Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. AMANAT партиясының кезектен тыс ХХІІI съезінде партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов партияны трансформациялау бойынша бағдарламаның орындалу барысы туралы баяндап берді.
Партия қатарын нығайту және халықпен байланысты күшейту мақсатында Алматы, Шымкент, Түркістан Семей қалалары мен Абай, Сауран аудандарына бардық. Сапарлар барысында 2 700 адамды қамтитын әр-түрлі шара өткізілді. Оған партия активі, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері, халық сайлаған ауыл әкімдері, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, шағын және орта бизнес өкілдері, сарапшылар, жастар мен блогерлер тартылды, - деді ол.
Ораловтың сөзінше, мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыстарын бастады. Алты облыстың, атап айтқанда, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының 196 ауылына сапарлар ұйымдастырылып, қоғамдық қабылдауға 2 100-ден астам азамат келді, 400-ден астам мәселе оң шешімін тапты, қалғандары партияның қадағалауына алынды.
Маусым айының соңына дейін өңірлердегі шалғайдағы 500-ге жуық ауылға баруды жоспарлап отырмыз. Орталықсыздандыру аясында жарналардың 20%-ы бастауыш партия ұйымдарына қайтарыла бастады. Осы бастаманы жүзеге асыру нәтижесінде бастауыш партия ұйымдары 300-ден астам шараны өткізе алады, - деп атап өтті партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов.