Қазақстанның соңғы жаңалықтары

АМӨЗ қамыстың өртенуіне қатысы бар деген қауесетті теріске шығарды

23 Маусым 2025, 23:59
366
Бөлісу:
 kmg.kz
Фото: kmg.kz

"Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС 13-19 маусым аралығында зауыт тұрақты технологиялық режимде жұмыс істеп, ешқандай өндірістік іркіліс пен апатты жағдай тіркелмегенін жария етті. Бұл туралы АМӨЗ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ресми дерекке сәйкес, зауыт осы кезеңде қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды немесе алауға төгінділерді жүзеге асырмаған. "Қазгидромет" мәліметтері бойынша, 13-16 маусымда Атырау қаласында оңтүстік-батыс желі басым болған, ал 16 маусымнан кейін жел солтүстік бағытқа өзгерген.

13 маусым күні сағат 13:50-де Еркінқала ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс өртенген. Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ-та АМӨЗ-дің өртенуге қатысы бар деген күдік тараған болатын.

Алайда кәсіпорын бұл мәліметтерді жоққа шығарды.

Қамыстың өртенуіне және ауаның ластануына зауыттың еш қатысы жоқ. Мұндай ақпараттар шындыққа жанаспайды. Жұртшылықты тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз, – делінген зауыт хабарламасында.

Қазіргі уақытта АМӨЗ штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.

Өзгелердің жаңалығы