Бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осы орайда елордадан 30 минуттық жерде орналасқан Ақмол ауылында 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдеріне арнап ашылған «Алжир» музейіне бардық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Музейдің ішіне кірместен бұрын «Қасірет қақпасын» көруге болады. Бұл қақпа киелі жерге кірудің нышаны іспеттес. Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған әйелді бейнелейді. Қақпа ер адамның бас киімі - дулыға мен ақ кимешек тәрізді жасалған. Сол арқылы ер адамның күші мен әйелдердің пәктігі мен адалдығы бейнелеген. Ақ және қара түс халықтардың, діндердің, түрлі халықтар мәдениетінің бірлігі мен үйлесімін, сонымен қатар біздің өмірімізде жақсылық пен жамандықтың қатар жүретінін білдіреді. Қақпадан өтіп бара жатқанда бас ию қажет. Бұл қуғын-сүргін құрбандарына арналған тағзым.
Мұражай экспозициялары екі қабатқа қойылған. «Алаш» залының экспозициялары Қазақстанның Ресейдің патшалық империясы құрамына кірген кезден бастап Кеңестік кезеңді, 1937 жылдың жаппай қуғын-сүргінін көрсетеді. Сондай-ақ, алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин секілді зиялы қауым өкілдерінің тұтқындалғанға дейінгі және кейінгі фотосуреттерін көруге болады.
Екінші қабаттағы «АЛЖИР» залы лагердің тарихына арналған. Тұтқындардың арасында 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен жүкті әйелдер де болған. Экспонаттардың ішінен сол кезде лагерге баланы орап алып келген жөргекті көрдік.
Лагерге әйелдерді жұбайларыңмен кездесесіңдер деп алдап алып келеді. Жолға шығарда ең әдемі көйлектерін киіп, көптен күткен кездесуге дайындалған олар бірден түрмеге тап болады.
Сталиндік вагон аталып кеткен бұл вагон 1927 жылы Одесса қаласында жасалған. Вагонның негізгі мақсаты тұтқындарды тасуға арналған. Осындай вагондарда Кеңес Одағының тұтқындарын тасып, екі айдан артық жол жүрген. «Отанын сатқанның отбасы мүшесі ретінде»жазықсыз айыпталған «АЛЖИР» және басқа саяси тұтқындары «жылыжай» («теплушка»)деп атаған. Вагон екі қабатты сәкі-төсекпен жабдықталған. Жоғарғы жағында торланған екі терезесі бар. Вагонға 70-тен астам тұтқын сыйған.
Лагерь бірнеше саман барактан, төрт мұнара мен темір тордан тұрады. Тұтқындарға шағын ғана лагерь тым таршылық етеді. Сондықтан олар қатты боран мен дауылға, ыстық пен жаңбырға қарамай барактар салады. Сосын ағаштан сәкілер жасайды. Қыстың кезінде ол жерді жылыту үшін қамыс орып, отын ретінде пайдаланады. Қамыс тез жанып кететіндіктен кезекшілікте тұрғандар түні бойы үздіксіз қамысты пешке лақтырып тұрған. Алайда оның жылуы 6-8 градустан жоғары көтерілмеген.
Тұтқындарды арнайы қарауылдар кезекпен бақылап жүретін болған.
Әйелдер күндіз шарушылықпен айналысып, бау-бақша екті. Лагер айналасындда 400 түп алма ағашы егілген бақ болған. Еккен егіндерді әйелдерге жеуге қатаң түрде тыйым салынған. Түсте ауыр шаруамен айналысқан қыз-келіншектер, кешке бір шамның жарығымен тігін тіккен. Кейін ақталып шыққан соң көз көрулері нашар болғанын байқайды.
Дүниенің түкпір-түкпірінен айдалған әйелдердің арасында небір дарын иелері болған. Ақын, жазушымыз Бейімбет Майлиннің жұбайы Гүлжамал Майлина да осы лагерде болды.
Қайғы қасіретке толы Алжир лагері 1953 жылы наурыз айында Сталин қайтыс болған соң ғана толығымен жойылды.