«AMANAT»: Биыл солтүстік облыстарға 6,5 мыңнан астам отбасы көшеді

8 Шілде 2022, 21:54
1541
Бөлісу:
«AMANAT»: Биыл солтүстік облыстарға 6,5 мыңнан астам отбасы  көшеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2015-2021 жылдар аралығында Оңтүстік өңірден 10 мың адам Солтүстікке қоныс аударған. 2015 жылы 8 отбасы көшкен болса, ақпараттық-насихаттың нәтижесінде көрсеткіш жылдан-жылға артты. Мәселен былтыр 3611 мүшесі бар 800 отбасы теріскейлік атанған. 

Биыл қанша квота бекітілді? Түркістандықтардың жобаға деген қызығушылығы қандай? 

Бұл туралы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында өткен мәжілісте кеңінен қаралды.

Партия филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында көші-қон жұмыстарын ұйымдастыру шаралары қызу талқыланды. Жиынға облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Н.Нұрашов, Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің өңір бойынша департаментінің бөлім басшысы Қ.Естеуова, кеңес төрағасының орынбасары Г.Тәжібаева және кеңес мүшелері қатысты. Ал аудан, қалалық жауапты бөлімдер мен партия филиалдары мәжіліске ZOOM форматы арқылы онлайн қосылды. Жиынды ашқан Б.Тәжібаев сөз алып, қоныс аудару процесін ұйымдастыруға қатысты кемшін тұстардан бастады. 

Түркістан облысының халық саны 2,2 миллионнан асты. Бұл еңбек күші жетіспейтін Солтүстік аймақтың 3 облысын қосқандағы көрсеткішке ие. Өңірімізде биыл І тоқсанның қорытындысына сәйкес жұмыссыздық деңгейі 5,2%-ды құрады. Әлеуметтік мұқтаждық, жер дауы, тұрғын үй жетіспеушілігін оңтайландырудың ең тиімді жолы - «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Бірақ соңғы жылдары аталған жобаға кері пікірлер қалыптасуда. Бұған халықты кінәлаған орынсыз. Басты себеп - жергілікті жерлерде осы салаға бейімделген, толық мәліметпен қамтитын арнайы кадрлардың тапшылығы. Мамандар жауапкершілікті екі есе арттырып, жанашырлықпен жұмыс істеп, насихатты күшейтсе нәтижесі болады. Бұл орайда қайтып келушілердің себеп-салдарын да анықтаған жөн. Қажет болған жағдайда Парламенттегі фракция депутаттарына ұсыныс жолдап, заңға өзгерістер енгізуге мүмкіндік бар, - деді атқарушы хатшы. 

2022 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша 344 мүшесі бар 122 отбасы теріскейге аттанған. Биыл республика бойынша 6424 квота бекітілді. Бөлініс бойынша Қостанайға – 550, Павлодарға – 2800, Солтүстік Қазақстан облысына – 2556, Шығыс Қазақстан облысына – 518 адам қоныс аудара алады. Н.Нұрашовтың мәлімдеуінше, жоба қатысушылары және олардың отбасы мүшелеріне 214 410 теңге (70 АЕК) мөлшерінде материалдық көмек қарастырылған. Былтыр көшкен азаматтарға мал және егін шаруашылығымен айналысуға 5-7 мың гектардан астам жер берілген. 93%-ы жұмыспен қамтылып, 1294 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 397-і өз кәсібін ашып, дөңгелетіп отыр.

Еске салсақ, 2021 жылы облыстық партия филиалының ұйымдастыруымен, осы бағытты насихаттаушы Ж.Ағабековтің демеушілігімен Сарыағаш және Сайрам аудандарынан 30 отбасы Павлодар облысына аттанып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Бұл тәсілді биыл да қолдану көзделуде. 

 Жиында қаралған екінші мәселе бойынша Жол карта аясында 2022 жылы бейімдеуден өтуі жоспарланған 260 нысанға жүргізілген мониторингтің қорытындысы баяндалды. Партия филиалы жанындағы мониторингтік топ 174-не зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бекітілген талапқа сай емес бірнеше нысанды анықтады.  Қ.Естеуованың айтуынша биыл заңбұзушылықтарды жою туралы жалпы 7 ұйғарым беріліп, 11 лауазымды тұлғаға 857,1 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппыұл салынған және толығымен өндірілген. Мәжіліс соңында анықталған кемшіліктер және айтылған ұсыныстармен  жұмыс жүргізу үшін тиісті шаралар қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы