Алматыда «Алтын қыран-2024» халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуының ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әзірбайжан Республикасының 50-ден астам әскери қызметшісі «Алтын қыран-2024» халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуына қатысу үшін Қазақстанға келді. Олар біздің десантшылармен бірлесіп, таулы жерлерде барлау міндеттерін орындайды.
Әзербайжандық әріптестерін Алматы әуежайында Райымбек батыр атындағы 38-ші десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері салтанатты түрде қарсы алды.
Қазақстан десанттық-шабуылдау әскерлері мен Әзербайжан Республикасының Арнайы мақсаттағы күштерінің бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы алғаш рет өткізіліп отыр. Онда Әзербайжан әскери қызметшілері қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда алған нақты жауынгерлік тәжірибелерін бөліспек.
Бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу кезінде біз барлау іс-қимылдарын жүргізу, таулы-шөлйіт жерлерде заңсыз қарулы құралымдарды іздеп тауып, көзін жою секілді жауынгерлік әлеуетті дамытуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тиіспіз. Біздің мақсатымыз – жауынгерлік достастықты нығайту, – деп атап өтті екі елдің әскери қызметшілеріне арнаған сөзінде штаб бастығы–Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Алмас Исабеков.
Ол сондай-ақ оқу-жаттығу бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын арттыру үшін Қарулы күштердің басқа әскери қызметшілерімен бөлісе аларлық тәжірибе алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Әзербайжан Республикасының әскери қызметшілері барлық қажетті қару-жарақпен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқу-жаттығудың жетекшісі Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің айтуынша, екі елдің әскери қызметшілер біріккен бөлімшелер құрамында барлау міндеттерін орындайтын болады.
Әскери қызметшілер ашылу салтанатынан кейін бірден оқу-жаттығу өткізілетін ауданға авткөлік техникасымен 300 шақырымдық марш жасап жетті. Онда ертеңнен бастап оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға кіріспек.
«Алтын қыран-2024» халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы 20-23 тамыз аралығында Жетісу облысының «Көктал» оқу полигонында өтеді. Оған екі елден үш жүзден астам әскери қызметші қатысады.