"Алтын адам" Анкарада

13 Қыркүйек 2019, 11:41
2418
Бөлісу:
"Алтын адам" Анкарада
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Түркия Республикасы Анкара қаласында Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты.

70302296_2267940066661094_2477061897648603136_n.jpg

Салтанатты жиынға ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Музейлер мен мәдени ескерткіштердің Бас директоры Гокхан Язгы, ТЮРКСОЙ Бас хатшысы Дюсен Касеинов қатысты.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды.   

70413471_2267940389994395_4093216996886315008_o.jpg

"Қазақстан әлемдік қауымдастықты өзіндік көшпелі өркениетімен және тарихымен ерекше қызықтырады. Қазіргі уақытта елімізде ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарамаларының аясында мәдениет пен өнер саласында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі және бірегейі өздеріңіз куә болып отырған "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық жобасы. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі жүзеге асырып отырған бұл жоба аясында Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған Алтын адам Еуропа, Азия және өзге де жиырмаға жуық мемлекеттің назарына ұсынылмақ. Түркия Республикасының Анкара қаласында ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрменің мақсаты Еуразияның ұлы дала белдеуінде ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейінгі қалыптасқан тарихи-мәдени бауырлас Түркия еліне таныстыру болып табылады", - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар А. Мұхамедиұлы көрмені ұйымдастыруға көмек көрсеткен Түркияның Мәдениет министрлігіне, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігіне, Халықаралық ТЮРКСОЙ ұжымына алғыс білдірді.

69741346_2267653376689763_333309962048503808_n.jpg

Анадолы өркениеттер музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.

69934601_2267940569994377_9197313868974522368_o.jpg

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 207 зат қойылды. Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлері туындыларының аз ғана бөлігі.

Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 2019 жылғы 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті.

Өзгелердің жаңалығы