Алты күнде Павлодар облысына 13 мыңнан астам ресейлік келген

28 Қыркүйек 2022, 12:14
1223
Бөлісу:
Алты күнде Павлодар облысына 13 мыңнан астам ресейлік келген
Фото: автордан

Соңғы күндері Павлодар облысының шекарасын 13 мыңнан астам Ресей азаматы кесіп өткен, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Олег Круктің айтуынша, көрші елден келгендер саны күрт артқандықтан, жергілікті қонақүйлердің жүктемесі арта түскен.

Шетелдіктердің келу қарқыны артады деп күтпедік. Бүгінгі таңда ресми тіркелген қонақүйлер 98%-ға толық. Ал хостелдерде орын жеткілікті. Қазіргі уақытта 30%-ы бос. Бұл статистикалық деректер қоңырау шалу негізінде анықталды, – дейді Олег Крук.

Бүгінгі таңда мигранттардың легіне байланысты полиция департаменті де жұмысын күшейтті. Мамандардың айтуынша, осы жайт өңірдің крименогендік жағдайына әсер ете қойған жоқ. Осы күнге дейін әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар тіркелген жоқ. Алайда, көші-қон полициясының көмегіне жүгінгендердің саны арта түсті. Осыған байланысты азаматтарды қабылдауға арналған қосымша үш орын жасақталды.

Облыс бойынша оперативтік жағдай тұрақты. Облыс аумағында 83 қонақүй мен 1226 жалдамалы пәтер бар. Шетелдіктерге баспананы жалдауға беретін заңды тұлғалар өзге ел азаматтарының келуіне байланысты мемлекеттік органдарды үш күннің ішінде ескерту қажет.  Егер шетелдіктер тіркелмесе, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Көші-қон органдарында әдетте күніне 9-15 адам келіп, тіркелетін. Бүгінгі таңда 80 адамға жетті. Бірақ, ұзын-сонар кезек байқалмайды, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Аймақтағы халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы жағдайда да өзгерді. Шетелдіктердің көбі ЖСН номерін алуға келеді. Үстіміздегі жылдың 21-26 қыркүйек аралығында мыңға жуық азамат ЖСН алуға өтініш қалдырды. Кезекті азайту үшін резидент емес мәртебесі бар шетелдіктерге қызмет көрсету үшін жеті терезе қосымша ашылды. Сала мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта кезек төмендеді. Жағдай тұрақталды.

Өзгелердің жаңалығы