Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда екінші жыл қатарынан дәрігерлер бейне және аудио байланыс арқылы үйде COVID-19 емделіп жатқандардың жағдайын бақылайды. Алматы қаласының Телемедицина орталығы басшысының міндетін атқарушы Жұлдыз Бауыржанқызы онлайн брифингте әріптестерінің жұмысы туралы баяндады.
Алматы Телемедицина орталығының дәрігерлері күн сайын мегаполис тұрғындарынан 5 мыңға жуық қоңырау қабылдайды және емделіп жатқан алматылықтардың нөміріне 57 мыңға жуық шығыс қоңырау жасайды. Жұлдыз Бауыржанқызының айтуынша, олар тәулік бойы жұмыс істейді және пациенттермен бейне және аудио байланыс арқылы байланысады.
Алматының Телемедицина орталығы өткен жылдың қыркүйегінде Орталық қалалық клиникалық ауруханасының базасында құрылды. Бүгінде дәрігерлер орта есеппен күн сайын бес мыңға жуық қашықтан консультация жүргізеді,тәулігіне екі рет - таңертең және кешке хабарласамыз. Егер сырқаттанған адамда симптомдар анықталса, мамандар оны тексереді немесе ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдайды. Телемедицина екі негізгі міндетті шешуге мүмкіндік берді: науқастың жағдайы үнемі бақыланады, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктемені түсірмейді, - дейді дәрігер.
Қажетті тексерулерді жүргізгеннен кейін жедел жәрдем дәрігерлері немесе емханалар науқасты госпитализациялау немесе үйде емдеу туралы шешім қабылдайды. Егер науқас COVID-19-бен сырқаттанса, онда телемедицина орталығы мен емхана дәрігерлерінің бақылауында болады. Егер денсаулығы нашарласа, дәрігер науқасты үйде жеке тексереді немесе жедел медициналық көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, орталық дәрігерлері екпе алған қалалықтардың денсаулығын бақылайды. Ол Алматыдағы Телемедицина орталығының телефон нөмірлерін еске салды: ұялы телефоннан 1312 және қалалық нөмірлерден 300-05-05.
Еске салсақ, бүгінде Алматыда Телемедицина орталығы мамандарының бақылауында 13 134 науқас бар, олардың 41-і стационардан кейінгілер. Барлығы 78 469 КВИ індеті жаңа анықталған науқастар бақылауға алынды, оның ішінде 3 348-і стационардан шыққандар.
Күніне 4 720-дан астам шығыс және кіріс қоңыраулар өңделеді, қазіргі уақытта орталық 81 375 кіріс және 609 920 шығыс қоңырауларға қызмет көрсетті.
Жұлдыз Бауыржанқызы Алматының Телемедицина орталығының жүктемесі өткен аймен салыстырғанда 3-4 есеге артқанын айтты. Егер маусым айында шамамен 3 021 кіріс және 53 196 шығыс қоңырау тіркелсе, ал 1-16 тамыз аралығында 14 262 кіріс, 56 733 шығыс қоңыраулар тіркелді.
Спикер кеңесті түрлі профильдегі дәрігерлер жүргізетінін айтты. Олардың ішінде: жалпы тәжірибе дәрігері, инфекционист, терапевттер, кардиологтар, гинекологтар, реаниматологтар және басқалары бар. Қазіргі уақытта Телемедицина орталығында 76 қызметкер ауысыммен жұмыс жасауда.