AMANAT-тың жаңа саяси тұғырнамасының жобасы талқыланды

5 Қазан 2022, 21:43
1368
Бөлісу:
AMANAT-тың жаңа саяси тұғырнамасының жобасы талқыланды

AMANAT-тың Орталық аппаратында партияның саяси кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Саяси кеңес Бюросының мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлік филиалдардың атқарушы хатшылары және басқа да партия мүшелері қатысты.

Жиынды ашқан AMANAT-тың Атқарушы хатшысы Асхат Оралов осы жылдың сәуір айынан бастап партияның жаңа саяси тұғырнамасын әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Саясаттанушыларды, сарапшыларды, ҮЕҰ өкілдерін тарта отырып, жұмыс тобы құрылды. 

Құжат жобасы бастауыш партия ұйымдарында, партия филиалдарында жұртшылықпен қызу талқыланып, әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Жалпы, мыңнан астам ұсыныс түсті.  Партияның стратегиялық құжатында қоғам дамуының барлық негізгі беталыстарына баса мән берілді. AMANAT-тың жаңа Саяси тұғырнамасы партияның ең басты құндылықтары мен принциптерін және тұтастай алғанда, елдің келешегіне деген пайымын көрсетеді. Саяси кеңес мүшелерінің қарауына келіп түскен барлық ұсынысты ескере отырып, құжаттың түпкілікті редакциясы ұсынылды, - деді Асхат Оралов.

Тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, AMANAT партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың пікірінше, саяси құжат Қазақстан азаматтарының демократия мен плюрализмге деген сұранасына жауап береді. 

AMANAT партиясының әрбір мүшесі осы құжаттың авторы болды деуге толық негіз бар. Сонымен бірге, тұғырнамаға ұлт, халық, мемлекет, мемлекеттік тіл, рухани болмыс ұғымдарының барлығы енген және ең негізгісі, халқымыздың бүгіні, болашағы қандай болады деген сауалға қатысты нақты тұжырдар бар, - деді халық қалаулысы.

Сондай-ақ жиын барысында AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсенбай Тәжібаев және партия Саяси кеңесінің мүшесі, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы партия фракциясы жетекшісінің орынбасары Инесса Чернышева және т.б сөз сөйледі.

Партияның Саяси кеңесі отырысының қорытындысы бойынша 6 қазанда Астанада өтетін AMANAT-тың кезектен тыс XXIV съезінің күн тәртібі қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы