Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасымжомарт Тоқаев 2 сәуір күні әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы қаулыға қол қойған болатын.
Қазіргі күні еліміздің барлық аймақтарынан жастар, әскери міндеттілер, белсенділер аталған қаулыны қолдап, үн қосуда.
Соның бірі Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Амалбек Өміртай елімізде белең алып жатқан коронавирус індетінің таралуын тоқтату мақсатында шығарылған шешімнің өте маңызды екендігін айтып өтті.
Запастағы офицер ретінде әрдайым кез келген қиын сәтте ел қорғаны болуға дайын екенімді жеткізгім келеді. Қиын-қыстау кезеңде елімізге ер болып көмектеспесек, азаматтығымызға нұқсан келмей ме? Жекелей шақырту алмағаныммен шақырып жатса, ел үшін қызмет етуге дайынмын. Бұл міндетті әрі ел алдындағы борышым, - дейді ол.
Оның айтуынша, мұндағы негізгі мақсат – еліміздің амандығы.
Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, елі мен жері үшін қаншама батыр бабаларымыз қан кешіп, жанын қиды. Бұл әлемдік пандемия сұрапыл соғыспен салыстыруға келмегенімен, ер азамат ретінде ел үшін қандай жағдай туса да қызмет етуге дайын болуымыз қажет. Қорқыныш деген ерге жат қасиет. Дәл қазіргі жағдайда баршамызға бірлік пен сабыр, сақтық пен оқшаулану керек, - деді Амалбек Өміртай.