Қазақстанның соңғы жаңалықтары

«AMANAT» партиясында жаңа цифрлық комиссар институты құрылды

Бүгiн, 21:17
131
Бөлісу:
 Әли Ғалым
Фото: Әли Ғалым

«AMANAT» партиясында цифрлық даму және жасанды интеллект мәселелері жөніндегі республикалық партиялық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыстың негізгі тақырыбы – Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басымдықтарын жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекетті цифрлық тұрғыда жаңғырту және азаматтардың цифрлық сауатын арттыру бойынша нақты қадамдар жасау. Талқылау барысында IT-қоғамдастық партияластардың ел аумағындағы әр ауданда өз IT-хабын құру идеясына қолдау білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге қатысушылар Президент өз Жолдауында және Ұлттық құрылтайдың V отырысында барлық салада инновациялық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша ауқымды міндеттер қойғанын атап өтті.

Өз кезегінде, Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партия Президент саясатын жүзеге асыру ісіне белсенді атсалысып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде еліміз цифрландыру бағытында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді – БҰҰ индексіне сәйкес, Қазақстан электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша 24-орында тұр.

«AMANAT» партиясында жаңа цифрлық комиссар институты құрылды

Цифрландыру мен жасанды интеллект – тек салалық мәселе ғана емес, тұтас елдің дамуына ықпал ететін ауқымды, серпінді бағыт. Мемлекет басшысының өзі бұл саладағы іргелі істерге тікелей бастамашы болып, ерекше бақылауында ұстап отыр. Жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект халқымызға, еліміздің болашағына жұмыс істеуі керек. Әр азамат, әр отбасы, күллі қоғам оның пайдасын сезінуі қажет. «AMANAT» партиясы Президентіміздің қоғамдық-саяси тірегі ретінде осы жұмыстың алдыңғы шебінде жүруге тиіс, – деді ол.

Мәжіліс Спикері «AMANAT» партиясы жаңа цифрлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бірқатар бастаманы жүйелі жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, «Цифрлық қоғам» жобасы еліміздің барлық өңірін қамтып, цифрлық сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ азаматтарды цифрлық технологияларды күнделікті өмірде қауіпсіз әрі саналы түрде қолдануға үйрету бағытында қолға алынып отыр. Жоба аясында тұрғындардың әлеуметтік тұрғыда осал тобына – зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, жұмыссыз азаматтарға және ерекше қажеттілігі бар адамдарға ерекше назар аударылады.

Өтініштерді өңдеудің бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу және кеңес беру мақсатында чат-боттарды пайдалану арқылы «Қарызсыз қоғам» жобасы тың серпін алды. Тек былтырдың өзінде бұл жоба аясында 800 мыңнан астам адам оқудан өтіп, заңгерлік қолдау көрсетілді.

«AMANAT» партиясында жаңа цифрлық комиссар институты құрылды

Сонымен қатар «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заң әзірлеуге бастамашы болды. Бұл құжаттар Қазақстанға жасанды интеллектіні, платформалық экономиканы және ауқымды деректермен жұмыс істеуді дамыту үшін заманауи құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Талқылау барысында қатысушылар «AMANAT» партиясы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу ісінде мемлекет, қоғам, сарапшылар мен бизнестің күш-жігерін біріктіруге тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта партия жанынан цифрлық комиссар позициясын құру туралы ұсыныс айтылды. Бұл лауазымға Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева ұсынылды.

«AMANAT» партиясында жаңа цифрлық комиссар институты құрылды

Мұндай қоғамдық лауазым цифрлық ортада азаматтардың құқығын қорғау тетігіне айналып, жаңа цифрлық жағдайда әрдайым адам жағында болады. Цифрлық комиссар еліміздің барлық өңірінде IT саласындағы дарынды жастарды қолдау жұмысын үйлестіріп, шалғай ауылдарды интернетпен қамту барысына бақылауды күшейтеді.

Өз кезегінде, Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік және қаржы секторларындағы цифрлық трансформацияның жоғары қарқынын атап өтті. Ол тұрғындардың цифрлық сауатын арттыру мақсатында Жасанды интеллект министрлігі мен Astana Hub ел аумағында оқыту курсын өткізу ісінде партияға қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.

«AMANAT» партиясында жаңа цифрлық комиссар институты құрылды

Отырыс барысында бірқатар мазмұнды ұсыныс айтылды. Мәселен, халықаралық IT-сарапшы Андрей Биклемишев цифрландыру ең алдымен деректер сапасы мен кадрлық әлеуетке тікелей тәуелді екенін атап өтіп, өңірлерде әлі де деректерді қолмен енгізу тәжірибесі мен маман тапшылығы сақталып отырғанына назар аударды. Қазақстанның IT-қауымдастығының төрағасы Айымгүл Әбілова инвестициялық ахуалды жақсарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін кеңейту және саладағы экономикалық дауларды қылмыстық сипаттан арылту қажет екенін айтты. Қостанай облысы ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Кашиевтің пікірінше, қалалардағы ірі өзгерістер алдын ала цифрлық ортада модельденіп, өңірдің бірыңғай цифрлық архитектурасына енгізілуі қажет. Солай бола тұра, «ақылды қалалар» мен «ақылды өңірлер» тұжырымдамалары әр аумақтың ерекшелігін ескеріп, бейімдеуге болатын үлгілік цифрлық шешімдер кітапханасына сүйенуге тиіс.

«AMANAT» партиясында жаңа цифрлық комиссар институты құрылды

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға қосқан үлесі үшін партия мүшелеріне, серіктестер мен сарапшыларға алғыс хаттар табысталды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, салалық ведомстволардың өкілдері, сарапшылар және цифрлық жобалардың жетекшілері қатысты. Онлайн форматта өңірлер мен партия филиалдарының өкілдері талқылауға қосылды.

Өзгелердің жаңалығы