Әмір Темір қазақ па, өзбек пе?

6 Сәуір 2023, 17:49
7232
Бөлісу:
Әмір Темір қазақ па, өзбек пе?
Фото: www.temurtuzuklari.uz/uz

Неге кеңес үкіметі түркі халықтарының тарихын жоюға тырысқан? Қазақ хандығы туралы мәліметтер неге аз? Алтын Орданың мұрагері біздің ел ме? Тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған ортағасырдағы қазақ тарихының белгісіз тұстары мен түркі халықтарының таласып жүрген ортақ тұлғалары жөнінде сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Бүркіт аға, ең алғашқы сұрағымды Әмір Темірден бастасам. Соңғы уақытта кейбір тарихшылар Әмір Темірді өзбекке ғана тиесілі тұлға ретінде айтып жүр? Ал кейбірі моңғол дейді. Тарихымызда түркіленген моңғол тайпасынан шықты деп жазылған. Осыған қатысты ойыңыз қандай?

- Әмір Темір Тарағай деген әмірдің баласы. Ол Шағатай ұлысында өмір сүрген әмір. Академик Василий Бартольдтің айтуынша, Әмірдің Темірдің аталары Жетісу жерінен шыққан дейді. Оның руы – Барлас, Жалайыр тайпасы. Алайда сол замандағы еуропалық тарихшылар қит етсе Ұлыс Ұлыс жеріндегі тайпаларды «моңғол» деп атайды. Меніңше, бұл түркі тайпаларын дұрыс түсінбегеннен моңғол тайпаларына ұқсата берген. Бұл – өте үлкен қателік. Жалпы, «моңғол» сөзі политоним, яғни саяси атау. Тіпті «моңғолдың құпия шежіресі» кітабын қарасақ, онда моңғол деп ойратты жазады, моңғолға сол кездегі найман, керей және қоңыраттарды жатқызады. Бұл жерден аңғаратынымыз, «моңғол» бір ұлтты ұлыс болмаған. Қазіргі таңда моңғолтілдес болып қалған ұлттар халқалар мен қалмақтар. Ал негізгі тайпалардың көбі түркітілдес болған.

- Әмір Темір туралы толықтай зерттеу жазған түркі ғұламалары бар ма?

- Сол сияқты Әмір Темірді түркіленген моңғол деп айтып жүргендер бар. Ол дұрыс емес. Жалайыр тайпас бұрыннан моңғолтілдес ру болған. Кейін оның аталары Самарқан бойына көшіп келеді. Әмір Темір – 1336 жылы Бұхара аймағының батысындағы Кеш (қазіргі Шахрисабз қаласы) маңайындағы Қожа Ылғыр ауылында дүниеге келген. Басында айтқанымдай, әкесі – бек лауазымы бар ақсүйектердің бірі болған. Ол ХІV ғасырдың басында Қашқандария аймағына келіп, қоныс тебеді. Әмір Темірді біржақты тек өзбек ретінде қараған дұрыс емес. Себебі, Әмір Темір қазаққа, өзбекке және ұйғырға да бірдей. Әмір Темір туралы жазған негізгі еңбектің авторы – Йазди. Оның «Зафар-наме» кітабында Әмір Темір жөнінде парсы тілінде толық жазылған. Әрине, қай тілде жазылса, сол тілге бұрмалатынын сөзсіз. Өкінішке қарай, ол кезде біздің түркі халықтарында жазба мәдениеті аса қатты дамымаған.

- Мектеп оқулығына, басқа да кітаптарға үңілсек, ортағасырлық тарихымыз, әсіресе, қазақ хандығы туралы деректерге кедейміз. Неге?

- Біздің ортағасырлық тарихымыз терең зерттелмеген. Оның себебі бар. Әрине, Ресей империясының тұсында патша үкіметі шығыс халықтарының тарихына көңіл аудармады. Аударса да, сирек жазушылары тек мағлұматтар жазып қалдырған. Меніңше, тарихымыздың ең қиын кезі кеңес дәуірінде болды. Олар біржағынан тарихты дамытты, бірақ тарихи деректердің бәрін арнайы орысқа және Еуропаға бағындырып қойды. Оған мысал, 1944 жылы 8 тамызда Алтын Орда тарихына қатысты қабылданған қаулыны айтсақ болады. Сонда Алтын Орда мемлекетін «паразит, жыртқыш» ел ретінде көрсеткен. Ондағы Едіге мен Тоқтамысты жаман кейіпте бейнелейді. Онымен қоса, біздің тарихымызды алыстатып, Алтын Орданы моңғолдың тарихы деп те атайды. Жалпы, кеңес кезінде түркі тарихын айтқызбаған. Менің ойымша, кеңес үкіметінің басшылары түркі тарихын жоюмен түпкілікті айналыстқан. Тарихымызды бұрмалап, халықтың есінде қалмауы үшін көптеген қаулы қабылданған. Осылайша, біз ортағасырдағы өз ата-бабаларымызды дұрыс танымай келеміз.

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары біраз деректерді жазып үлгерді. Алайда XX ғасырдың 30 жылдарына қарай көбі атылып кеткені көпке мәлім. Негізі 1940-1991 жылдар аралығында арнайы ұйымдар біздің тарихи ғылымның дамуына шектеу қойып, басып отырды. Соның кесірінен бүгінгі дейін жастарымыз тарихты нашар біледі, білсе де әр ақпаратты үркіп айтатын дәрежеге жетіп отыр. Тіпті айтқанның өзінде «ұлтшылсың» деген сөзден қашатынын байқаймыз. Ал шын мәнінде, Әмір Темірдің тарихы, Едіге мен Тоқтамыс болса да біздің тарихымыз екені анық.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы