- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Алтын қалай өндіріледі? Карьерден дайын өнімге дейінгі жол
Алтын қалай өндіріледі? Карьерден дайын өнімге дейінгі жол
Ақсудың ішкі тынысы: жаңа кен орындар өңірді дамытуға қалай үлес қосып жатқанын материалымыздан толық оқи аласыздар.
Бүгiн 2026, 10:25
«Ақсу» тау-кен байыту комбинаты – Қазақстандағы алтын өндіру саласының тарихи әрі стратегиялық нысандарының бірі. Кәсіпорын тарихы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алады. 1954 жылы алғашқы алтын өндіру фабрикасы іске қосылып, ұзақ жылдар бойы кен өндіру жерасты шахталары арқылы жүргізілді.
BAQ.KZ тілшісі комбинаттың жұмысы жайлы білу үшін Ақсуға арнайы барды. Бұл кен орнын игеру құқығы «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамына тиесілі.

Айта кетейік, өндіріс аймағы Ақмола облысында, Степногорск қаласынан 23 шақырым жерде орналасқан.
Фабриканың тарихы тереңде жатыр, бірақ уақыт пен технология талаптары өндірісті жаңа кезеңге жетеледі. 2020 жылдан бастап «Ақсу» кен орнында ашық карьерлік әдіске көшу басталып, өндірісті цифрландыру мен ауқымды модернизация қолға алынды.

Өндірістің «жүрегі»: диспетчерлік басқару орталығы
Бүгінде карьердегі барлық жұмыс тәулік бойы цифрлық жүйе арқылы бақыланады. Бұл – өндірістің көзге көрінбейтін, бірақ ең маңызды бөлігі.

Бұл жер – біздің өндірістің көзі, жүрегі және миы. Біз қазір диспетчерлік басқару кабинетінде тұрмыз. Диспетчерлеріміз 24/7 режимінде жұмыс істейді. Карьердегі барлық процесс осы жерден бақыланады, – дейді «Ақсу» ТБК-ның бас кеншісі Қуаныш Құрмаш.
Диспетчерлік орталықта үлкен экран арқылы карьердегі техниканың нақты уақыттағы қозғалысы, қай экскаватор қай горизонтта жұмыс істеп жатқаны, тауарлы руда ма, әлде бос жыныс па, жанармай деңгейі, тәуліктік және айлық жоспардың орындалуы толық көрініп тұрады.

Бұл жүйе бос жынысты руда қоймасына немесе керісінше, руданы үйіндіге жіберуге жол бермейді. Машинист пен жүргізуші экраннан қай руданы, қай қоймаға апару керегін нақты көреді, – дейді бас кенші.
Бұл цифрлық жүйе 2022 жылдан бері қолданылып келеді және өндірістегі тәуекелдерді барынша азайтқан.
Біздің электрлі экскаваторлар қыстың қақаған аязында да тоқтаусыз жұмыс істейді, – дейді Қуаныш Құрмаш.
Жыл сайын карьерден 5-6 млн тонна тауарлы руда өндіріледі. Бос жыныс бөлек есепке алынады.
Алтын қалай өндіріледі? Карьерден дайын өнімге дейін



Алтын өндіру процесі карьерден басталады:
- Ұзақ және қысқа мерзімді жоспарлау;
- Бұрғылау және жару жұмыстары;
- Экскавация;
- Руданы сұрыптау (кедей, орташа, бай);
- Ұсату-сұрыптау кешені;
- Байыту фабрикалары (ЗИФ).

Бұрын барлығы қағазбен, қолмен белгіленетін. Қазір әр жүргізуші өзі қандай руданы тасып келе жатқанын экраннан көреді. Барлығы автоматтандырылған, – дейді бас кенші.

Модернизация: ескі фабрикадан жаңа өндіріс деңгейіне дейін
«Ақсу» ТБК-ның бас инженері Дархан Аманғалиев фабриканың өндіріс процесін толығырақ айтып берді.

Ескі фабрика 1951 жылы салынып, 1954 жылы іске қосылған. Ал 2020 жылдан бастап жаңа фабриканың құрылысы басталды. Бұл өндіріске түбегейлі өзгеріс әкелді, – дейді ол.

Модернизация нәтижесінде ұсату-сұрыптау кешенінің өнімділігі артып, «тар жерлер» жойылды және фабриканың тоқтап қалу қаупі азайды. Мұның бәрі кәсіпорынның жүйелі инвестициялық шешімдерінің арқасында жүзеге асты.
Қазір біз жылына шамамен 6 тоннаға жуық алтын өндіреміз. Бұл көрсеткіш модернизацияның тікелей нәтижесі, – дейді бас инженер.

Мысалы, үлкен фабрикада жылына шамамен 5 тонна алтын, ал кіші фабрикаларда тағы 1 тоннаға жуық.
Алтынның бастапқы тазалығы шамамен 99%. Кейін ол әрі қарай тазартуға жіберіледі. Одан кейін ресми нарыққа шығарылады.


Сапар барысында біз ерекше көрініс куәсі болдық – жұмысшылар алтынды балқытып, құйма құйып жатты. Құйылған құйманың салмағы шамамен 30 келі, ал оның бағасы қазіргі нарық бойынша 4 миллион теңге шамасында.
Жоғары жалақы, жайлы жатақхана: Қызметкерлерге қандай жағдай жасалған?
Қызметкерлеріміз – біздің басты байлығымыз. Бүгінгі таңда екі фабрикада шамамен 1500 адам еңбек етеді. Көпшілігі жергілікті тұрғындар, олардың арасында бұрын істеген жұмысшылардың ұрпақтары да бар. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге жағдай толық қамтамасыз етілген, – деп айтты Дархан Аманғалиев.
Орташа жалақы – 400 мың теңге, жыл сайын инфляцияға байланысты индексация жүргізіледі.

Сонымен қатар, жұмысшылардың демалысы, әлеуметтік пакеті және кәсіби дамуына да ерекше мән береміз. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге барлық жағдай жасалған, олар тек жұмыс орнында емес, тұрмыстық жайлылықпен де қамтамасыз етілген – деп атап өтті ол.
Дархан Аманғалиевтің айтуынша, қызметкерлердің 65-70 пайызы жергілікті тұрғындар.
«Ақсу-2» алтын өндіру фабрикасының бастығы Ерасыл Базардың сөзінше, фабрикада ұсатқыш, машинист, ұсақтауыш машинисі, алтын өндіру аппараты операторы сияқты мамандар жұмыс істейді. Зауыттың маңайында Заводской, Ақсу мен Бестөбе ауылдары және Степногорск қаласы орналасқан. Мамандар осы аймақтардан келіп жұмыс істейді.
Өндірістік алаң аумағында 600 адамға арналған вахталық қалашық салынған және барлық қажетті инфрақұрылыммен толық көркейтілген. Қалашықта спорт залы, жаттығу құралдары, жайлы асхана, кір жуатын орын және басқа да тұрмыстық нысандар бар.
Жұмыс вахталық әдіспен ұйымдастырылады. Негізгі жұмыс кестесі – 15/15 (15 күн жұмыс, 15 күн демалыс). Сонымен қатар 15/15 және 5/2 ауысымдық кестелері де қарастырылған.
Вахтада жұмыс істейтін қызметкерлерге жұмыс орнына дейін және кері қарай жеткізу толық ұйымдастырылған. Қызметкерлер күніне үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Вахталық қалашықта тұрмайтын жергілікті қызметкерлер үшін арнайы тасымал қарастырылған. Жұмысқа келген барлық қызметкер компания есебінен толық қамтамасыз етіледі.
Сынақ мерзімінен өткеннен кейін қызметкерге ерікті медициналық сақтандыру ұсынылады. Бұл сақтандыруға тағы отбасының үш мүшесін тегін қосуға болады.
Компанияның ұжымдық келісімшартында қосымша және әлеуметтік демалыстар, өтемақы және ынталандыру төлемдері, салалық марапаттарға ие болған қызметкерлерге сыйақылар, әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, зиянды және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге санаторий-курорттық емделуге берілетін жолдамалардың құны ішінара өтеледі, әрі балалардың сауықтыру лагерьлеріне берілетін жолдамалардың құны да жартылай өтеледі және басқа да әлеуметтік қолдаулар бар.
Сонымен қатар «Алтын Алмас» жергілікті инфрақұрылымды дамытуға да белсенді қатысып келеді. Соңғы жылдары Степногорск қаласында спорт кешенінің құрылысына бастамашы болды, Ақсу мен оған жақын елді мекендерде балалар ойын алаңдары салынды, бірқатар әлеуметтік және мәдени жобаға қолдау көрсетілді.

Компания өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік жобалар жергілікті әкімдікпен бірлесіп, өңірдің нақты қажеттіліктеріне қарай жүзеге асырылады. Бұл тек бүгінгі күннің мәселесін шешу емес, өңірдің ұзақмерзімді дамуына салынған инвестиция.
Осылайша Ақсудағы алтын өндірісі тек өнеркәсіптік жоба ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отырған маңызды тірекке айналып отыр.

Ең оқылған:
- Су тасқыны қаупі бар аумақтарға әуеден тексеру жүргізілді
- Сақтандыруға сенім артты ма? Нарық өсімі мен жаңа заң нені өзгертеді
- Қыс әлі қаһарында: Синоптиктер алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады
- Газ көрсеткішін енді AI-кеңесшіге жіберуге болады
- Перуде тікұшақ құлап, 15 адам мерт болды
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА