Алтынсариндегі ауыл күні

29 Тамыз 2022, 22:05
2077
Бөлісу:
Алтынсариндегі ауыл күні
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай қаласының іргесінде орналасқан Алтынсарин ауылында тұңғыш рет ауыл күні аталып өтті, деп хабарлайды Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Даланың алып қоңырауы аталған қазақтың тұңғыш ұстазы Ы.Алтынсарин бабамыздың кіндік қаны тамған жері Қостанайдың іргесіндегі Тобыл өзенінің жағасы екенін баршамыз білеміз. Бұл күнде осы жерге жапсарлас қоныс тепкен шағын ауыл бар. Ол Алтынсарин ауылы деп аталады. Сол аядай ауылды мекен еткен екі жүзден астам түтін бүгін барша Қостанай жұртына бірілік пен ынтымақтың нағыз үлгісін көрсетті. Олай дейтініміз бұрын-соңды облыс аумағында өтпеген ауыл күнін белгілеп, барша сән салтанатымен атап өтті.

Алтынсариндегі ауыл күні

Ауыл тұрғындары бұл күнді жыл басында бекітіпті. Нақтырақ айтсақ, қаңтар айында Алтынсарин ауылында тұрғындардың бастамасымен өздерінің «Қоғамдық кеңесі» құрылған. Оған ауылдың аузы дуалы ақсақалдары, қалталы азаматтары, белсенді жастары мүше болып сайланған. Сол құрылған жергілікті «Қоғамдық кеңестің» мұрындық болуымен ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы да ерекше дүркіреп өтіпті. Енді міне араға бес ай салып ауылдастарына тағы да мерекелік көңіл күй сыйлап отыр.

Алтынсариндегі ауыл күні

Біз бұл күнді ел күні, ауыл күні деп атауды ұйғарып отырмыз. Осындай салтанатты шара ауылымыздың тарихында тұңғыш рет тойланып отыр. Бұл жердегі басты мақсат - ауыл халқының басын біріктіре отырып, ынтымаққа шақыру. Бір жағы мұны байырғы қазақтың ерулік дәстүрі десек те болады. Себебі, ауыл Қостанай мен Тобыл қалаларының жанында болғандықтан, соңғы жылдары көшіп келіп, қоныстанып жатқан тұрғындардың қатары көп. Соларды бір-бірімен араластыру. Осы арада бір шаңырақтың астында түтін түтетіп отырған сегіз диаспора мен өзіміздің қазақтар дастархан жайып, ауылдастарына дәм татқызуда , - дейді ауылдың «Қоғамдық кеңесінің» мүшесі Гүлжаухар Төлегенова.

Иә расында мереке барынша ұйымшылдықпен өткенін біз де аңғардық. Жоғарыда аталған  өзге сегіз ұлт өкілдері жергілікті қазақ ұлтына алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді. Солардың бірі – орыс диаспорасы. 

Алтынсариндегі ауыл күні

Біз орыс халқының өкілдері қазақтарға айтар алғысымыз шексіз. Сонау ХХ ғасырдағы зұлмат жылдары біріміздің ата-анамыз айдауда келсе, енді бірімізді еркімізден тыс қоныс аудартты. Қала берді тың игеру деп тағы жіберді. Сол кезде бізді аман сақтап қалған - қазақтардың қонақжайлығы мен кең пейілі. Осыны көре тұра біз де осындай мерекеден шет қалмадық, - дейді орыс диаспорасының атынан дастархан жайып қонақ күтіп жатқан Надежда.

Алтынсаринді мекендеп жатқан өзге диаспоралар тек қана дастархан ғана жайып қоймай, орысы, молдаваны, украины, немісі, әзербайжан, беларусы, қазағы болып бір сахнада өнер көрсетіп, ұлттық аспаптары мен билерін биледі.

Алтынсариндегі ауыл күні

Жыл басында ауыл тұрғындары жиналып, қоғамдық кеңес құрып, іс шаралардың кешенін бекіттік. Өздеріңіз көріп тұрғандай ауыл күні мерекесі жоғары дәрежеде өтті. Осы қоғамдық кеңестің күшімен ауылды мекен еткен ардагерлердің құрметіне ескеркіш орнаттық. Ауыл күнін біз әдейі еліміздің Ата заңы мерекесіне орай жоспарладық. Енді ауыл күні мерекесі дәстүрлі түрде өтіп тұратын болады. Бұл жұмыстардың барлығы жоғарыда аталған кеңестің күшімен өтіп жатыр. Қаражат жағына тоқталсам, осы кеңестің мүшелері өз шамалары келгенше ақша аударатын арнайы қор құрдық. Соған ай сайын ақша жинадық.  Оның сыртында диаспора өкілдері көмекке келді. Жергілікті кәсіпкерлер де қарап қалмай көмектерін берді. Оның сыртында ауыл дүкендеріне арнайы ақша жинайтын банкілер қойылды. Бұл жерде ауылдық және аудандық әкімдіктерден ешқандай көмек болмады. Бұл мерекені халық өзі ұйымдастырып отыр,- дейді ауылдық кеңестің төрағасы Ермек Жұбаныш.

Өзгелердің жаңалығы