«Алты айда 1200 орындық мектеп салынды»: Теренченко мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігін атады

28 Қазан 2026, 17:01
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 28 Қазан 2026, 17:01
28 Қазан 2026, 17:01
187
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Құрылтай депутаты Илья Теренченко мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында әлеуметтік нысандар салу кәсіпкерлерге де, мемлекетке де тиімді екенін айтты. Оның сөзінше, Павлодар облысында небәрі алты айда 1200 оқушыға арналған заманауи мектеп салынған. Депутат бұл жобаны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен мемлекет қолдауының нәтижесі ретінде бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Илья Теренченконың айтуынша, мемлекет кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға ұмтылып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы салықты уақытылы төлеп, заң талаптарын сақтайтын адал кәсіпкерлерді қолдаудың маңызын атап өткен.

Павлодар облысында жақсы мысалдар бар. Кеше ғана нақты бір жобаның нәтижесін көрдік. Алты айдың ішінде 1200 орындық мектеп салынды. Оның барлық инфрақұрылымы, спорт алаңдары, жиһазы мен қажетті жабдықтары бар. Бұл – заманауи мектеп, – деді депутат.

Оның айтуынша, нысан Павлодар қаласындағы жаңа шағынауданда орналасқан. Бұл аумақта инфрақұрылым дамып, тұрғындар қоныстанып жатыр.
Депутат МЖӘ тетігі бойынша кәсіпкер әлеуметтік нысанның құрылысына өз қаражатын салып, нысанды кейін мемлекетке өткізетінін атап өтті. Мұндай тәсіл кәсіпкердің құрылыс сапасына жауапкершілігін арттырады деп санайды.

Кәсіпкер нысанның құрылысына өз қаражатын салады. Мемлекет кейін оны сатып алғанда, бұл кәсіпкер үшін кепілді төлем мен әлеуметтік салаға қатысу мүмкіндігін береді. Ең бастысы – сапа. Кәсіпкер нысанды өзі салып, кейін мемлекетке тапсыратындықтан, оның сапасына да жауап береді, – деді Илья Теренченко.

Депутаттың пікірінше, мемлекет пен жеке бизнес арасындағы жүйелі әріптестік әлеуметтік нысандардың құрылысын дамытуға және кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ Илья Теренченко Президенттің алдағы үш жылда тұрақты энергетикалық профицитке қол жеткізу жөніндегі тапсырмасына пікір білдірді.
Депутат Қазақстанның энергетика саласында әлеуеті жоғары екенін айтып, электр станциялары мен энергия өндіретін кәсіпорындардың құрылысын жүйелі ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.

Еліміздің әлеуеті зор. Президент энергетика саласында жүйелі жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті. Электр станциялары мен энергия өндіретін кәсіпорындарды салу кезінде күрделі мәселелерге жол бермеу керек. Энергетикалық профицитке қол жеткізу – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұл осы салада еңбек ететін мамандарға тікелей байланысты. Осы бағытта Мемлекет басшысы министрлікке тапсырма берді, – деді депутат.

Наверх