Иран төңірегіндегі тәуекелдер мен АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесіне көрсетіліп жатқан қысым аясында инвесторлар алтынға салымдарын күшейтті. Күміс те қымбаттап, тарихи ең жоғары деңгейіне жақындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Иран айналасындағы ахуалдың ушығуы және АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің тәуелсіздігіне қатысты алаңдаушылықтың артуы алтын бағасының күрт өсуіне себеп болды. Дүйсенбіге қараған түні, 12 қаңтарда алтынның бір трой унциясының бағасы 4600 долларға таяп, кейін төмендегенімен, таңғы саудада 4578 доллар деңгейінде қалды. Бұл алдыңғы жабылу бағасынан шамамен бір жарым пайызға жоғары.
Жыл басынан бері алтын шамамен алты пайызға қымбаттаған. Ал өткен жылы бұл металл ең сұранысқа ие активтердің біріне айналып, бағасы 65 пайызға өсті. Бұл — 1979 жылдан бергі ең жоғары өсім. Сол кезеңде күміс те айтарлықтай қымбаттап, шамамен 150 пайызға өскен.
Дүйсенбі күні күмістің бір унциясының бағасы тағы төрт жарым пайызға жуық өсіп, 83,45 долларға жетті. Бұл 2025 жылдың соңында тіркелген рекордтық деңгейден сәл ғана төмен.
Өсімнің себептері және ФРЖ-ның рөлі
Трейдерлер бағалы металдардың қымбаттауын ең алдымен Иран айналасындағы жағдаймен байланыстырады. Сонымен қатар сарапшылар инвесторлар арасында АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің тәуелсіздігіне деген сенімнің әлсіреп келе жатқанын атап өтті.
Бұл алаңдаушылық АҚШ президенті Дональд Трамп пен ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл арасындағы жанжал аясында күшейе түсті. Пауэлл өзіне қатысты басталған қылмыстық тергеу мен айып тағу қаупін қатты сынға алып, мұны Федрезервтің шешімдеріне ықпал етуге бағытталған әрекет деп атады.
Пауэллдің айтуынша, АҚШ Әділет министрлігі ФРЖ-ге Вашингтондағы орталық банк ғимараттарын көп жылға созылған қайта жөндеу жұмыстарына байланысты Сенаттағы тыңдауларда берген куәліктеріне қатысты шақыртулар жолдаған.
Алтын — "тыныш айлақ"
ФРЖ басшысы бұл айыптаулардың сылтау ретінде ғана қолданылып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, мәселе Федералдық резервтік жүйенің пайыздық мөлшерлемелерді саяси қысымсыз, нақты экономикалық жағдайға сүйене отырып белгілей алу-алмауына да байланысты.
Алтын инвесторлар үшін дәстүрлі түрде саяси және геосаяси тұрақсыздық кезеңінде «тыныш айлақ» саналады. Дағдарыстар мен қақтығыстар кезінде оған деген сұраныс, әдетте, арта түседі.
Күміс те тек инвестициялық құрал ғана емес, сонымен бірге маңызды өнеркәсіптік металл болып саналады. Ол жасанды интеллект, робототехника және энергетикаға қатысты технологияларда кеңінен қолданылатындықтан, бұл да күміске деген сұранысты қолдап отыр.