Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің 2017-2018 жылдардағы нәтижесі аясында жарық көрген жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиын барысында “Қазіргі қазақ сатирасы”, “Алашорда”, “Қашқын” және “Өмірдің өзі” атты кітаптар көпшіліктің назарына ұсынылды.«Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастыру коммитетінің директоры Кенже Жұман осымен 10 жыл ұйымдастырылып отырған байқаудың жылдан-жылға оқырмандарының да, қатысушыларының да көбейіп отырғанын айтады.
“Біз жыл сайын ең үздік деп танылған шығармаларды, олардың авторларын таныстыру мақсатында кітап шығаруды дәстүрге айналдырдық. Бүгін бірден төрт кітапты оқырман назарына ұсынып жатырмыз. Олардың ішінде роман, көркем әдебиет, сатира да бар. Биылғы қазақ сатирасы жеке жинақ болып шықты, сонымен қатар ол 18+ деген таңбамен шықты. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған оқырмандарға бағышталмаған әңгімелер де бар. Сондықтан осындай арнайы белгі соғып отырмыз”, - дейді К. Жұман.
Байқауға жіберілген шығарманың барлығы арнайы сайтқа орналастырылған. Оны кез-келген адам оқи алады. Сондай-ақ ол жерде оқырмандар өзіне ұнаған шығармаға дауыс бере алады екен.
“Жыл сайын байқауға мыңның үстінде шығарма келіп түседі. Ол орыс және қазақ тілінде жазылған шығармалар. Былтыр көрші сегіз елден шығармалар келді”, - дейді ұйымдастырушы.
Былтыр жылдың үздік романы аталымында жеңімпаз атанған Айдын Кәлімханның “Қашқын” шығармасы жеке кітап болып басылыпты. Сонымен қатар оған үздік проза аталымында жеңімпаз атанған Есболат Айдабосынның “Ит тірлік” атты әңгімесі енген.
“Негізі мен бір тақырыпқа кірген кезде бірнеше шығарманы алып шығатын әдетім бар. Бұған дейін жылқы туралы үш-төрт әңгіме жаздым. Одан кейін аңшылық туралы тақырыпта қалам тербедім. “Ит тірлікте” адам мен жануар арасындағы байланысты бергім келді. Адамдар, өзіміздің қызығымызға, құштарлығымызға бола қоршаған ортаға зиян тигізіп жатамыз. Әңгімеде сол көрініс табады. Аңға салатын тазы итін қожайыны тудырмай жүгіртеді. Тазы тумай кәртейіп өледі. Иттің наласы, қарғысы иесінің өзіне көрініп, шығарма соңында тұқымсыз қалады”, - дейді жазушы Е. Айдабосын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың 2019 жылғы жаңа маусымы наурыздың 15 басталған және қыркүйек айының 15 дейін шығармаларды қабылданды.
“Байқау бірнеше аталым бойынша өтеді. Жылдың үздік прозасы, үздік поэзия, балалар шығармасы дегендей, соның ішінде қазақтың үздік романы аталымына бас жүлде тігіп отырмыз. Жеңімпазға 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы береміз”, - дейді Кенже Жұман.