ШҚО. Алтай қаласының көпбалалы отбасылары баспаналы болды

8 Маусым 2019, 14:31
2207
Бөлісу:
ШҚО. Алтай қаласының көпбалалы отбасылары баспаналы болды

Шығыс Қазақстан облысы,  BAQ.KZ тілшісі. Бүгін жұмыс сапарымен Алтай қаласына барған облыс әкімі Даниал Ахметов көпбалалы отбасыларға пәтер кілттерін табыс етті.

Бүгін Алтай қаласындағы 18 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Қаланың 10-шы шағын ауданындағы Рудная көшесінде жаңадан бой көтерген 60 пәтерлік тұрғын үйдің бір подъезіне қоныстанған отбасылардың қуанышында шек жоқ.

"Көпбалалы аналар біздің көз қуанышымыз, болашағымыз. Бүгінгі берілген баспана құтты болып, бақтарыңызды, қуаныштарыңызды еселей берсін", - деді Даниал Ахметов пәтер кілттерін табыстау шарасы барысында.

Бір подъезден екі және үш бөлмелі пәтер кілттерін алған көпбалалы аналар да өз тараптарынан алғыстарын аямады.

"Мен бұл күнді 10 жыл күттім. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып келдік. Бүгін арманымыз орындалып, баспаналы болдық. Балаларымның қуанышында шек жоқ. Өңір басшылығына айтар алғысымыз шексіз", - деді алты баланың анасы Өрік Шаймарданова.

Қоса кетсек, Алтай қаласында жаңадан салынған 60 пәтерлік тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған болатын. Қазіргі уақытта аталған үйдің инфрақұрылым жүйелерін тарту және маңайын абаттандыру жұмыстары аяқталуда.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін өңірде тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлініп жатқаны және жыл соңына дейін 284 азқамтылған көпбалалы отбасыға пәтер берілетіні жайында жазған болатынбыз. Қазіргі уақытта облысымызда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне 10,5 мың азамат тіркелсе, олардың 371-і көпбалалы отбасылар. Соңғы үш жыл көлемінде өңірде тұрғын үй құрылысын жүргізу қарқын алғаны белгілі. Бүгінде құрылысы жүріп жатқан жалдамалы 14 көппәтерлі тұрғын үйдегі 786 пәтер тұрғындардың әлеуметтік жағынан азқамтылған санаттарына арналған.

Өзгелердің жаңалығы