Елімізде қабылданатын заңдардың қазақша нұсқасы көп ретте халықтың көңілінен шыға бермейді. Заң нормаларындағы сөйлемдерде қате көп, мағынасы түсініксіз. Аманжол Әлтайдың сөзінше, мұндай олқылықтарды мүлдем болдырмауды халық қалаулылары мұқият назарда ұстап келеді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, әрбір заңды қабылдайтын кезде парламент депутаттары оның қазақша нұсқасының дұрыс болуына ерекше көңіл аударады.
"Біз министрліктер мен жауапты органдарға қойылатын бұл талапты күшейте береміз", - дейді Аманжол Әлтай.
Сондай-ақ сұхбат барысында ол жыл басында "Ана тілі" газетіне шыққан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұхбаты, ол жерде қамтылған маңызды мәселелер, парламенттің атқарып отырған қызметі мен биылғы жылы қабылдануы тиіс заңдар туралы өз ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар Аманжол Әлтай елімізде ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық өнерді қорғайтын заң қабылдау керек екенін де тілге тиек етті.