Амал мерекесі: Қазақстанда Көрісу күні аталып өтілуде

Бұл күн Шығыс халықтарының көне күнтізбесіне сәйкес хамал (амал) айының алғашқы күнімен байланыстырылады.

 ©BAQ.KZ Кеше 2026, 09:40
Кеше 2026, 09:40
266
Фото: ©BAQ.KZ

Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл мейрамды халық арасында Амал деп те атайды. Осы күні адамдар бұрынғы өкпе-ренішті ұмытып, бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық тілейді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Көрісу дәстүрі бойынша жасы кіші адам үлкендердің үйіне арнайы барып, қол алысып, құшақтасып шығады. Кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе көршілерге алдымен кіріп шығу жөн саналады.

Шығыс халықтарының көне күнтізбесінде жыл басы хамал (амал) айының алғашқы күнімен байланыстырылады. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген шақта осы шоқжұлдыз туады деген түсінік қалыптасқан.

«Наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұрын қазақ бұл мерекені «наурыз» емес, «амал» деп атаған. Мағынасы жағынан айырмашылығы жоқ деуге болады. Қазіргі күнтізбе бойынша бұл күн 14 наурызға сәйкес келеді.

Көріскен кезде адамдар бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп ізгі тілек айтады. Бұл күнге дейін әр шаңырақ үй ішін тазалап, ауласын ретке келтіреді.

14 наурыздың таңы атысымен ешкім ұйықтап жатпағаны жөн деп есептеледі. Әсіресе қариясы бар үйлер ерте тұрып, көрісуге келетін жандарды күтіп отырады. Әр үй дастарқанын жайып, бар дәм-тәттісін қойып, бауырсақ пен жеті шелпек пісіреді.

Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, дастарқан да жиналмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін барып көрісуге тырысады. Нағыз мерекелік көңіл күй осы уақыт аралығында ерекше сезіледі. Кешігіп қалғандар болса, кешке дейін көрісіп шығуына болады.

Көрісе келгендер, көбіне балалар, барған үйдің дастарқанынан дәм татып, ауыз тиіп кетеді. Бұл күні жұрт жаңа немесе таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, адамдар бір-бірімен табысып, жайдары жүзбен қарсы алады. Үй иесі келген қонақты қабақ шытпай қарсы алып, дастарқанға шақырады.

Егер біреуден қарыз алған болса, осы күнге дейін қайтарып беруге тырысады. Дәстүр бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіріп көріссе, әйелдер құшақтасып, беттен сүйіп амандасады. Ал келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісуіне болмайды деген ырым бар.

Бұл күні ешкімге ренжімей, көтеріңкі көңіл күйде жүрген дұрыс саналады. Көрісуге бармаған адамға «Көрісіп шықпады» деп өкпе айту қалыпты құбылыс. 

Наверх