Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Алматы» телеарнасы 2019 жылдың 11 сәуірінен бастап «Әкіммен ашық әңгіме» атты жобаны іске қосады. Бағдарлама әрбір бейсенбі сайтын жергілікті сағат 19:30-да тікелей эфирге шығады. Ұзақтығы — 30 минут.
Жоба аясында Алматы қаласы аудандарының әкімдері кезекпен - тұрғындардың өздері жауапты аумаққа байланысты сұрақтарына жауап береді. Алғашқы шығарылым Алатау ауданының әкімінің қатысуымен болмақ. Әрі қарай, әр бейсенбі сайын мегаполистің келесі әкімі сауалдарға жауап беріп отырады. Нәтижесінде, Алматы қаласының 8 әкімінің әрқайсы бағдарламаға екі айда бір рет қатысады.
Әкімге сұрақ қою үшін - www.almaty.tv сайтына кіріп, «Әкіммен ашық әңгіме» («Открытый разговор с акимом») бөліміне өту керек. Қолданушылардың дауыс беру нәтижесінде тікелей эфирде жауап алуға өзекті бес сұрақ таңдалады. Қалған сұрақтар сәйкесінше аудандардың әкімдіктеріне жіберіледі. Оларға 10 күн ішінде жауап беріледі.
Сонымен бірге, тікелей эфир кезінде әкімге +7 777 046 33 33 whatsapp-нөміріне немесе 8 (727) 334 00 24 нөмірге сауал жолдауға болады.
«Алматы» телеарнасының журналистері эфирде әкімге тұрғындарды мазалайтын өзекті сұрақтар ғана қойылады деп отыр. Сауалдар тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, нашар жолдар, әлеуметтік проблемалар айналасында. Ескерте кететін жәйт: сұрақ нақты аудан әкімінің құзырында болуы тиіс. Ендеше, 11 сәуірге дейін Алматы қаласының Алатау ауданының тұрғындары белсендік танытуы керек.
Билік пен халық диалогының тиімін көбейту қажеттігін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. «Алматы» телеарнасының жаңа жобасы осы мәселені шешуге бағытталған.
«Бастысы - жұртшылықтың белсенді болып, сұрақ қойғаны. Телеарна журналистері бұған барлық жағдайды жасауға тырысады. Әкімнің тұрғындармен өзекті мәселелерге байланысты тұрақты сұхбаты көрермендерге қызық болады әрі арнамыздың рейтингін көтереді деп күтеміз» - дейді «Алматы» телеарнасының бас директоры Болат Кальянбеков.