Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай отбасындағы жанжалға әйел де, еркек те себепші болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте комитет отырысында депутат Анас Баққожаев отбасындағы жанжал әйел тілінің ұзындығынан болады деген пікір айтып, басы дауға қалған еді.
Енді депутат Аманжол Әлтайдан отбасындағы зорлық-зомбылық кімнің керісінен туындауы мүмкін екенін сұрап көрдік.
Депутаттың ойынша, бұл мәселеге бір жақты қарауға болмайды.
Отбасы институты қазақ қоғамында ежелден жүйелі түрде қалыптасқан. Қазақ қоғамында ата мен әженің орны, әке мен ананың, баланың орны дәстүрлі отбасылық тәрбие жүйесінде қалыптасқан. Сол себепті тек әйелдің кесірінен не болмаса әкенің кесірінен болады деген ұғымды алып тастау керек. Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады. Ол отбасындағы жанжалдың, түрлі қысымның, әртүрлі теріс оқиғалардың себепшісі әкесі де, анасы да болуы мүмкін, тіпті баласы да болуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде әділетті принциппен, көзқараспен қарау керек, - деп пікір айтты мәжілісмен.
Әлтай отбасы құндылықтарын, отбасы тәрбиесін сөз еткенде ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан отбасының институтының негізгі құндылықтарын ескеру керегін айтты.
Өйткені қазақ халқы ешқашан әйелді төмендетпеген. “Ана”, “ару” деген ұғымға, қыз баланың болмысына әрқашан құрметпеген қараған, - дейді ол.
Аманжол Әлтай “әріптесі Баққожаевтың пікірімен келіспейсіз бе?” деген сұраққа былай жауап берді.
100 пайыз келіспеймін демеймін. Бұл жерде әртүрлі пікірлер болады. Отбасындағы жанжалдың тек қана әйелдің күйеуіне жасайтын қысымынан болады деген пікірмен тұйықталуға болмайды. Себепші әйел де, еркек те болуы мүмкін, - деп түсіндірді мәжілісмен.