Амал келді – жыл келді!

14 Наурыз 2023, 15:40
1292
Бөлісу:
Амал келді – жыл келді!
PHOTO
Фото: Серік Майемеров

Амал мерекесі немесе көрісуді маңғыстаулықтар айрықша атап өтіп жатыр. Бұл мейрамды көпшілік асыға күтіп, ұлттық киімдерін киіп, бар асылын тағынып, төс қағыстырып, құшақ жая көрісіп, сағына қауышып, емен-жарқын амандасады. Бұл – ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті, жазады Маңғыстаудағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл күн ағайын арасындағы түсінбеушілікті жойып, татуластырып, табыстырады. Арадағы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмыттырады. Тек бір-біріне жақсылылық тілеп, алғыс айтылады.

Амал келді – жыл келді!

Көрісуде ер мен әйелге шектеу қойылмайды. Ер адамдар қос қолын ұсынып көріссе, әйелдер жағы бір-біріне алақанын тосып, әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіреді. Ал атасы немесе қайынағалары келіндерімен қол алысып көрісуге болмайды. Жатжұрттық деп саналатын, ұзатылған қызға ағайын-тумасы үлкен болсын, кіші болсын артынан іздеп барып, арнайы көріскен.

Амал келді – жыл келді!

Бұл  – кіршіксіз көңіл мен аппақ тілектердің мерекесі. Қыс құрығы ажырап, жердің тоңы босап, мал төлдейтін табиғаттың көл-көсір мейрамы. 

Биыл дүбірлі мереке жылдағы дәстүрмен Қаратаудың ең биік шыңы –  Отпан тау баурайына өтті. Амал күніне қараған түні Бірлік оты жағылды. Елдің амандығы, жердің тыныштығы үшін тілек тілеп, дұға жасалды. 40-тан астам киіз үй тігілді.  Шараға 10 мыңға жуық адам қатысты. Биылғы шараны лайықты ұйымдастыру үшін жауапкершілікті Тобыш ата ұрпақтары қолға алған. 

Бұл мейрам бізге ата-бабамыздан мұра болып  жеткен. 14 наурыз - Амал мерекесі, жергілікті халық арасында Көрісу күні ерекше атап өтіледі. Өзімізге тапсырылған міндетті абыроймен, жақсы атқарудамыз деген сенімдемін. Ауылдың үлкен-кішісі осы мерекені абыроймен өткізу үшін айлап дайындалдық. Әр азаматқа өз міндеттері мен атқаратын шаруасын бөліп бердік. Көппен көрген ұлы той керемет өтіп жатыр,– дейді ұйымдастырушылардың бірі Қалнияз Оңдабай. 

Мерекелік шарада қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі арнайы келіп, өнер көрсетті. Бұдан бөлек, Астана қаласынан әнші Жеңіс Ысқақова, Қарақалпақстан елінің әншісі Жеңісбек Пиязов, Айгүл Қосановалар да өз өнерін паш етті.

Амал келді – жыл келді!

Шараны көру үшін Түркия, Әзірбайжан мен Өзбекстаннан, еліміздің өзге аймақтарынан арнайы қонақтар келіп, Амал тойының географиялық ауқымы да ұлғая түсті. 

«Амал – Алаш мейрамы» деген атаумен өтіп жатқан мәдени-көпшілік шара аясында Қарашаңырақ, Ақсарай ғимараттарында «Ұлыстың ұлы күні: тарихи тағылым мен жаңа көзқарастар» тақырыбында халықаралық конференция өтті. «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» танымал тұлғалар бүлдіршіндердің тұсауын кесті. 

Амал келді – жыл келді!

Шара аламан бәйгемен жалғасты. Қазақша күрес, аударыспақ, көкпар ұлттық спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Тазы жүгірту, бүркіт салу, қошқар көтеру сынды ойындарды көпшіліктің назарына ұсынды.  Сайыстар бойынша жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақылар берілді. 

Амал келді – жыл келді!

Мереке аясында Ақтауда Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі алаңында іс-шара өтті. 
Жыл өткен сайын Амал мерекесі елімізді қоныс еткен бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, ерекше мәнге ие болуда. Биыл Амал мерекесі халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. 

Амал келді – жыл келді!

Бұл мереке игілікке, бейбітшілікке, бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа шақырады. Мен Қазақстанға осы мейрамға келгеніме өте қуаныштымын.  Қол алысып амандасу, киіз үй тігіп, ақ дастархан басында жиылу өте керемет дәстүр, – дейді түркиялық ғалым, профессор Ахмет Ташғын.  

Өзгелердің жаңалығы