Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында негізгі инфрақұрылымдық тораптарды жаңғырту жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алтынкөл станциясы мен Қорғас шекаралық өткелі халықаралық көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде экспорт-импорт және транзиттік жүк тасымалын қамтамасыз етеді. Қазіргі жаңғырту аясында 32 шақырымдық учаскеде екінші жолдар салынуда, 5 жаңа және 8 қолданыстағы айырық жаңартылуда. Бұл желінің өткізу қабілетін тәулігіне 18 жұп пойыздан 33 жұпқа дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Барлық жұмыстар 2026 жылға дейін аяқталуы жоспарланып отыр, бұл Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік рөлін күшейтіп, көлік-логистика жүйесінің тиімділігін арттырады.