайындайтын автомектептің қызметін пайдаланған. Бұл дегеніміз осыншама адам жүргізуші куәлігін жаңадан алды деген сөз. Оның барлығы болмаса да, жартысы жаңа жүргізушінің қатарын толықтыруы ықтимал.
Бастысы, ең қымбат құндылық – адамның денсаулығы мен өмірі, жауапкершілік екендігін естен шығармасақ екен.