Амангелді Кеңшілік: Әкем әдебиетке қайталанбас тұлға болып келген ақын

22 Қыркүйек 2024, 15:39
440
Бөлісу:
Амангелді Кеңшілік: Әкем әдебиетке қайталанбас тұлға болып келген ақын

Әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілік «Ұждан» Әкелер алаңына берген сұхбатында ақын әкесінің өмір жолы мен қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі туралы кеңінен айтып берді. 

Қазақтың аса көрнекті ақыны, менің әкем Кеңшілік Мырзабеков 1946 жылы Торғай ауданы, Шығанақ ауылында дүниеге келген. Әкемнің «Біздің ауыл темір жолдан шеткері» деп келетін бір өлеңі бар. Шынында, біздің ауылымыз қиыр шетте орналасқан, қаймағы бұзылмаған қазақы өлке еді. Әкем сол ауылдағы мектепте білім алды. Жастайынан үлкен қариялардың қазыналы әңгімесін тыңдап өсті. Менің бір өкінетім, әкемнің қазақ әдебиетіндегі қайталанбас үлкен биігі әлі күнге дейін өз деңгейінде танылмай жатыр. Олай дейтін себебім, әкем әдебиетке үлкен құбылыс болып келген ақын. Мәселен, оның 16-17 жасында жазған өлеңдерін оқысақ дәл сондай деңгейде қазақ әдебиетінде қалам тербеткен ақын жоқтын қасы. Әкемнің тағы бір ерекшелігі, баллада жанрында ғажап еңбек етті. Қазақтың үлкен ақыны Қайнекей Жармағамбетов баллада жанрының негізін қаласа, осы жанрды шыңға жеткізген менің әкем деп толық айтуымызға болады», - деді Амангелді Кеңшілік.

Сұхбат барысында Амангелді Кеңшілік әкесінің бала тәрбиесіндегі ұстанымдары мен жеке қасиеттерін айтып, үлгілі болмасын баяндап берді.

Менің әкем ешқашан маған қатты зекіп, ұрсып көрген емес. Бәрін ақылмен, байыппен түсіндіруге тырысатын. Сондай-ақ, әкем бала тәрбиесіне барынша көңіл бөлді. Балаларының әдебиетке, тарихқа жақын етіп өсірді. Менің өзім де кішкентай кезімде шығармашылыққа жақын болып өстім. Бастауыш сынып оқып жүргенде қызықты әңгімелерім сол кездегі балалар газеті “Қазақстан пионерінде” жарық көріп жатты. Әкем сол әңгімелерімді оқып, жазу стилін сақтауды үйретіп, өзінің ақылын айтып отыратын», - деді Амангелді Кеңшілік.

Өзгелердің жаңалығы