Соңғы уақытта алтын бағасының қарқынды өсуі жаһандық қаржы нарығындағы басты тақырыптардың біріне айналды. Бұл үрдіске макроэкономикалық және геосаяси факторлар қатар әсер етіп отыр. Сейсенбі күнгі сауда барысында алтынның спот бағасы 0,7%-ға өсіп, бір унциясы 4473 долларға жетті. Ал бір күн бұрын бағалы металл соңғы бір айдағы ең жоғары өсім көрсетіп, жыл басынан бері шамамен 70%-ға қымбаттады. Бұл – 1979 жылдан бергі ең үздік жылдық динамика. Нарықтағы ахуалды BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.
ФРЖ саясаты және доллардың әлсіреуі
Экономист, R-Finance компаниясының қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, алтын бағасының өсуіне ең алдымен АҚШ-тың Федералды резерв жүйесіне қатысты нарықтық күтулер ықпал етіп отыр.
Нарық келесі жылы ФРЖ тарапынан ақша-несие саясаты жұмсарады деп болжап отыр. Яғни базалық мөлшерлеме кемінде екі рет төмендеуі мүмкін деген күту бар. Бұл доллардың әлсіреуіне әкеледі, ал доллар бағамы төмендеген сайын алтын қымбаттайды, – дейді сарапшы.
Доллардың әлсіреуі инвесторлар үшін алтынды тартымды активке айналдырады. Себебі алтын әдетте доллармен бағаланады және валютаның құнсыздануы оның бағасының өсуіне жол ашады.
Сауда шектеулері мен саяси тұрақсыздық факторы
Алтын бағасына тек монетарлық саясат емес, жаһандық саяси ахуал да әсер етуде. Сауда шектеулері, геосаяси белгісіздік және болашаққа деген сенімсіздік инвесторларды тәуекелден қашуға итермелейді. Арман Байғанов бұл жағдайды АҚШ-тың қазынашылық облигацияларының кірістілігімен байланыстырады.
Егер базалық мөлшерлеме төмендесе, АҚШ-тың қазынашылық облигацияларының табыстылығы да азаяды. Мұндай жағдайда халықаралық инвесторлар тәуекелдерін әртараптандыру үшін алтын сатып алуға бет бұрады, – дейді ол.
Алтын мен күміс: неге өсім әртүрлі?
Сарапшының сөзінше, бағалы металдар нарығында өсім біркелкі емес. Мәселен, жыл басынан бері алтын шамамен 68 пайызға қымбаттаған. Ал күміс бағасының өсімі одан да жоғары – 130–140 пайызға дейін жеткен.
Алтын – негізінен қорғаныш актив. Ол экономикада кең көлемде қолданылмайды. Ал күміс өндірісте, техникада, өнеркәсіп салаларында белсенді пайдаланылады. Сондықтан күміске сұраныс жоғарырақ, – деп атап өтті Арман Байғанов.
Осы себепті күміс, платина және басқа да өнеркәсіптік металдардың бағасы алтынға қарағанда жылдамырақ өсіп отыр.
Орталық банктердің белсенділігі
Алтын бағасының өсуіне ықпал еткен тағы бір маңызды фактор – орталық банктердің әрекеті. Соңғы уақытта АҚШ, Қытай секілді ірі экономикалардың орталық банктері, сондай-ақ Қазақстан да алтын қорын белсенді түрде ұлғайтып жатыр.
Қытай да, басқа да елдер алтынды қарқынды сатып алуда. Бұл – жаһандық тұрақсыздық пен сауда шектеулері жағдайында тәуекелді азайту үшін жасалып жатқан қадам, – дейді сарапшы.
Алтынды резервтік қорғаныш актив ретінде жинақтау үрдісі әлем бойынша күшейген. Бұл сұранысты арттырып, бағаның өсуін жеделдетіп отыр.
Алдағы кезеңге болжам: өсім бар, бірақ баяуырақ
Арман Байғановтың пайымдауынша, алтын бағасы күрт құлдырайды деу қиын. Алайда өсім қарқыны қазіргі деңгейден төмендеуі мүмкін.
Алтын – жинақ пен қорғаныш құралы, бірақ экономикада тікелей қолданылмайды. Сондықтан өсім сақталғанымен, биылғыдай қарқын болмауы ықтимал, – дейді экономист.
Соған қарамастан, базалық мөлшерлеме төмендей берген жағдайда алтын бағасының әрі қарай өсу ықтималдығы жоғары. Ал бір жыл ішінде 68 пайыздық өсім – соңғы жарты ғасырда сирек кездесетін құбылыс екенін сарапшы ерекше атап өтті.
Алтын – сенім азайған кезде таңдалатын актив
"NAC Analytica" ҚҚ басқарма төрағасы, экономист, қаржыгер Расул Рысмамбетов алтынға деген сұраныстың артуын бірнеше маңызды фактормен байланыстырады.
Сарапшының айтуынша, алтын – шартты түрде айтқанда, сақтандырушы әрі тұрақты актив. Оның басты ерекшелігі – алтынның қағаз ақшадан әлдеқайда бұрын пайда болуы.
Инвесторлар доллар, еуро, швейцар франкі немесе теңгеге сенімсіздік таныта бастағанда, адамдар алтын сатып алуға көшеді, – дейді Расул Рысмамбетов.
Нақтырақ айтқанда, қаржы нарығында белгісіздік күшейген сайын, алтынға деген қызығушылық арта түседі. Бұл – тарихи тұрғыдан қалыптасқан заңдылық.
Тарифтік соғыс пен доллардан кету үрдісі
Алтын бағасының өсуі АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған тарифтік соғыс кезеңінде ерекше байқалды. Сол уақытта доллардың болашағына қатысты күмән күшейіп, инвесторлар тәуекелді активтерден бас тарта бастады.
Сол кезеңде доллардың болашағына қатысты үлкен белгісіздік болды. Соның салдарынан инвесторлар доллардан шығып, алтынға бет бұрды, – деп түсіндіреді сарапшы.
Нәтижесінде алтынның құны айтарлықтай өсті. Алайда АҚШ әкімшілігінің кейінгі қадамдары нарықты толықтай тыныштандырды деу қиын.
Алтынға сұраныс неге әлі де сақталып отыр?
Расул Рысмамбетовтің пайымдауынша, АҚШ-та, Еуропалық одақта және басқа да аймақтарда саясаттың болжап болмайтын сипаты сақталып отыр. Бұл жағдай инвесторларды қауіпсіз активтерге қайта-қайта оралуға мәжбүрлейді.
Алдағы алты ай ішінде алтын бағасының әлі де өскенін көреміз деп ойлаймын. Себебі саясат қаншалықты тұрақсыз болса, инвесторлар соншалықты алтынға көп бет бұрады, – дейді қаржыгер.
Пайымдауынша, алтын қазіргі жағдайда тек инвестиция құралы ғана емес, тәуекелден қорғану тәсіліне айналып отыр.
Күміс – "кедейлердің алтыны" ма?
Алтыннан кейінгі екінші сұранысқа ие металл – күміс. Сарапшының мәлімдеуінше, нарықта күмісті кейде "кедейлердің алтыны" деп те атайды. Себебі алтын тым қымбаттап кеткен жағдайда инвесторлар балама ретінде күміске назар аударады.
Ал троя унциясы 5 мың долларға жетеді деген болжамға келсек, мен оған күмәнмен қараймын. Белгілі бір кезеңде өсім тоқтауы мүмкін, өйткені алтын қазірдің өзінде тым қымбат, – дейді Расул Рысмамбетов.
Осы себепті нарықта капиталдың біртіндеп күміске ауысу үрдісі күшеюі ықтимал.
Қазақстан үшін мүмкіндік қайда?
Сарапшы атап өткен тағы бір маңызды жайт – Қазақстанның күміс өндірісіндегі орны. Ел күмісті ірі көлемде өндіретін мемлекеттердің қатарына кіреді.
Қазақстан күмісті ірі көлемде өндіретін елдердің бірі. Ал "Қазцинк" компаниясы, нақтырақ айтқанда, "Glencore" тобы Қазақстандағы ең ірі күміс өндірушілердің қатарында, – дейді экономист.
Бұл фактор Қазақстан үшін жаһандық металл нарығындағы өзгерістерден экономикалық пайда табуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Алтын мен күміске қатысты қазіргі үрдістер – жаһандық қаржы жүйесіндегі тұрақсыздықтың айқын белгісі. Инвесторлар үшін алтын әлі де басты қорғаныш актив болып қала берсе, күміс оның баламасына айналып келеді. Ал Қазақстан үшін бұл жағдай тек тәуекел емес, сонымен қатар жаңа экономикалық мүмкіндік те бола алады.