«Amanat» - бабалар аманатына лайық болу

2 Наурыз 2022, 19:42
2590
Бөлісу:
«Amanat» - бабалар аманатына лайық болу

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІІ съезі барысында партия атауы «Amanat» деп өзгергені белгілі. 

Партияны модернизациялау тұрғысында қабылданған алғашқы қадамдардың біріне қатысты ел алдында жүрген азаматтардың пікірін білген болатынбыз. 

«Қасиетті Қазақстан» ҒЗО басшысы, ҚР Ұлттық музейінің «Amanat» партиясы бастауыш бөлімі төрағасы Батырхан Жұмабаев жаңа Қазақстанды құруға бірінші қадам жасалды деп санайды. 

Тарихшы-этнолог есебінде айтар болсам, «Amanat» деген жақсы сөз. Ата-бабамызда алдыңғының соңғыға аманат қалдыратын дәстүрі болған. Қазақ халқы ондай аманатқа қиянат жасамаған. Бұл орайда маған партия мүшесі ретінде жаңа атауы көңілімнен шықты, өзгертілгені дұрыс деп есептеймін. Алғашқы қадам жасалды. Партияның саяси кеңесі құрамына жұмысын жақсы  білетін білімді, ұлтын сүйетін азаматтар қосылды, - деді ол. 

«Amanat» - бабалар аманатына лайық болу

Сондай-ақ тарихшы бабалар аманатына лайықты әрекеттер жасалатынына сенімді. 

 Партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың үніне құлақ асып, ата-бабаларымыздың аманатын арқалайтын саяси партия жасақтайды деп үміттенемін. Билік партиясы жаңа сапаға көшіп, халық мүддесі үшін  даңғыл жолмен жүруі тиіс. Міне, сол кезде еліміз-жеріміз атадан балаға аманат болады, ал біз үшін мемлекетімізді болашақ ұрпаққа Аманат етіп тапсыру маңызды, - деп атап өтті Батырхан Жұмабаев.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Медет Салықов та өз ойын ортаға салды. 

«Amanat» - бабалар аманатына лайық болу

Партия атауының «Amanat» деп өзгеруі көңілімнен шықты. Себебі бұл сөздің мәні тереңде жатыр. Халқымызда «Аманатқа қиянат жасалмайды» деген ұғым бар. Қазақстанның тағдыры әрқайсымызға аманат деп білемін. Сондықтан партияның осылай аталуы мен үшін жақсы жаңалық болды. Артқа қарап сабақ алып, алға қарай жылжығанымыз дұрыс. Жаңа Қазақстанды осылай бірге құрамыз, - деді ол.

Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының әншісі Андрей Трегубенко партия атауының ауысуына қатысты былай дейді. 

«Amanat» - бабалар аманатына лайық болу

Партияның атауын ауыстыру – керемет қадам. Алайда бұл жердегі ең маңызды нәрсе – атын ауыстыру емес. Күн тәртібіне халыққа жақын болу, әділдік, депутаттардың әрекеті, проблемаларды шешу үшін қандай іс-шаралардың қолданылуы сынды мәселелер қойылған.  Халық үшін жасалып жатқан бұл қадамдардың барлығын қолдайды. Егер айтылғандардың барлығы іс жүзінде жүзеге асырылса, еліміздің қоғамдық өмірі жаңа деңгейге көтеріледі деген сөз. Жалпы өз басым ел азаматы ретінде кез келген дамуды, алға жылжу мен ілгерілеуді қолдаймын, - деп ағынан жарылды ол.  

Өзгелердің жаңалығы