Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Президенттің өңірлерді дамытуға қатысты кеңесте жасаған мәлімдемесіне пікір білдірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар беріп, әсіресе жаңадан құрылған Ұлытау, Абай және Алматы облыстарының дамуына айрықша назар аудару қажеттігін атап өткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, осы облыстарда инфрақұрылым мәселелері қордаланып қалған. Президент бұл өңірлерді басқа аймақтармен бірдей қарастыру жеткіліксіз екенін, керісінше, жаңадан құрылған үш облысқа ерекше көзқарас қажет екенін баса айтқан.
Бұл облыстарда логистикадан бастап, жол, медицина, білім, мәдениет салаларына дейін көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар жетіспейді. Осы бағыттарға ерекше көңіл бөлу жөнінде нақты тапсырма берілді, – деді Аманжол Әлтай.
Сонымен қатар депутат Президенттің еліміздегі дизель отыны тапшылығына қатысты сынын да маңызды жаңалық ретінде атап өтті. Қазақстан мұнайлы мемлекет бола тұра, жыл сайын дизель отынының жетіспеушілігі қайталанатынын Мемлекет басшысы жол беруге болмайтын кемшілік ретінде бағалаған.
Алдағы уақытта қажет болған жағдайда жеке инвесторларды тарта отырып, жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу мәселесі көтерілді. Бұл – отын тапшылығын жүйелі түрде шешуге бағытталған маңызды қадам, – деді депутат.
Кеңейтілген отырыста өңірлерге бөлінетін қаржының әділдігі мәселесі де қозғалды.
Бұл мәселеге қатысты Аманжол Әлтай қаржыландыру тетіктерін қайта қарау қажет деп санайды.
Басқа өңірлердің барлығы ұзақ жылдар бойы облыс орталығы ретінде қалыптасқан. Ал жаңадан құрылған үш облыста ондаған жылдар бойы шешілмей келген мәселелер бар. Біз Парламент қабырғасында жыл бойы сол қордаланған проблемаларға қатысты депутаттық сауалдар жолдап келеміз. Егер бұл өңірлерге басқа аймақтармен бірдей көзқараспен қарай берсек, олардың мәселелері өздігінен шешілмейді, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, Ұлытау облысы қаржы ең аз бөлінетін өңірлердің қатарында. Сондықтан бюджет қаражатын бөлу кезінде олардың жаңадан құрылғанын және ұзақ жылдар бойы жиналған түйткілдері бар екенін ескеру қажет.
Қаржы бөлген кезде осы үш облысқа басымдық беру керек деп есептеймін, – деп айтты Аманжол Әлтай.