«Әмен ағаның ғажайып ағашы» жұмыс атауымен қысқаметрлі анимациялық фильмі жарыққа шығады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақ және түркі анимациясының негізін қалаушы Ә.Ә.Қайдаровтың 100-жылдығына арналған шағын анимациялық хикая, оның өмірінің бірнеше негізгі фрагменттеріне негізделген «Әмен ағаның ғажайып ағашы» жұмыс атауымен қысқаметрлі анимациялық фильмі жарыққа шығады.
Аталмыш картина Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсіріліп жатыр.
Анимациялық фильмнің сценариін Әмен Қайдаровтың шәкірті Тамара Мұқанова мен қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист Зира Наурызбаева жазған. Қазіргі таңда кейіпкерлердің бастапқы эскиздері дайын, фильм түсірілім кезеңінде.
Фильм желісі Әмен ағаның Бауыржан Нөгербековтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінде жұмыс істеген жылдарымен тікелей байланысты. Ол кісіге шабыт қалай келді, түсірілім кезіндегі бастан кешірген қиыншылықтары мен қызықтары жайлы баяндалады. Негізгі мәліметтер мен әдеби деректер көзі Б.Нөгербековтың «Когда оживает сказки» кітабынан алынды. Таспаның атауы да тұқымын егіп, өсірген қазақ анимациялық ағашының бейнесімен байланысты. Фильм тармақты тәжі аспанға жеткен ерекше алма ағашының ақ-қара сызбасынан басталады, желден дірілдеген үлкен жапырақтары мен жердің қалыңдығында жоғалған тамырлар. Әмен аға ғашының ерекшелігі де сол. Мұқият зерттегенде алмалар дөңгелек қаңылтыр жәшіктер болып шығады ( ол кездегі фильмдер дөңгелек қаңылтыр жәшіктерде сақталған)-, деді фильмнің қоюшы режиссері Жанәділ Байдарбеков.
Режиссер ретінде Жанәділ Байдарбеков көптеген қысқаметрлі жобаларда жұмыс атқарған. «Балапан» телеарнасына түсірген сериалдары көрермендер арасында кеңінен танымал. Оның 2021 жылы түсірген «Ырысты ыдыстар» атты 20 сериалық жұмысы Әмен фестивалінде «Ең үздік телесериал» номинациясын жеңіп алды.
Бүгінде «Әмен ағаның ғажайып ағашы» жұмыс атауымен анимациялық фильмін жасауға 10 шақты маман жұмылдырылған. Жоспар бойынша жыл соңына дейін туындыны аяқтау міндеті тұр.
Жалпы 10 минуттық фильм жасауға кемінде жарты жыл уақыт кетеді. Қазір бізде техникалық тұрғыдан біраз қиындықтар бар. Себебі суретте тек мультфильм жасаушыларды ғана емес, Әмен ағаның жанында жұмыс істеген атақты суретшілер, танымал композиторлар - Нұрғиса Тілендиев, Олжас Сүлейменов сынды мәдениетіміздің көрнекті қайраткерлерінің образын, түр әлпетін барынша ұқсатып келтіру үлкен жауакершілікті жүктеп отыр, - деп бөлісті режиссер.
Жаңа анимациялық фильм қазақстандық көрерменге алдағы жылдың көктем айында Әмен Қайдаровтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жол тартады.