Comic Con фестиваліне келген америкалық актер Эсай Моралес әлемге Қазақстанды жағымсыз қырынан танытқан “Борат”фильміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл фильмнің ел бейнесіне қаншалықты зиян келтіргенін жақсы түсінеді. Себебі өзі де мәдениеті бұрмаланып көрсетілген халықтың өкілі екенін айтты.
Голливуд жұлдызы Астанада журналистер мен жанкүйерлермен кездесу кезінде Қазақстан туралы алғаш рет дәл осы сатиралық фильм арқылы білгенін жеткізді. Алайда ол бұл комедияның көптеген қазақстандықтың жанын жаралағанын жақсы түсінетінін жасырмады.
Бұл айтқаным ауыр естілмесе деймін, бірақ Борат туралы фильмдер шын мәнінде өте нәзік, ауыр тұстарға тиіп өтті. Өзіңнің мәдениетіңді көп жағдайда дұрыс түсінбейтін, бұрмалайтын немесе мүлдем құрметтемейтін қоғамда өмір сүру – өте ауыр. Сол себепті қазақстандықтардың бұл фильмнен кейін қандай күй кешкенін жүрегіммен сеземін. Мен де осы сезіммен өзімді байланыстырамын, – деді актер.
Сонымен қатар, Моралес фильмнің жағымсыз әсеріне қарамастан, оның Қазақстанды әлемге танымал еткенін де жоққа шығармады.
Жараның бетін тырнағым келмейді, бірақ шындық – «Борат» фильмі Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. Сол фильм шыққан кезде мен де сіздердің елдеріңіз туралы алғаш рет естідім. Алайда мен сіздердің өкпелеріңізді толық түсінемін. Себебі мен де әрдайым дұрыс қабылдана бермейтін, тіпті мазақтың нысанына айналатын мәдени ортадан шыққан адаммын. Бұл – адамның болмысы күлкіге айналғанда бастан кешетін ауыр сезім, – деп бөлісті ол.