Алты баланың өліміне себеп болған батут апатына байланысты айыпталған кәсіпкер ақталып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі independent-ке сілтеме жасап.
2025 жылғы маусымда Тасмания соты Taz-Zorb компаниясының иесі Розмари Гэмблді батут апатына байланысты еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу айыбынан толық ақтап шықты.
Қайғылы оқиға 2021 жылдың 16 желтоқсанында Аустралиядағы бастауыш мектептердің бірінде болған. Далада шаңды дауыл тұрып, үрлемелі батутты көкке көтеріп, ұшырып жіберген. Батут шамамен 10 метр биіктікке көтеріліп, 75 метр қашықтыққа ұшып барып балалардың үстіне құлаған. Оқиға салдарынан алты бала қаза тауып, тағы үш бала ауыр жарақат алған.
Апаттан кейін қауіпсіздік ережелерін бұзды деген айыппен батут иесі жауапқа тартылған. Оған батутты дұрыс бекітпеді деген айып тағылған. Тергеу барысында батутты өндіруші ұсынған сегіз бекіту нүктесінің тек төртеуі ғана пайдаланылғаны және бекіткіштердің әлсіз болғаны анықталды. Сонымен қатар, қызметкерлерге қажетті нұсқаулықтар берілмеген.
Алайда судья бұл кемшіліктердің балалардың өліміне тікелей себеп болмағанын атады. Сонымен қатар оқиғаны алдын ала болжау мүмкін емес табиғи апат деп бағалады.
Сот шешімі қайтыс болған балалардың туыстарының ашу-ызасын туғызды. Олар әділдікке жету үшін күресті жалғастыратынын мәлімдеді.