Желіде Қырғызстанда Жеңіс шыңының етегінде апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағының бейнекадрлары жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Vesti.kg-ке сілтеме жасап.
Дрон арқылы түсірілген кадрларда әуе көлігінің қону кезіндегі жағдайы көрсетілген.
Қорғаныс министрлігіне тиесілі тікұшақ 16 тамыз күні альпинистерден түскен дабыл бойынша Оңтүстік Энильчекке ұшып шыққан. Бортта экипаж мүшелері мен құтқару операциясына қатысқан тау құтқарушылары болған.
Министрлік дерегінше, қону биік таулы аймақта, қолайсыз ауа райы жағдайында жүзеге асқан. Нәтижесінде теңіз деңгейінен 4600 метр биіктікте, «Дикий» асуы маңында тікұшақ қатты қонуға мәжбүр болған. Борттағы барлық адам тірі қалғанымен, бірнеше жолаушы түрлі деңгейде жарақат алған. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ деп отыр.
Зардап шеккендерді эвакуациялау үшін оқиға орнына екінші тікұшақ жіберілген.
Айта кетейік, осы жылдың тамыз айында Жеңіс шыңында бес альпинист қаза тапқан болатын: екеуі — Ираннан, екеуі — Ресейден және біреуі — Италиядан.
Жеңіс шыңының биіктігі 7 439 метр. Ол әлемдегі ең қауіпті әрі ең қиын он шыңның қатарына кіреді. Әртүрлі жылдары мұнда шамамен 80 альпинист мерт болған, олардың денелері төменге түсірілмеген.